23 Қыркүйек 2013, 03:48
Осы қантөгістен кейін Даман аралына қарай қосымша күштер шоғырландырыла бастады. Оған Забайкал әскери округінің бөлімшелері жұмылдырылды. Солардың арасында біздің кейіпкеріміз, осы округке қарасты зымыран әскерінде борышын өтеген Дүйсенғали Қалдыбай да бар еді. Әлгі қиян-кескі ұрыс болған кезде Қытаймен шекара жаққа қалай тап болғанын оның өз сөзімен баяндаймыз.
– 1968 жылдың қараша айында сол кездегі Семей облысының Аягөз ауданынан 20-30 бала әскери борышымызды өтеуге аттанған едік. Облыс орталығынан бізді жан-жаққа бөліп жіберді. Керейбай Мұхамедиев, Серікхан Мұсабеков және мен – үшеуміз Забайкал әскери округінің зымыран әскерінен бір-ақ шықтық. Мұнда бәрі құпия сақталады екен. Біз зымырандарды күзеттік. Ол жерде қызмет еткен, тіпті кіріп-шыққан адамдардың өздерінен «Осы көргенім туралы 25 бойы тіс жармаймын» деген тілхат жаздырып алады. Алда-жалда аңдамай аузыңнан шығып кетсе, басың кетеді. Сол жерде бірнеше ай жүргеннен кейін қытайлар шекараға басып кірді деген суық хабар жетті. Сөйтіп, 1969 жылдың 4 наурызында біздің полктен 30 шақты сарбазды алып кетті. Олардың арасында мен және жаңағы айтқан екі жерлесім де бар. Соғыс болған жер аталған округке қарайтын. Жалпы, шекараға жақын маңға 7000 жауынгерді топтастырыпты. Естуімізше, сол кезде Қытай да 5000 сарбазын сақадай сай етіп қойған. Соғыс ушыққан жағдайда бәріміз шекара жаққа қарай лап қоймақпыз. Бес қаруымызды сайлап, соған дайын отырдық. Уссури орманы ішіндегі Уссури өзенінің бойында тігілген шатырларда тұрамыз. Көктемнің басы болғанымен, орыстың аязы бетіңді қариды, қары да қалың. Керейбай, Серікхан үшеуміз бір шатырдағы екі сатылы төсекте жаттық. Ортадағы темір пеш күндіз-түні жанып тұрады. Жауынгерлер екі кісілік арамен ағаш кесіп, отын дайындаймыз. Таң ата әскери дайындық жасатады. Түнде киімімізді шешпестен, үстімізге жамылғыны жабамыз да, ұйқыға кетеміз. Киімді шешкізбейтін себебі – аяқ астынан дабыл қағылса, дайын жатсын дегендері болуы керек. Бірақ, құдай сақтап, біз қырғын соғысқа қатысқан жоқпыз. Екі жақ өзара келісімге келді деп естідік. Содан жан-жақтан шоғырланған әскерді наурыздың 24-інен тарата бастады. Біз 28-іне қайттық. Бізден кейін де 2000 жауынгер қалып, олар екі айдан кейін жіберіліпті.
Дүйсенғали аға сол аязды күндері өкпесіне суық тигізіп алыпты. Сөйтіп, Читадағы госпитальде 7 ай жатып шыққан. Бүгінде жасы 63-ке жеткен ардагер төрт ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірді. Қазір Алматыда тұрады. Немере сүйіп отыр. Тіпті немерелерінің алды жақында тұрмыс құрды. Ал кенже ұлы Дастан Қалдыбаев – елге танымал комедия актері, әйгілі Көңілді тапқырлар клубының мүшесі.
Жаңа өз сөзінде айтқан екі жерлесі де қазір Алматыда тұрады. Отбасыларымен араласады екен. Кезінде бір-бірінен көз жазып қалған қаруластар 2000 жылы «Бармысың, бауырым?» хабары арқылы табысыпты.
Қытай мәселесі әлі қиын
Даман аралында 1969 жылғы наурыздың 14-і мен 15-інде тағы да қиян-кескі ұрыс болған. Ол да көп ұзамай басылды. Дайын жатқан мыңдаған әскер бұл жолы да соғыс алаңына кіргізілмеді. Жалпы, осы қақтығыстар кезінде Кеңес әскері жағынан 58 адам қаза тауып, 94-і жараланған. Ал Қытай тарапындағы адам шығыны, кей мәліметтерге қарағанда, мыңдап саналады. Бірақ бұл тұрғыда нақты дерек әлі күнге дейін ашып айтылған емес.
Қытайлар бұл аралды Женбаодао деп атайды екен. Қазақша мағынасы – «асыл арал». Аспан асты елі сол «асылын» ақыры алып тынды. 1969 жылдың күзінде екі жақ келіссөз жүргізіп, кеңес-қытай шекарасы мәселесін қайта қарау жөніндегі келісімге қол жеткізген еді. Одан кейін Бейжің мен Мәскеуде талай кездесулер өтті. Ал 1991 жылы Даман ҚХР-ға басы бүтін берілді.
Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы жер дауына байланысты болған қақтығыс бұл ғана емес-ті. Дәл сол 69 жылдың 13 тамызында Жалаңашкөл оқиғасы бұрқ ете қалды. Ол кезде де көлге жақын шекара заставалары маңына Қытай жауынгерлерінің шоғырланып жатқаны байқалған. Шығыс округі шекара әскерінің басшысы олармен келіссөз жүргізбек болған. Бірақ Қытай жағы сөзге тоқтамапты. Қарулы қақтығыс кезінде Кеңес әскері 12 адамынан, көршілер 19 адамынан айырылды деген дерек бар. Осы жылы 11 қыркүйекте КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы Алексей Косыгин мен ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері Жоу Енлай жауласпау және әскердің алған орнында қалатыны туралы келісімге келген.
Осы сияқты қақтығыстардың бәрі жалпақ жұртқа көп уақытқа дейін беймәлім болып келді. Ал бұл айқастардың жер дауынан туындағаны мәлім. Бұл тұрғыда Қытай әлі күнге дейін жан-жағындағы кейбір елдермен толық келісімге келген жоқ. Яғни мәселе әлі де қиын. Кезінде Даман сияқты шөкімдей ғана жер үшін жан беріп, жан алысқан Қытай өзінікі санайтын басқа аумақтарға да өзгенің ауыз салуына оңайлықпен жол бере қоймас.
Оразәлі БАЙМҰРАТ