20 Қыркүйек 2013, 12:31
ХIХ ғасырда Мотоно әулетi негiзiн қалаған «Йомиури» басылымы о баста зиялы қауымға арналған екен. Газеттi таратушылар Токио көшелерiнде ең қызықты деген мақалаларды мәнерлеп оқи жүрiп сатқан деседi. Алғашында оқырмандарды осындай әдiспен тартқан газет «Йомиури», яғни «оқи жүрiп сату» деген атауға ие болады. 1874 жылы Токиода шыға бастаған газет редакциясының бөлiмшелерi 1952 жылы Осака қаласында, 1964 жылы Китакюсюде ашылады. Солтүстiктегi Саппоро шаһарында 1959 жылдан бастап шықса, екi жылдан кейiн Такаокэге таралады.
Газеттiң бастапқы иесi Мотоно әулетiнен басылымды Т.Мацуяма деген журналист сатып алғанмен, 1923 жылғы жойқын жер сiлкiнiсiнен соң газет жабылып қалады. Т.Мацуяма «Йомиуридi» алғаш сұраған адамға беруге мәжбүр болады. Шйорики Мацутаро есiмдi газет жанашыры Мацуямаға 100 мың иен төлеп, құрылтайшылық құқығына ие болады.
Шйорики Мацутаро — тек «Йомиури» ғана емес, жалпы жапон журналистикасы тарихындағы айрықша тұлға. «Йомиуридi» құрдымға кетуден сақтап қалған ол, басылымның ауқымын кеңейтiп, жалпыұлттық газет деңгейiне көтердi. Мацутаро газет президентi ретiнде редакторларға да, журналистерге де аса қатал қараған деседi. Газет тiлшiлерi редакцияның кiреберiсiндегi дәптерге келген-кеткен уақытын күн сайын тiркеп, есеп берiп отырады екен. Газеттегi отбасы, бала тәрбиесiне қатысты айдарларды да ашқан осы Мацутаро. Бүгiнде «Асахи», «Йомиури», «Майничи» басылымдарындағы ұлттық го ойыны туралы айдарлардың тарихы да Мацутаро есiмiмен байланысты. «Йомиури» беттерiнде Мацутаро го ойынын насихаттау арқылы газет таралымының өсуiне қол жеткiздi. 1930 жылдан бастап аптасына үш рет «Йомиуридiң» жастарға арналған қосымшасы шыға бастады. Бiлiктi басшының арқасында 1920 жылдардың өзiнде газет тiлшiлерi Лондон, Нью-Йорк, Париж, Берлин, т.б. шетелдiң iрi қалаларында жұмыс iстеген. 1942 жылы «Майничи» газетiнiң таралымы 1,420 мың, «Асахи» 1,280 мың болғанда, «Йомиури» 1,560 мыңға жеткен. «Йомиуришинбуншйо» компаниясына тиесiлi, таңертең және кешке шығатын бұл газет Жапониядағы ең iрi жалпыұлттық басылым. Таңғы таралымы 9,1 миллион болса, кешке 4,9 миллион тиражбен шығады. «Йомиури» – таралымы жөнiнен тек Жапония ғана емес, дүниежүзi бойынша алдыңғы орында тұр.
«Асахи». Жүз отыз жылдық тарихы бар бұл газет – Жапонияның ең iрi төрт басылымының бiрi. 1879 жылы Осака қаласында жарық көрген «Асахидiң» редакциясы 1888 жылы Токиода ашылады. «Асахишинбуншйо» шығаратын газеттiң таңғы және кешкi таралымын қосқанда 12,5 миллион данаға жетедi.
Соңғы кезде оқырмандар арасында бұл басылымға деген сұраныс бәсеңдеп барады деген пiкiрлер айтылып жүр. «Газет бетiнен бұрынғы «Асахиге» тән тұщымды, тың ойларға толы, қоғамдық пiкiрге негiз боларлықтай мақалаларды көрмейтiн болдық. Оның орнын жалаң ақпар басып алды. «Майничидегi» мәлiметтi «Асахи» қайталайды» деген сияқты басылымның атына айтылып, жазылып жүрген сыни пiкiрлер бар. Әрине, бұқаралық ақпарат құралдары уақытқа тәуелдi. Кез келген басылым шарықтау немесе құлдырау кезеңдерiн өткеретiндiгi белгiлi.
Шарафат Жылқыбаева