20 Қыркүйек 2013, 12:20
Сарымсақ – пияз тұқымдастар тобына жататын көпжылдық шөп тәріздес өсімдік. Өнімді топырақтың астына салады. Топырағы жұмсақ әрі құнарлы болса, сарымсақтың басы да үлкейе түседі. Басы бірнеше бөліктерден құралады. Дәмі ащы, иісі өткір. Күздік және жаздық деп бөлінеді. Көкөніс ретінде ас мәзірінде бұрыннан көп қолданылады. Әсіресе, Шығыс және Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка елдерінің, сондай-ақ, Жерорта теңізі тағамдарының негізгі қоспасы. Көне мысырлық папирустарда да сарымсақтар жайлы мәліметтер кездескен.
Қызықты мәліметтер
Ертеде римдіктер мен гректер сарымсақ жеген әскер батыл әрі өжет болады деп сенген. Тіпті, Олимп ойындарына қатысатын атлеттер де бұдан шет қалмаған. Мысырлық әйелдер балаларын ішек құрттардан сақтау үшін мойындарына сарымсақ іліп қоюды әдет еткен екен.
Пирамидаларды салып жатқан жұмысшыларды түрлі аурудан қорғау үшін оларға пияз бен сарымсақ қосылған тағамдарды көп жегізген. Сарымсақ жеу олардың жұмысқа деген қабілеттерін арттырған көрінеді. Бұл жайында б.з.д. 450 жылы Мысырға саяхат жасап, Хеопс пирамидасын тамашалаған көне грек тарихшысы Геродот мынадай естелік жазып қалдырған:
«Пирамидада көне Египетке тән белгілермен таңбаланған жазбалар сақталыпты. Онда пирамиданы салып жатқан уақыттарда жұмысшылар тұтынған ащы көкөністер: шалған, пияз бен сарымсақтардың мөлшері көрсетіліпті. Менің жақсы есімде, әлгі жазбадағы таңбаларды түсіндіріп тұрған аудармашым бір мезет қатты таңғалған кейіпте «білесіз бе, жұмысшыларға пияз бен сарымсақ алуға жұмсалған ақша тұп-тура он алты мың күмісті құрапты» деген еді.
Қытай халқы сарымсақты ас қорыту мен тыныс алу жолдарындағы ауруларды емдеуге, оба мен тырысқақ індеттерінен қорғануға, әйелдердің етеккір циклі бұзылған кезде, тері ауруларына, ревматизмге, авитаминозға қарсы пайдаланса, әлі де көп ұлттар сарымсақты жылан шаққанда, удың әсерін кетіруге жаратуда. Бірінші дүниежүзілік соғыста да әскерлерге көбірек сарымсақ жегізу арқылы оларды жұқпалы аурулардан қорғау тәжірибесі іске асырылған.
Құрамы
Жаратушы Иеміз сарымсақтың құрамын өте бай етіп жаратыпты. Зерттеушілердің айтуынша, оның құрамында В және C тобына жататын дәрумендер, хлор, темір, фосфор, йод, марганец, кальций, мыс, магний, көмірсулар және тағы да басқа микроэлементтер көп. Басым бөлігі судан, көмірсулар мен ақуыздардан тұрады. Селен, A, B1, C, PP дәрумендері де кездеседі. Аздаған мөлшерде майлар да жоқ емес. Солардың бірі эфир майы. Мамандардың айтуынша, 100 г сарымсақта – 150 ккал бар.
Қалай қолдану керек?
Сарымсақты негізі шикідей жеген пайдалы. Сарымсақтың өткір иісін артынан алманы, жалбыз жапырақтарын, балдыркөкті шайнау арқылы немесе сүт ішумен кетіруге болатындығы айтылады.
Швецияда балалар мектепке барарда сарымсақ жегізу қалыпты әдетке ай-налған. Өйткені, бұл балаларды мешеу-лікке ұрынудан сақтайды делінеді. Бүгінгі күні дәріханаларда сарымсақтың ұнтақтары мен арнайы дәрілері де халыққа тарауда. Мамандар күн сайынғы тамақта 10-15 гр. сарымсақ жеп тұрудың денсаулыққа пайдалы екендігін алға тартуда.
Құдайберді БАҒАШАР