20 Қыркүйек 2013, 12:02
Көкала (Қырым – Конго қанды геморрагиялық қызбасы) - табиғи ошақтары бар, вирустар арқылы берілетін, дүние жүзінде кең тараған аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі.
Көкала ауруы вирусының айналымы үшін табиғи тіршілігінде кенелердің өсіп-өнуіне жағымды жағдайлар қалыптасқан Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының аумақтарында тіркеледі. Қазіргі уақытта эпидемиялық үрдіс анда-санда кездесетін жағдайлар түрінде болса да жыл сайын тіркелуде. Жартылай шөлді және шөлді аймақтарда «көкала» ауруын таратушы кененің түрі «Г. Азиатикум» кенесі қысқа қарай ұяларынан наурыз айында шығады да қырқүйекке дейін белсенді өмір сүреді. Соңғы жылдары ҚКГҚ вирусын жұқтырған кенелердің таралу аймағының үлкейгені байқалады. Мысалы Қызылорда облысы Арал ауданының елді мекендерінде жиналған кенелерде ҚКГҚ вирусына қарсы тектер (вирусты гендері) анықталды, бұл кенелердің таралу аймағының солтүстікке қарай ауысуын дәлелдейді.
Ауру қалай жұғады?
Қырым – Конго геморрагиялық қызбасының көзі, таралу жолдары тек гиалемма кенелері мен ауру адамдардан болады. Қазақстанда бұл аурумен көбінесе адамдардың белгілі бір кәсіби тобы ауырады, олар: шопандар, малшылар, жеке меншігінде мал ұстайтын адамдар, бау – бақша өсірушілер, фермерлік жұмысшылар, қой қырқушылар. Ауру - кене шаққанда немесе қырқым кезінде кенелердің қаны арқылы не болмаса ауру адамдардың қаны -мен байланыста болғанда жұғады. Лабораториялық жағдайда, мамандар қоздырғыш вирусын сақтану тәртіптерін немесе ережелерін бұзғанда жұқтыруы мүмкін.
Аурудың белгілері қандай?
Ол аяқ астынан тез басталады, адамның басы қатты ауырып, денесі дел – сал болады, әлі құрып, тамаққа тәбеті шаппайды, белі сырқырайды. Адам денесінің қызуы 40 градусқа дейін көтеріледі, келесі күні лоқсып, құсқысы келеді, іші өтеді. Сосын беті ісініп, қызарады, тілінің үсті ағарады. Сырқат басталғаннан 2-4 күн өткен соң ауру адамдардың мұрнынан, құлағынан, тіс еттерінен, жатырынан; ішегінен қан кетуі мүмкін. Бұл жағдай 3-7 күнге созылады. Асқазан мен ішекке қан кеткенде, адамның үлкен дәреті қараяды. Тістерінің түптері босап қанайды, тіпті аузы-мұрнынан бірнеше күн қатарынан қан кетуі мүмкін. Осының салдарынан науқастың жағдайы нашарлап, әлсірейді, жүректің соғуы жиілейді. Науқастың терісінде укол салғанда немесе жгутпен қысқанда тері астына қан құйылып көкала дақтар пайда (көгала қойдай) болады. Уақтылы дәрігерлерге қаралып емделмеген жағдайда науқастың қайтыс болуы мүмкін.
Қырым – Конго геморрагиялық қызбасының жеңіл өтетін түрі де болады. Мұндайда адамның дене қызуы ұзаққа созылмайды, тері астына қан кетіп, тіс түптері қанталайды. Бір – екі рет мұрнынан қан кетеді, содан кейін адам адам 7-10 күннің ішінде жазылады. Ал кей жағдайларда геморрагиялық қызба ауруынан жазылу бір жарым – екі айға дейін созылуы мүмкін.
Аурудың алдын алу шаралары қандай?
Ауру байқалған жерді, мал қораларын және маңайын, үй ішін, т.б. дезинфекциялау керек. Бұл жұмысқа мал шаруашылығы қызметкерлері (мамандары), әсіресе сол жердің тұрғындары белсенді түрде қатысулары қажет. Сонымен қатар тұрғын үйлерде, мал қораларында кенелердің болмауын қадағалау керек.
Ауру адамдардың қаны үй заттарына тиюінен сақтанған жөн. Маңайдағы керексіз заттар, мал қораларындағы қоқыр – соқыр, қи жиналып өртеледі. Үйдің іші 3% хлораминнің ерітіндісімен дәріленеді.
Геморрагиялық қызба байқалған жерде уақ малға кене жабыспау үшін оларды дәрілеп, жылына екі рет тоғыту керек.
Мал тұратын қораларды, сарайларды мал дәрігерлері рұқсат еткен дәрілердің ерітінділерімен дезинфекциялау орынды. Бұл жұмыстар міндетті түрде мамандардың бақылауымен жүзеге асырылуы дұрыс.
Өкінішке орай, бұл аурулар ересек адамдар мен қатар балалар арасында да жиі кездесуде, ал аталып кеткен індеттер болашақ ұрпақтың денсаулығына қаншалықты қауіпті екендігін тиісті орындар түсініп, аурудың алдын алу үшін қажетті шаралар қолдану керектігін өмірдің талабы қажет етіп отыр.
Кене шақққан жағдайда терідегі кененің үстіне май тамызып кенені пинцетпен немесе киім тігетін жіппен байлап жайлап ырғап-ырғап шығарады. Кенені өртеп жіберу керек, мыжып өлтіруге болмайды. Сосын тездетіп дәрігерлерге қаралу қажет.
Ақылбек Мырзабеков