Ойшылдық

20 Қыркүйек 2013, 11:43

Кез келген ұлт өзінің жоғалтқан құндылықтарымен қайта қауышып, жарқын келешекке қадам басуы үшін терең ойлы, ақылды азаматтарға, ойшылдарға мұқтаж. Бүгінгі таңда қазақ халқы да қолға алған мәселесін ақиқат тұрғысынан терең салмақтай алатын, тарихымызды қопарып, зерттей алатын және ойларын ел-жұртқа жеткізе білетін, діні мен діліне берік таза рухты адамдардың қажеттілігін сезіп отырғаны анық. Алайда қазір ойшыл адамдар қашан шығады деп күтіп отырмай, ел ішіндегі жастарды терең ойлай білуге, ойшыл болуға тәрбиелеудің маңызы зор. Еліміздегі әрбір жасты алмастай өткір ойлы, болаттай мықты пікірлі болуға баулуды бүкіл ел болып күн тәртібіне қоюымыз қажет. Ал ештеңеге қызықпайтын, ой соңына түспейтін, ас ішу, аяқ босатуды ғана ойлайтын жастар жарқын келешектен үміт ете алмайтыны шындық. Терең ойлауды діни еңбектерде арабша «тәфәккур» деген терминмен атайды. Бұл сөз қазақ тілінде «ойлау, пікір ету, ақылға салу» деген мағыналарды білдіретін «фәкәрә» түбірінен алынған. Ендеше қозғап отырған тақырыбымыз – бір мәселе жөнінде терең ой толғау, әр нәрсенің байыбына бару, пайымдау, бүкіл санамен ойлап білу деген ұғымдар жөнінде болмақ. Қасиетті Құран кәрімде бұл мазмұндағы аяттар өте көп. Мысалы, «Әли Имран» сүресінде: «Ақыл иелері көк пен жердің жаратылысына ой жүгіртеді де: «Уа, Раббым, сен бұларды тектен-тек жаратқан жоқсың», – дейді», – делінген. (191-аят). Сондай-ақ, «Бақара» сүресінде: «Алла ой жүгіртулерің үшін өзінің аяттарын осылайша ашық мысалдармен баяндайды», – делінген (266-аят). Ал «Хашыр» сүресінің 21-аятында: «Осы мысалдарды адам баласы (Алланың құдіретіне) ой жүгіртсін деп баяндаймыз», – дейді. Байқап отырсақ, бұл аяттарда терең ой Алланың құдіретін еске алумен байланыстырылған. Сонда адамның отырса да, тұрса да, жатса да, жер мен көктің арасындағы жаратылыстардың хикметтері мен бір Алланың құдіретін, мейірімін, рақымын, кешірімін, ұлылығын, пәктігін ойлауы өте маңызды нәрсе. Алла тағаланың еш нәрсені бекер жаратпайтыны, бүкіл жаратылыстың адамның не бұл өмірі, не арғы дүниесі үшін пайда болатыны әр мұсылман білуге тиіс нәрселер. Сондықтан болар, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Терең ойлау секілді құлшылық жоқ», – деп түйін жасаған. Сондай-ақ: «Алланың жаратылыстары жайлы бір сағат ой қорыту бір түнді құлшылықпен өткізгеннен артық», – деген хадисі де бар. Әйгілі ғұлама имам Ғазалидың: «Терең ой – құлшылықтың жартысы», – деуі де тегін болмаса керек. Негізінде, әр нәрсеге жай көзбен емес, ғибрат көзімен қараудың пайдасы көп. Бір нәрсеге назар аударғанда, оның өлшемдеріне, құрылысына, әдемілігіне, бағасына, құнына мән беру, оның не үшін жаратылғанын ойлау нәзік бақылағыштық қасиетті қажет етеді. Мұсылман адам осы қасиетін де дамытқаны жөн. Дүниедегі әрбір заттың, құбылыстың, оқиғаның немесе істің астарында Алланың хикметі, даналығы, сыры жатады. Бұл жағынан алғанда дүниені сырлар мен хикметтер әлемі деп атасақ та артық емес. Ақиқат пен шындықты көздеген адам сол сырлардың астарына үңілгені дұрыс. Ойлаудың, ақылға салудың, пікір етудің бір пайдасы осында. Әр нәрсені терең ойлай алатын адамдар елімізде көбейсе, ғылым да, технология да, инновация да дұрысталар еді деген ойдамыз. Мысалы, сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рызық-несібелеріңді жер қойнауынан іздеңдер», – деген өсиет қалдырды. Бұл хадис жерден тек көкөніс іздеңдер деген мағынамен шектелмесе керек. Алтын да, күміс те, мұнай да, мыс та, мырыш та, бар байлық жер қойнында жатыр. Соларды тазартып, аршып алуға мұсылман адам әрекет етуге тиіс. Көп оқып, көп ойланып, бар ынтасымен осыған ден қоюы қажет. Дана халқымыздың: «Ой түбінде алтын бар, ойлай берсең табарсың, қанша ұзақ болғанмен, жүре берсең барарсың» дегені де соны меңзесе керек. Әрине, ойшыл жастарды тәрбиелеу оңай шешіле қоятын шаруа болмасы хақ. Өзіндік ойы жоқ, жастық шақты сылтауратып, нәпсі қалауларына көбірек бой алдырған жастарды ойшылдыққа баулу қиынның қиыны. Бірақ соған қарамастан, әрбір отбасы, бала-бақша, мектеп, университеттердің бәрі осы іске баса назар аудармаса болмайды. Басын ашып айтар нәрсе, ойшылдық деген құр қиялға беріліп, арманға бой алдыру дегенді білдірмейді. Бос қиялдардан зәулім сарай тұрғыза алмаймыз. Ендеше, арзымасқа ақыл тауысудың қажеті шамалы. Ойшылдықтың көздеген мақсаты, алғышарты, атқарар міндеті болады. Ойдың сүйенер тірегі, арқау етер мәліметтер болғаны дұрыс. Мәселен, бүгінгі ғылым мен техниканың қол жеткізген жетістіктері жөнінде жалпылама болса да білімі бар адам соларды әрі қарай тереңдету жөнінде ой қозғаса болады. Бар нәрселерді ойша жинақтап, саралап, салыстырып, тұжырымдар шығарып, шыққан тұжырымды келесі бір жаңа ойға негіз етіп алуды ойлау десек болады. Осылайша бар нәрсемен байланыса отырып тереңдеген ой пайда береді. Ол үшін көп кітап оқу, көп іздену шарт. Жаңа ойларымызды ақиқатпен, шариғатпен, Құранмен, хадиспен негіздеп отыру да өте маңызды. Өйткені шариғаттан алыстаған ойдың адамға пайда емес, зиян әкелуі ықтимал. Шариғат шеңберінен шықпаған ой иман байлығын да арттыратыны анық. Екінші жағынан алғанда, Құранды менсібеген адамның өмір бойы ізденіп жеткен ойына қарапайым иманды жан бір сағаттық ойлаумен жетуі де ғажап емес. Себебі, бүкіл ақиқат Құранда жатыр. Мәселенің тағы бір қыры, адамдарға пайдасы тиетін терең ойдың сауабы да мол. Жинақтай келе, Алладан тілеріміз, елімізде ойы терең, рухы өр, жаны бай жастар көп болсын! Алла Тағала әрдайым жанымызды жақсылармен бірге етсін! Асылбек НОҒАЕВ

Кез келген ұлт өзінің жоғалтқан құндылықтарымен қайта қауышып, жарқын келешекке қадам басуы үшін терең ойлы, ақылды азаматтарға, ойшылдарға мұқтаж. Бүгінгі таңда қазақ халқы да қолға алған мәселесін ақиқат тұрғысынан терең салмақтай алатын, тарихымызды қопарып, зерттей алатын және ойларын ел-жұртқа жеткізе білетін, діні мен діліне берік таза рухты адамдардың қажеттілігін сезіп отырғаны анық. Алайда қазір ойшыл адамдар қашан шығады деп күтіп отырмай, ел ішіндегі жастарды терең ойлай білуге, ойшыл болуға тәрбиелеудің маңызы зор. Еліміздегі әрбір жасты алмастай өткір ойлы, болаттай мықты пікірлі болуға баулуды бүкіл ел болып күн тәртібіне қоюымыз қажет. Ал ештеңеге қызықпайтын, ой соңына түспейтін, ас ішу, аяқ босатуды ғана ойлайтын жастар жарқын келешектен үміт ете алмайтыны шындық.
Терең ойлауды діни еңбектерде арабша «тәфәккур» деген терминмен атайды. Бұл сөз қазақ тілінде «ойлау, пікір ету, ақылға салу» деген мағыналарды білдіретін «фәкәрә» түбірінен алынған. Ендеше қозғап отырған тақырыбымыз – бір мәселе жөнінде терең ой толғау, әр нәрсенің байыбына бару, пайымдау, бүкіл санамен ойлап білу деген ұғымдар жөнінде болмақ. Қасиетті Құран кәрімде бұл мазмұндағы аяттар өте көп. Мысалы, «Әли Имран» сүресінде: «Ақыл иелері көк пен жердің жаратылысына ой жүгіртеді де: «Уа, Раббым, сен бұларды тектен-тек жаратқан жоқсың», – дейді», – делінген. (191-аят). Сондай-ақ, «Бақара» сүресінде: «Алла ой жүгіртулерің үшін өзінің аяттарын осылайша ашық мысалдармен баяндайды», – делінген (266-аят). Ал «Хашыр» сүресінің 21-аятында: «Осы мысалдарды адам баласы (Алланың құдіретіне) ой жүгіртсін деп баяндаймыз», – дейді.
Байқап отырсақ, бұл аяттарда терең ой Алланың құдіретін еске алумен байланыстырылған. Сонда адамның отырса да, тұрса да, жатса да, жер мен көктің арасындағы жаратылыстардың хикметтері мен бір Алланың құдіретін, мейірімін, рақымын, кешірімін, ұлылығын, пәктігін ойлауы өте маңызды нәрсе.
Алла тағаланың еш нәрсені бекер жаратпайтыны, бүкіл жаратылыстың адамның не бұл өмірі, не арғы дүниесі үшін пайда болатыны әр мұсылман білуге тиіс нәрселер. Сондықтан болар, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Терең ойлау секілді құлшылық жоқ», – деп түйін жасаған. Сондай-ақ: «Алланың жаратылыстары жайлы бір сағат ой қорыту бір түнді құлшылықпен өткізгеннен артық», – деген хадисі де бар. Әйгілі ғұлама имам Ғазалидың: «Терең ой – құлшылықтың жартысы», – деуі де тегін болмаса керек.
Негізінде, әр нәрсеге жай көзбен емес, ғибрат көзімен қараудың пайдасы көп. Бір нәрсеге назар аударғанда, оның өлшемдеріне, құрылысына, әдемілігіне, бағасына, құнына мән беру, оның не үшін жаратылғанын ойлау нәзік бақылағыштық қасиетті қажет етеді. Мұсылман адам осы қасиетін де дамытқаны жөн. Дүниедегі әрбір заттың, құбылыстың, оқиғаның немесе істің астарында Алланың хикметі, даналығы, сыры жатады. Бұл жағынан алғанда дүниені сырлар мен хикметтер әлемі деп атасақ та артық емес. Ақиқат пен шындықты көздеген адам сол сырлардың астарына үңілгені дұрыс. Ойлаудың, ақылға салудың, пікір етудің бір пайдасы осында. Әр нәрсені терең ойлай алатын адамдар елімізде көбейсе, ғылым да, технология да, инновация да дұрысталар еді деген ойдамыз. Мысалы, сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рызық-несібелеріңді жер қойнауынан іздеңдер», – деген өсиет қалдырды. Бұл хадис жерден тек көкөніс іздеңдер деген мағынамен шектелмесе керек. Алтын да, күміс те, мұнай да, мыс та, мырыш та, бар байлық жер қойнында жатыр. Соларды тазартып, аршып алуға мұсылман адам әрекет етуге тиіс. Көп оқып, көп ойланып, бар ынтасымен осыған ден қоюы қажет. Дана халқымыздың: «Ой түбінде алтын бар, ойлай берсең табарсың, қанша ұзақ болғанмен, жүре берсең барарсың» дегені де соны меңзесе керек.
Әрине, ойшыл жастарды тәрбиелеу оңай шешіле қоятын шаруа болмасы хақ. Өзіндік ойы жоқ, жастық шақты сылтауратып, нәпсі қалауларына көбірек бой алдырған жастарды ойшылдыққа баулу қиынның қиыны. Бірақ соған қарамастан, әрбір отбасы, бала-бақша, мектеп, университеттердің бәрі осы іске баса назар аудармаса болмайды.
Басын ашып айтар нәрсе, ойшылдық деген құр қиялға беріліп, арманға бой алдыру дегенді білдірмейді. Бос қиялдардан зәулім сарай тұрғыза алмаймыз. Ендеше, арзымасқа ақыл тауысудың қажеті шамалы. Ойшылдықтың көздеген мақсаты, алғышарты, атқарар міндеті болады. Ойдың сүйенер тірегі, арқау етер мәліметтер болғаны дұрыс. Мәселен, бүгінгі ғылым мен техниканың қол жеткізген жетістіктері жөнінде жалпылама болса да білімі бар адам соларды әрі қарай тереңдету жөнінде ой қозғаса болады.
Бар нәрселерді ойша жинақтап, саралап, салыстырып, тұжырымдар шығарып, шыққан тұжырымды келесі бір жаңа ойға негіз етіп алуды ойлау десек болады. Осылайша бар нәрсемен байланыса отырып тереңдеген ой пайда береді. Ол үшін көп кітап оқу, көп іздену шарт. Жаңа ойларымызды ақиқатпен, шариғатпен, Құранмен, хадиспен негіздеп отыру да өте маңызды. Өйткені шариғаттан алыстаған ойдың адамға пайда емес, зиян әкелуі ықтимал. Шариғат шеңберінен шықпаған ой иман байлығын да арттыратыны анық. Екінші жағынан алғанда, Құранды менсібеген адамның өмір бойы ізденіп жеткен ойына қарапайым иманды жан бір сағаттық ойлаумен жетуі де ғажап емес. Себебі, бүкіл ақиқат Құранда жатыр. Мәселенің тағы бір қыры, адамдарға пайдасы тиетін терең ойдың сауабы да мол.
Жинақтай келе, Алладан тілеріміз, елімізде ойы терең, рухы өр, жаны бай жастар көп болсын! Алла Тағала әрдайым жанымызды жақсылармен бірге етсін!

Асылбек НОҒАЕВ

Бөлісу: