20 Қыркүйек 2013, 11:36
Тарихқа қарасақ, Ислам діні келгенге дейін, әлемде әйел баласының кемсітіліп, көп қағажу көргенін байқаймыз. Әйел затын қорлықта ұстау, адам қатарында санамау, арын аяққа таптау, туған әке-шешесінің мұрасынан қағу сынды, т.б. жаман әдеттер араб қоғамында да бар еді.
Ислам діні алғашқы уақыттардан бастап-ақ әйел затының жанұядағы әрі қоғамдағы орнын белгіледі. Өзіне тиесілі міндетін нақтылап, ар-ұяты мен абыройын қорғады. Сүйкімді қыз, сүйікті жар, аяулы ана ретінде беделін өсірді. Дініміздің әйелдерге зор қамқорлық жасауы – барша әйел заты үшін адамзат тарихындағы теңдессіз оқиға болды. Өйткені, өзге елдерде де әйелдің жағдайы тым аянышты күйде еді. Құран Кәрімде 176 аяттан тұратын «Ниса» («Әйелдер»), 98 аяттан тұратын «Мәриям» деп аталатын сүрелер тікелей әйелдерге арналған. Бұдан басқа, «Нұр», «Ахзаб», «Мұмтахина», «Тахрим», «Талақ» сүрелерінде де дініміздегі әйел адамның орны туралы кеңінен айтылған. Бұл – Ислам дінінің әйелдерге қаншалықты көңіл бөлгеніне дәлел.
Араб қоғамында қыз баланы асыраудан қашатын, ұлды артық көріп, қызды болғанына күйініп, қатты ызаланатындар да бар еді. Бұндай жауыз мінездің асқынғаны сонша – жаңа туған нәзік жанды шарананы шімірікпестен тірідей өлімге қиып, аулаққа апарып көміп тастайтындары да кездесетін.
Қыз баланы бетке шіркеу, сүйекке таңба санайтын надандық әрекет Құранда ащы сынға алынған: «Кейбіреулері қызды болғанын естігенде, ашудан жүздері түтігіп, түнеріп кетеді. Бұндай «жаман» хабардың салдарынан ел көзінен тасаланады. Бұл қорлыққа шыдап, оны асырап-бағу керек пе, жоқ әлде топыраққа көміп тастаған дұрыс па? Қараңдаршы, берген үкімдері қандай жаман?!» («Нахл» сүресі, 58-59-аяттар).
Сол кезде Жаратушы Ие надандық дәуіріндегі осы бір тағылыққа тосқауыл қойып, қыз баланы өлтірмеуге шақырды: «Жарлы күй кешіп, тұрмыс-тіршіліктерің нашар болғандығы үшін балаларыңды өлтірмеңдер! Сендердің де, олардың да ризығын Біз береміз» («Әнғам» сүресі, 151-аят).
Сондай-ақ, қиямет күнінде бейкүнә сәбилерге көрсетілген жауыздықтың есебі сұраққа алынып, жазасыз кетпейтіндігі ескертіледі: «Тірідей көмілген балаларыңа «Қандай кінә-ларың бар еді, нендей күнә үшін өлтірілдіңдер?», – деп сұралғанда…» («Такуир» сүресі, 8-9 аяттар).
Бірде үлкен сахабалардың бірі өткенін еске алғанда, кейде қатты жылағысы, кейде күлгісі келетінін айтқан еді. Қасындағылар мұның себебін сұрағанда: «Жылағым келетін себебі – Исламға дейінгі кезде бір қызым бар еді. Төрт жасқа толғанда, көзін құртпақ пиғылмен шөлге ертіп апардым. Шұңқыр қазып жатқанымда, қызым ештеңеден бейхабар күйде менің үстіме жұққан құм-топырақты тазалаумен болды. Қазып болғаннан кейін, қызымды шыңғырып жылағанына қарамас-тан тірідей көміп кетіп едім. Сол бір қатігездігім есіме түскен сайын, еріксіз көзімнің сорасы ағады. Ал күлгім келетіні – жаһил кезімізде ұннан әртүрлі мүсін жасап, соған табынатын едік. Кейде соны отқа пісіріп жеп те қоятынбыз. Сол кезгі надандығымызға қазір күлкім келеді», − деп жауап берген екен.
Демек, Ислам діні алғашқы уақыттардан бастап-ақ қыз ба-лаларға мейіріммен, аяушылық-пен қарауға шақырған. Тіпті бір жанұядағы балаларды да ұл-қыз деп алаламауға тәрбиелеуінің өзі қыз балаларға дініміздің зор көңіл бөлгенін байқатады.
Құдайберді БАҒАШАР