20 Қыркүйек 2013, 11:04
Ислам – қара қылды қақ жарған әділдік пен адалдыққа шақыратын дін.
Шариғат бойынша Алла мен ақыретке иланатын адам жеке өмірінде де, жұмыс бабында да қадамын зәредей қия басуына рұқсат жоқ. Дініміз Ислам сонау демократия түсімізге де кірмеген ерте дәуірдің өзінде адамдар арасында өзара құқық пен ешкімнің ала жібін аттамау қағидасын тайға таңба басқандай бекітіп берген.
Адамзаттың асыл тәжі Пайғам-барымыз (с.ғ.с.) өмірінің соңына дейін әділдікті, адалдықты насихаттап, басқаларға іс жүзінде үлгі болып кетті. Алла елшісінен (с.ғ.с.) тәлім-тәрбие, үлгі алған саңлақ сахабалардың өмірі де тұнып тұрған әділдік пен адалдық.
Бірақ, өкінішке орай, бүгінгі таңда жеке адамның немесе мемлекеттің, қоғамның мүлкіне жеке басын күйттеп қол созатындар кездеседі. Мұның Алла алдында жауабы өте ауыр. Кезінде әйгілі халифа Омар (р.а.) өз досымен сөйлескенде мемлекет май шамын сөндіріп, өзінің жеке майшамын жағуының өзі жауапкершіліктен қатты қорқудың белгісі еді. Міне, осы секілді әрбір жұмысшы өзіне сеніп тапсырылған дүниелерге үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Жұмыс орнының мүлкіне аманат есебінде қарап, оған қиянат жасамай, кісі ақысын жемей, ысырап етпей, бүлдірмеуі керек. Өйткені аманатқа қиянат жасау, кісі ақысын жеу, әділетсіздік жасау, адал болмау – үлкен күнә. Тіпті қарапайым мысал, қызметтік көлікті жеке басының шаруасы үшін мінуге, кеңсе телефонын қызмет бабынан тыс мақсаттарға пайдалануға, ақ қағаздың өзін бас пайдасына асырудан сақтанған дұрыс. Дана халқымыз: «Судың да сұрауы бар», – деп тегін айтпаса керек. Ал Құранда Алла тағала: «Ол күні (қиямет күні) міндетті түрде берілген нығметтерден сұраласыңдар» («Тәкәсур» сүресі, 8-аят), – деп қатаң түрде ескерткен. Өйткені берілген жұмыс, жүктелген міндет – Алланың берген нығметі. Сондықтан берілген нығметті сезініп, оның да сұрауы барын ойланған жөн.
Ал жұмыста әділетсіздіктің, адал-дықтың болмауының түбі адамдар арасындағы қарым-қатынастың бұ-зылуына, басшы мен қызметкер арасындағы сенімділіктің жоғалуына, бір мекеменің, тіпті мемлекеттің ыдырауына апаратыны сөзсіз.
Әділдігімен, адалдығымен танылған халифа Омар (р.а.) бірде мемлекет қазынасынан барлық адамға мата таратады. Екінші күні мінберге шығып сөйлей бергенде бір сахаба тұрып: «Ей, Омар! Сен біздің алдымызда сөйлеуге хақың жоқ. Себебі кеше қазынадан барлығымызға мата тараттың. Бірақ, сол мата киім тігіп алуға жетпеді. Ал өзің киім тігіп алыпсың. Бұл әділетсіздік!», – деген кезде Омар қасындағы баласына: «Ей, ұлым Абдулла, мұның жауабын сен түсіндіріп берші», – дейді. Сонда Абдулла: «Әкем кеше маған әрі өзіне екі мата әкелді. Ол мата не өзіне, не маған жетпеді. Кейін әкеме: «Сен елдің алдында көп боласың. Мынау жыртық жамау киіміңмен жүргенің ұят болады», – деп өз матамды берген едім. Осылай екі матаны қосып бір киім тігіп алып, сіздердің алдарыңызға шығып тұр», – деген. Сонда анау сахаба енді сөйлей бер деп рұқсат еткен еді. Бұл оқиға Омардың әділдігін, адалдығын, кішіпейілдігін, сабырлылығын, Алладан қаншалықты қатты қорқатынын, өзінің ісіне қаншалықты жауапкершілікпен қарайтындығын көрсетеді. Дана халқымыздың ұрпағына «ісінде адал болуды», «біреудің ала жібін аттамауды» насихат етіп келуінің бір сыры осында болса керек. Міне, осы секілді жұмысымызға әділдікпен, адалдықпен, жауапкершілікпен қарап, басқа біреу көріп тұрмаса да, Алла көріп тұр, ақыретке барғанда күнім не болады деген қорқыныш оймен жұмыс істеу керек. Әрі біреудің ақысын жемей, шынайы ықыласпен істеген дұрыс.
Адалдық дегенде, Әбу Ханифаның мына бір оқиғасы да еске түседі.
Бір жолы бір әйел Әбу Ханифаға сатуға жібек киім әкеледі. Әбу Ханифа бағасын сұрады. Әйел оның жүз дирхам тұратынын айтты. Әбу Ханифа: «Жоқ, бұл одан қымбат тұрады», – дегенде, әлгі әйел: «Мені мазақтап тұрған жоқсыз ба?», – деді. «Жоқ, шындығы сол. Сенбесеңіз, біреуді шақырып бағасын сұраңыз», – дейді Әбу Ханифа. Әйел жөн білетін біреуді шақырып, матаның қанша тұратынын сұрап біледі. Сөйтіп, өмірі ешкімнің аңғалдығын пайдаланбаған Әбу Ханифа матаны жүз емес, бес жүз дирхамға сатып алады. Яғни адам ақысын жеудің қандай үлкен күнә екенін білген Әбу Ханифаның бұл оқиғасы да бізге жан-жақты үлгі.
Қорыта айтқанда күнделікті жұ-мысымызға адал болып, қызметімізге Алланың аманаты деп қарап, мұ-сылмандықты ту етіп өмір сүруімізді жазсын!
Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ