20 Қыркүйек 2013, 11:00
Алла қаласа, санаулы күндерден кейін әлем мұсылмандарының ортақ мерекесі – Құрбан айт мейрамы басталғалы тұр. Нақтырақ айтсақ, 26 қазан – Құрбан айттың алғашқы күні. Құдайға шүкір, бұл мерекені елдік деңгейде тойлайтын жағдайға қол жеткіздік.
2005 жылғы 28 желтоқсанда Мәжіліс-тің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдаған болатын. Міне, сонан бері мұсылмандардың Құрбан айтының бірінші күні елімізде ресми түрде демалыс күні болып жарияланды. Осылайша, көп уақыт қол үзіп қалған Құрбан айт тәуелсіздігіміздің арқа-сында ел мұсылмандарының мерейлі мерекесіне айналды.
«Құрбан» – арабтың сөзі. Төл тілімізде «жақын болу, жақындау» деген мағынаны білдіреді. Демек, Құрбан айт мейрамы – Хақ Иенің разылығына жетуіне, Оған жақындауға себеп болатын орны бөлек ғибадат. Құрбан – пенденің Тәңірге деген мойынұсынушылығын, оның разылығы үшін мұсылмандық борышын өтеуге дайын екенін білдіретін құлшылық. Өздеріңізге белгілі, дүние-мүлкі бар, жағдайы жететін мұсылман баласы үшін құрбан шалу – уәжіп амал. Алла тағала Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал»(«Кәусар» сүресі, 3-аят), – деп оның уәжіптігін білдіреді.Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде:«Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар»,– деп бұл амалдың маңыздылығын айтып кеткен.
Осы орайда «Құрбан шалудың даналығы неде?» деген сауал туары анық. Бұл сауалға берер жауап та жетерлік. Әрбір бай-дәулетті адам Алланың разылығы үшін деп шалған құрбан еттерін кедейлерге беруі – мұсылмандардың арасында сүйіспеншілік, бауырмалдық сезімдерін нығайта түседі. Бай-дәулетті адамдармен қатар тұрмысы төмен отбасылар, кедей жандар бір сәт қуанышқа бөленеді. Құрбандық шалу арқылы келетін бұл қуаныш – халықтың бақытын арттырып қана қоймай, тұрмыстық қиындығын бір сәтке ұмыттырады.
Осылайша, құрбан шалу арқылы мұсылман баласы әуелі Алла тағалаға әрі адамдарға жақындай түседі. Құрбан шалудың тұрмысы төмен жандарға берер пайдасы болғанындай, ауқатты кісінің де Алла тағала нығметін арттырады екен. Нәтижесінде, пенде адамгершілік қасиетке мән беретін және барлық жанды нәрсеге мейірім көзімен қарайтын кәміл мұсылманға айналады. Мұсылмандар осы мерекеде әдеттегіден гөрі бір-біріне құшағын жайып: «Алла айттан айтқа аман-есен қауыштырсын», – деп, өзара дұға жасап, қуанышқа ортақтасады. Иә, құрбан айт мерекесімен келетін бақыт, тыныштық, берекеге толы бір жыл, келесі жылғы құрбан айтқа дейін осылай жалғаса бермек.
Құрбан шалудың тағы бір пайдасы – адамды сараңдықтан, дүние-малға беріліп кетуден сақтайды. Мына бір жағдай мені таң қалдырғаны бар еді. Студент кезімде құрбан айт мерекесіне орай ауылға барған болатынмын. Ауылда намаз оқитын бес-алты ақсақал, сосын діни білім алып жүрген жалғыз мен ғана. Ол кезде ауыл тұрғындары құрбан шалудың уәжіп екендігін, Алланың әмірі екенін біле бермейтін. Құрбан айт басталды, айт намазы оқылды, бірақ, ауылда бірде-бір құрбан шалған адам болмады. Алланың құдіретінде шек жоқ екен. Сол күні ауылдың он бес қойы ауыл шетіндегі арыққа батып кетті. Оның ішінде біздің де екі қой арам өлді. Кейін келе Алла тағаланың құлдарына: «Құрбан шал!», – деп бекер әмір етпегенін түсіне бастадым. Әрине, құрбанды малымызды аман сақтау үшін ғана емес, Жаратушы Иеміздің бұйрығы болғандықтан шаламыз.
Құрбандықтың себебімен кедейлер де Алла тағаланың берген нығметіне шүкіршілігін арттыра түседі. Байларды көре алмау және оларға дұшпан ниетпен қарау секілді дінімізге жат әрекеттерден бойын алыстатады.
Исламда әрбір құлшылықтың өзіне тән ерекшелігі бар екені айқын. Сол сияқты Құрбан айттың ерекшелігі – малды құрбандыққа шалу амалымен орындалатыны. Құрбандықтың орнына басқа құлшылық жасауға болмайды. Мәселен, намаз оқу, ораза ұстау не болмаса орнына ақша беру немесе кедейлерге көмек ретінде азық-түлік алып беру – мұның барлығы құлшылық түріне жүрмейді, міндетті түрде мал құрбандыққа шалынуы тиіс.
Құрбан шалу – адамдардың бауыр-малдық, жанашырлық, сүйіспеншілік сезімдерін арттырады. Әсіресе, ет сатып алуға жағдайы келмейтіндерге, айналамыздағы мұқтаж жандарға тигізетін пайдасы өте көп. Егер қаражаты бар, жағдайы жақсы адам Алланың разылығы үшін құрбандық шалып, айналасындағыларға етінен үлестірер болса, міне бұл нағыз мұсылманның бойынан көрінер жомарттығы болмақ.
Құрбан шалу адам өмірінің ұзаруына, қоғамдағы қылмыстың тоқтауына бірден-бір себепкер. Сондықтан, құрбан малын иесі бауыздағаны дұрыс. Егер бұл іс қолынан келмесе, шалынып жатқан малға қарап тұрғаны абзал. Құрбан шалған адам одан шыққан қанды көргеннен кейін басқа бір жанды мақұлықтың өміріне қастандық жасай алмайды. Өйткені, обалына қалудан қорқады. Одан шыққан қанды көрген адамның жан-жануарға деген мейірімділік сезімі де оянады.
Міне, құрбан айт мейрамының асыл құндылықтары жайында қысқаша түсінік осындай. Қорыта келгенде, құрбан айт мейрамының жеке тұлғаға да, қоғамға да берер пайдасы көп-ақ. Олай болса, әрбір мұсылман баласы құрбанның пайдаларын терең біліп, көкірегіне түйіп, амал еткені жөн.
Жандос АЙТБАЕ