20 Қыркүйек 2013, 10:47
«Салауат» (жекеше түрде – «салат») сөзі – истиғфар, кешірім сұрау, дұға, береке, намаз секілді мағыналарды қамтиды. Құранда: «Алла мен оның періштелері міндетті түрде пайғамбарға салауат айтады. Уа, мүміндер! Сендер де оған салауат айтып, шын көңілмен сәлем жолдаңдар!» («Ахзап» сүресі, 56-аят), – делінген. Мұндағы Алла тағаланың «салауат» айтуы – «рақымет», «мейірімділік», періштелердің салауат айтуы – Алла тағаланың кешірімін сұрау, мүміндер тарапынан болса «жақсы дұға тілеу» мағынасын береді. Сондай-ақ, бұл аят Алла елшісіне (с.ғ.с.) салауат айтудың қаншалықты маңызды екенін айшықтап береді. Әрі салауаттың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) үнемі айтылатынын да ескертіп тұр. Күнделікті бес уақыт намаздың ішінде салауаттың да көп қайталануы оның маңыздылығының бір дәлелі.
Бұл жерде «Пайғамбары-мызға (с.ғ.с.) барлығының, тіпті Жаббар Иеміздің өзі салауат айтуының сыры неде? Айтылған салауаттар қаншалықты қабыл болады?», – деген сұрақтар ойға оралатыны анық.
Алла рақымдылығының дәлелі ретінде адамзаттың асыл тәжі хазреті Мұхаммедті (с.ғ.с.) дүниеге келтірді. Ол адам баласын азғындық пен надандықтан арылту жолында небір қиыншылықтарға тап болды. Алайда Алладан «үмбетім, үмбетім» деп, олардың білмей жасап жатқан істерінің кешірілуін сұрау арқылы, Алланың бұйрығын сабырлықпен жеткізу барысында небәрі 23 жыл ішінде адамзатты нұрға бөледі. Қараңғылықтан жарыққа шығарды. Үмбетінің ненің харам, ненің халал екенін ажы-ратып алуына, Жаратушыға деген шүкіршіліктің қандай болатындығына кемел түрде үлгісін көрсетті. Үмбетінің дәрежесін көтерді. Сондықтан да Расулуллаға (с.ғ.с.) мыңда-ған салауаттар айту арқы-лы шүкіршілігімізді білдіруге қарызбыз.
Алла елшісінің (с.ғ.с.) аты аталғанда (Аллаһуммә салли алә сәиидинә Мұхаммәд деп, т.б.) салауат айтудың маңызды екенін ескерткен бірқатар хадистер де бар. Мәселен төмендегі мына хадистерде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Атым аталған кезде маған салауат айтпаған кісінің мұрны жерге сүрінсін», – деп салауат айпаған адамның қор болатынын қатаң түрде ескертсе (Тирмизи, Даут 110), тағы бір хадисте: «Қиямет күні маған адамдардың ең жақыны – маған көп салауат айтқандары», – деген (Тирмизи, намаз 327). «Есімім аталған кезде маған салауат айтпаған адам – нағыз сараң»,– деп те айтқаны бар (Тирмизи, Әбу Дәуіт 110). Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) жеткізілген мына бір хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.) мінбердің бірінші баспалдағына шығарда «әмин» деді. Екінші баспалдаққа шығарда тағы «әмин» деді. Үшінші баспалдаққа шығар кезде де «әмин» деді де, мінбердің ең жоғары жағына шығып отырды. Сол кезде Муаз ибн Жәбәл (р.а.) «Уа Расулулла! Мінберге шығарда неге үш рет «әмин» дедіңіз?», – деп сұрады. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мінберге шығарда Жәбірейіл періште жаныма келді де: «Уа Мұхаммед! Кімде-кім Рамазан айына жетіп, сол айдың құрметі үшін кешірімге ие бола алмай өмірден өтіп тозаққа кетсе, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Сол кезде мен де «әмин» дедім. «Кімде-кім ата-анасының қартайған шағында олармен жақсы мәміледе болмай, қайтқанда тозаққа кетсе, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Мен де «әмин» дедім. «Кімде-кім сенің есімің аталған кезде салауат айтпай, қайтыс болып тозаққа кетсе, Алла рақыметі мен мейірімінен алыс болсын», – деді. Мен тағы да «әмин» дедім», – деп жауап берген (Дәйлами, Мүснәдул- фирдаус, 1640; Ибн Хиббан, Әс-Сахих, 904, Али әл-Муттақи, Кәнзул-Уммал 24295). Әнастан (р.а) жеткізілген мына бір хадисте: «Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, Алла тағала оған он салауат айтады. Әрі он күнәсі кешіріліп, дәрежесі он есе көтеріледі», – деген.
Алтынбек Ұтысханұлы