20 Қыркүйек 2013, 10:32
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қонақты күту жайындағы хадисінде: «Қонақ бір үйге келер кезде он несібемен келеді, оның біреуін ғана өзі пайдаланып, қалғанын сол үйге тастап кетеді», – делінсе, ата-бабаларымыз: «Қонақ есіктен кірсе, несібе тесіктен кіреді», – деп пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзін қуаттаған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Кімде-кім қонағым разы болсын деп дастарқан жайып, сол дастарқанға 1 дирхам шығын шығарса, Алла тағала ол кісіге 1000 дирхам садақа берді деп сауап жазады», – делінген.
Міне, шаңырағымызға келген қонақты, яғни жолаушыны күтіп, разы қылып шығарып салып жатсақ, ол кісілердің сіз үшін жасаған дұға-тілектері күмәнсіз қабыл болады. Ал: «Қонағын жақтырмаған үйдің көрпесі құлайды немесе баласы жылайды», – дегендей, көрпенің құлауы, баланың жылауы, ыдыс-аяқтың сылдырлауы, т.б. мәселелер қонақтың көңіліне қаяу түсіріп жатса, олардың ренжіп айтқан сөздері де қабыл болып кетуі мүмкін. Құдай осыдан сақтасын!
Қабыл болатын дұғалардың енді бірі – зұлымдыққа ұшыраған адам-ның дұғасы. Зұлымдыққа ұшыраған адам деп біреуден жәбір көрген, нақақтан-нақақ жала жабылған, біреу үшін күйген, т.б. жандарды айтамыз. Қазіргі қоғамымызда мұндайлардың көптеп кездесіп жатқаны жасырын емес әрі өкінішті.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисін-де: «Шынайы мұсылман – тілімен және қолымен өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеген адам», – делінген. Сонымен қатар, Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде 6 нәрсені жасауды бұйырады:
1. Ауырып қалған науқастың хәлін сұрау;
2. Бір кісі қайтыс болса, жаназа намазына қатысып, марқұмның арты-нан дұға ету;
3. Бір кісі түшкіріп қалса: «Әлхамдулилләһ» деп айту;
4. Зорлық-зомбылық көрген адамға көмек, қолдау көрсету;
5. Сыйлап, шынайы ықыласпен шақырылған жерге бару;
6. Мұсылмандардың бір-біріне сәлем беріп, жақсы тілектерді жолдап, тілек-тестік жасауы.
Осы хадисте айтылғандай, зор-лық-зомбылық көрген кісіге қол ұшын созу – мұсылманның міндеті. Зұлымдық, аманатқа қиянат жасау – халқымыздың табиғатына жат.
Қасиетті Құранда: «Сондай-ақ, жауыздық (зұлымдық жасау) кісі өлтіруден де зор (ауыр күнә)», – делінген («Бақара» сүресі, 217-аят); «Залым болғандарға (адамдарға жәбір көрсеткендерге қиямет күні де, бұл дүниеде де) жанашыр дос та, сөзі өтетін шапағатшы (ара түсуші) да табылмайды» («Мүмин» сүресі, 18-аят), – делінеді. Түсінген адам үшін зұлымдық жасаушылардың ертеңгі күнінің қалай болатындығы осыдан-ақ анық көрінеді. Ондайларға қиямет-қайым кезінде ешкімнің де арашашы бола алмайтындығын: «Қиямет күні залымдарға, қиянатшылдарға қол ұшын беретін бірде-бір жәрдемші болмайды», – деген Құран аяты тағы бір мәрте шегелеп айтады («Хаж» сүресі, 71-аят).
Ербосын Орын