20 Қыркүйек 2013, 10:22
Асыл дініміз Исламның негізгі тіректерінің бірі – жақсы-лыққа шақырып, жамандықтан тыю. Бұл Алла тағаланың құлына тікелей әмірі. Құран кәрімде: «Сендердің араларыңда мы-нандай жамағат болсын, олар басқаларды игілікке шақы-рып, жақсылыққа үндесін. Жа-мандықтан тыюға тырыссын. Міне, осылар нағыз мақсатқа жеткендер» («Әли Имран» сүресі, 104-аят); басқа бір аятта: «Күдіксіз иман келтіріп, түзу іс істегендерге; Алла сүйіспен-шілік береді», – делінген («Мариям» сүресі, 96-аят); Бұл әрбір мұсыл-ман баласының темірқазықтай бағыт алып жүре-тін бұлжымас қағидасы. Мұны орындамайынша адам баласы өзінің негізгі, әу бастағы діттеген мақсаты – Алланың разылығына жете алмайды.
Айлардың сұлтаны болған Рамазан айында мұсылманның жасаған әрбір игі амалы Алла тағала тарапында үлкен сауапқа кенелтеді. Жаратушының рақымы жауған бұл ерекше айда мұсылман баласы шамасы келгенше игі істерді көптеп істеуге тырысуы керек. Алла тағала Құран кәрімде: «Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты», – дейді («Мәйда» сүресі, 2-аят).
Ибн `Аббастан жеткен мына хадис те соған дәлел бола алады: «Алла елшісі (с.ғ.с) ең жомарт адам еді. Ал Рамазанда ол әсіресе жомарттық танытқан. Әрі ол жақсы істерге, еркін соғатын самалдан да артық жомарт еді» (Әл-Бұхари, 6, Мүслім, 2308).
Шексіз мейірімді Алла бұл айда өзінің сүйікті құлдарына әртүрлі себептермен жәннаттың есігін айқара ашады. Табараниден келген хадисінде Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Келген Рамазан айы сендер үшін береке, күнәлар жойылатын кешірім айы. Ол (Алла) сендердің бұл айдағы жарыса істеген қайырлы амалдарыңа ерекше көңіл бөледі және періштелерінің алдында сендерді мақтан тұтады. Сол себепті сендерден қайыр амалды талап етеді. Бұл айдағы нағыз бақытсыз ол – Алланың рақымынан мақұрым қалған» (Табарани 3/142).
Игі амалдармен бәсекелесу әрбір мұсылманға тән сипат. Осы шарапатты айдағы сан алуан ғибадаттың ішінде ауыз аштырудың сауабы ерекше мол. Пайғамбарымыздан: «Қандай амал абзал?» деп сұралғанда: «Таныс болған және таныс емес кез келген адамдарды тамақтандыру және сәлем беру», – деген (Бұхари және Мүслім хадистер жинағы). Яғни кез келген адамды жынысына, нәсіліне қарамастан тамақтандыру салиқалы амалдардан болып саналады. Басқа бір хадисінде: «Кімде-кім ораза ұстаушының аузын аштырса, ораза ұстаған адамның сауабындай сауап алады», – дейді (Тирмизи, 735).
Оразада ауыз аштырудың хикметтері мен пайдалары:
– ораза ұстаған адамдардың арасында жетімдер, жесірлер, кембағалдар болуы мүмкін. Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Менімен жетімге қамқорлық етуші адам жәннатта мына екі саусақ тәрізді жақын боламыз», – деп сұқ және ортаңғы саусағын көрсетуі де бұл істің абзал, әрі Алланың қош көрген салиқалы амал екендігін аңғартады (Хадисті Имам Бұхари риуаят еткен);
– Рамазан кезінде аш адамдарды тамақтандыру ол дүниелік және ақыреттік азаптардан арылтады. Бұл жөнінде Құран Кәрімде: «Сонда ол кедергіні асуға ты-рыспады. Кедергінің не екенін қайдан білесің? Ол құл азат ету немесе ашаршылық күнде тамақтандыру», – дейді («Бәләд» сүресі, 11-14-аяттар);
– баршаға белгілі, ораза ұстаушы адамдардың ішінде Аллаға жақын тақуалары болады. Олардың ризашылығы мен батасын алу екі дүние бақытына жетелері сөзсіз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Үш түрлі дұға қабыл: ораза ұстаушының, жәбір шеккеннің және мүсәпірдің дұғасы», – деген (Әл-Байһақи). Осы орайда ата-бабамыздың: «Баталы құл арымас, батасыз ел жарымас» деген нақыл сөзі ойға келеді;
– мұсылмандардың бір жерде бас қосу – адамдар арасында өзара бауырмашылықтың пайда болуына себепші. Пайғамбары-мыздың (с.ғ.с.) мүбәрак хадисінде: «Кімде-кім жәннаттың рахатын қаласа, жамағатпен бірге болсын, шынында шайтан жалғызбен бірге, екеуден әлбетте алыс болады», – дейді (Ахмад, Тирмизи риуаят еткен);
– мұндай жиындарда имамдар тарапынан уағыз-насихаттар ай-тылып, халықты асыл дінімізге үгіттейді. Уағыздардан кейін, ораза ұстап жүргендер ғана емес, сондай-ақ өзге жандар да сәждеге бас ұрып, имандары көтеріліп жатқанын байқайсыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде айтылғандай, мұндай отырыстарға періштелер де қатысып, Аллаға бұл мүбәрак отырысты сүйіншілейді;
– ауызашар жасаған адам ораза ұстаған адамның сауабындай Алланың мейіріміне кенеледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқандай: «Кімде-кім ораза ұстаушы адамның аузын аштырса, еш кеміместен ораза ұстаушы адамның сауабындай сауап алады» (Тирмизи, 807).
Алғашқы дәуір ғалымдарының Рамазан айындағы құлшылық-тарынан мысалдар келтірер болсақ, олар Рамазан айының келуін асыға күтетін, бір-бірімен жарыса қайырлы амалдар істейтін. Имам Ибн Шиһаб әз-Зуһри Рамазан айы келгенде: «Бұл Құран оқу мен адамдарды тамақтандыру айы», – деп айтқан (Ибн `Абдул-Барр «әт-Тәмхид» 6/110).
Сол сияқты Ибн `Умар, Мәлик ибн Динар, имам Ахмад Рамазан айында кедей-кепшікпен бірге ауыз ашқаны мәлім. (Сәб’унә мәсаля фи-ссыям” 19).
Тіпті, ораза ұстаған адамға бір құрма немесе бір кесе сүт берген адам да ауызашар бергендей сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім Рамазанда ораза тұтқан кісіге ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Ораза тұтқан кісінің сауабына тең сауап бұған да беріледі», – дегенде сахабалардың кейбіреулері бір адамға да ауызашар беретін мүмкіндіктері жоқтығын айтты. Оларға жауап ретінде: «Бір құрмамен ауызашар бергенге де, тек сумен ауыз аштырғанға да, аз ғана сүт бергенге де осы сауап жазылады», – деді (Әл-Байһақи).
Сондай-ақ, тағы бір хадисте: «Сендердің ең жақсыларың – ас бергендерің!», – деген өсиеттің де айтылғанын тілге тиек ете кеткен орынды (Ибн Мәджаһ, Әбу Я`лә, әт-Табарани. Хафиз Ибн Хәжар, имам әл-Бусәйри).
Егер адамдарға ас беру Ислам-ның ең жақсы амалдарының бірі болса, онда осы ұлы амалды Рама-зан айында жасаудың сауабы жай-лы айтпаса да түсінікті!
Құранда: «Тамақты жақсы көре тұра міскінге, жетімге және тұтқынға жегізеді. Олар: «Шын мәнінде сендерді Алланың ризалығы үшін тамақтандырамыз. Сендерден қайтарым, алғыс тілемейміз. Расында қорқынышты болған үрейлі күннен Раббымыздан қорқамыз» (дейді). Сондықтан Алла оларды сол күннің апатынан сақтап, жарық жүзге әрі қуанышқа бөлейді», – делінген («Инсан» сүресі, 8-12-аяттар).
Құрметті мұсылмандар! Бұл ай біз үшін сауапты көптен жинайтын науқан айы, бұл ай ақ пен қараны ажыратып берген Құран айы, бұл ай сабырлықты сынайтын нәпсі айы, бұл ай барлық игі істер бастау алатын береке айы, сондай-ақ, бұл күнәлар кешірілетін мағфират айы. Сол себепті жылына бір мәрте келетін ізгілік айында сауаптардан мақұрым қалмайық!
Кенжетай қажы Дүйсенбай