20 Қыркүйек 2013, 09:59
Екі айдан бері қаншама күшін төгіп алға ұмтылса да, Петровка, Протоповка селолары мен Садки хуторына, Ясиноватый орманына тұмсығы батпаған фашист армиясы 1942 жылғы мамыр айының орта шенінен бастап күш жинап, қайта шабуылға шықты. Жау қолы қара бұлттай қаптап келіп 79-полк бекінген аймақты түгел қоршап алды.
Осы бір қиын-қыстау кезеңде подполковник Грачев пен комиссар Халиуллин өзара ақылдаса келіп, қоршауда қалған өз күштерін екіге бөлді. Грачев басқарған батальон Чепель селосы жағынан жау шебін бұзып өтіп, өзіміздің көрші дивизияларымыздың біріне қосылуды ойлады. Ал Халиуллин басқарған екінші батальон оларды ту сыртынан қорғауға тиіс болды. Осы жоспар бойынша Грачев бастаған батальон Чепель селосы жағына бет бұрды. Хаби бастаған екінші батальон Ясиноватый орманының батыс жағына бекініп, окоп траншеяларын дайындады. Комиссар окоптан-окопқа өтіп, жауынгерлерді жігерлендіріп жүрді. Ол оқ-дәрі жеткілікті болсын деп түнде төрт-бес солдатты бастап, жақын селодағы немістердің қару-жарақ сақтайтын қоймасына аттанды.
Міне, барлаушыларын бастап Хаби келеді. Олар тың тыңдап алады да, алға жылжиды. Немістер әбден ұйқыға батты-ау деген кезде олар еңбектеп келіп, үй бұрышында мелшиіп тұрған қарауылды бас салып бүктеп, үнін өшірді де, қоймаға түсті. Көтергендерінше гранат, патрон алып, ізінше шығып, кері қайтты.
Екі взвод арасында пулеметші Вано Киквидзе жатты. Ол танкімен қабаттаса алға ұмтылған неміс солдаттарын жақындатып алып, екі дүркін жусатып салды. Бірер сағатта оның да оғы таусылды. Ваноның «Максимы» соңғы рет сақылдап барып тоқтады. Фашистер оған жақындай бастады. Ванода үн жоқ. Тағы да жақындатып алып, бізді қырып салар деген үреймен немістер оған тақап баруға бата алмай келеді. Көп кешікпей-ақ Киквидзе бір қолымен оқ тиген бүйірін ұстап, орнынан тұра берді. Оның екінші қолында гранат. Неміс офицері:
– Русь, беріл, – деп ақырды. Вано үндемеді. Ол окоптан шығып, үш-төрт қадам алға басты. Әлгі офицер пистолетімен оның аяғынан атты. Вано омақаса құлады да, тәлтіректеп барып орнынан қайта түрегелді. Қаны сорғалаған аяғы енді басуға келмеді. Ол күшін жинап, тістеніп:
– Қане, жақындаңдар жауыздар, жақындаңдар! – деді. Фрицтер оған жақындай берді. Осы кезде Вано бір ұшын тістеп келе жатқан гранат серіппесін тартып кеп қалды... Сөйтіп, Кавказ қиясынан түлеп ұшқан тау қыраны өзін де, фашистерді де жайратты.
Украин жігіті Прокопенко окобының айналасында да фашистердің он шақтысы жер жастанды.
Ал енді комиссар Халиуллин қайда? Қираған танкі жанында жатқан Бызовқа қол ұшын беріп, әлгіде оның қасынан тұрып кеткен ол қайда кетті? Киквидзеге жігер беріп, көрші окопқа жылжи өткен Хаби қайда? «Нағыз ер екенсің, бір өзің бір топ фашистің көзін жойдың, – деп Прокопенконың арқасынан қағып өткен ол дем арасында қайда кетіп қалды? Траншеяда жатқан екінші взвод командирі Юленковтың қасынан «Бір қасық қанымыз қалғанша соғысамыз» деп өткен комиссар кәні? Одан әрі өтіп бара жатып, біздің жауынгерге төніп қалған немістің офицерін наганымен қалпақтай түсірген Хаби қайда кетті?
Ол үшінші взводқа жеткенде жаумен қоян-қолтық найзаласу басталып кеткен еді. Әлде сол жерде мерт болды ма екен? Болмаса «Азият комиссарды» тірідей ұстаңдар деп өшігіп, оның басын бәйгеге тігіп жүрген фашистер тірідей қолға түсіріп әкетті ме екен? Бұл – сол бір астаң-кестең, қым-қуыт, арпалыс кезінде ешкім білмеген жұмбақ жай еді.
Хаби жөнінде бурыл тартқан қою сақалы омырауына түскен Василий Дьяконов қарт былай деді:
– Біз, шалдар, отын жинаған болып орманға барамыз. Шекарашылар полкі жаумен шайқасқан жерді аралап көреміз. Кейбіреулер өздерінің туысқандарын, ауылдастарын іздейді. Ал менің іздейтінім – комиссар Хаби Халиуллин. Өйткені ол маған көп қамқорлық жасап еді.
– Біз, қарттар, ұрыс алаңында мерт болған кеңес солдаттарын жерледік. Бірақ комиссарды кездестіре алмадық. Ол қайда зым-зия боп кеткен дейміз. Өлсе, денесі жатар еді ғой. Қолға түсті ме екен? Жоқ, мұндай қырғын апаттан құлан-таза аман шығу мүмкін емес.
Селоға фашистер баса-көктеп кірген күннің ертеңіне неміс офицерлері біздің үйге келіп:
– Қызыл комиссарды тап, – деп дігірледі. Бұлар Хабиді қайдан біліп қойған деп ойладым мен. Неміс командирлерінің іздеуіне қарағанда, ол тірі шығар деп те үміттендім. Лайым, тірі болып шықсын деймін ішімнен.
Міне, содан 17 жыл өткенде: «Тағы да біреудің сүйегі табылыпты, депутаттық значок қоса шығыпты» деген сөз «Серп и молот» колхозы орналасқан Протоповка тұрғындары арасында тез тарап кетті.
Бұл хабар Петров ауданына, одан Харьков, Киев қалаларына, әне-міне дегенше Отанымыздың жүрегі – Мәскеуге де жетті. Кремльдегі КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттарды тіркейтін кітабынан 526-нөмірлі депутаттық значоктың кімге табыс етілгені тексерілсе, қазақстандық Хаби Халиуллиндікі болып шығады. Ол 1938 жылы Тәжік ССР-інің Таулы-Бадахшан автономиясының Мургаб сайлау округінен 25 жасында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар Советіне депутат болып сайланған екен.
Полк командирі Грачев пен комиссары Халиулиннің ақырғы тағдыры туралы бір белгісіз солдат былай жазыпты: «Комиссар Халиуллин мен подполковник Грачев Протоповка түбіндегі соғыста қаза тапты. Мен әзер дегенде аман қалдым. 79-шекарашылар полкының бұдан былайғы тағдыры жөнінде еш хабарым жоқ...»
1959 жылы халқымыздың қаһарман ұлы Хаби Халиуллиннің хабарын есіткен жұбайы Екатерина, баласы Юрий, інісі Сафи Украинаға барып, оның сүйегін алып қайтпақ болды. Сонда Петров ауданының басшылары: «Батыр халықтікі. Комиссар Халиуллин – қазақ халқының да, украин халқының да қаһарман ұлы. Оның сүйегі осы ерлікпен жауға қарсы күрескен жеріне қойылады, ескерткіш орнатқалы жатырмыз», – деді.
...Қайғылы музыка денені шымырлатып, жүйе-жүйені босатады. Петров ауданының мыңдаған халқы осыдан 17 жыл бұрын елі үшін, халқы үшін ерлікпен қаза тапқан ұлдарын ақырғы рет шығарып салғалы келеді. Алда комиссар Халиуллиннің табыты, оның екі жағына аты-жөні белгісіз екі жауынгердің сүйегі салынған. Бұл екеуі де қадірлі комиссарымен ең соңғы демі біткенше бірге болып, қас жаумен қайтпай айқасқан ерлер еді.
Ескерткіш орнатылды. Мәрмәр плитада: «Бұл жерде неміс фашистерімен күресте ерлікпен 1942 жылдың 28 майында қаза тапқан КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, комиссар Хаби Халиуллин жатыр» деген жазу бар. Қоштасуға жиналған жұрт қабір басына венок қойды.
Ер өлмейді. Олардың есімін халқы сақтайды. Өмірін үлгі етеді. Өйткені батыр өмірі – жыр, батыр ерлігі – аңыз, батыр ісі – тарих, ал тарих мұндай ұлды ұмытпайды.
Автор: Тілеу КӨЛБАЕВ