Хаби Халиуллиннің өмірі

20 Қыркүйек 2013, 09:52

Хаби Халиуллин 1912 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Ақоба ауылында туып-өскен. Хаби жастайынан өжет болып өседі. Ауыл қарттарынан ертедегі батырлар хикаясын ұйып тыңдайды. Сол батырларға еліктеп, балалармен бірге асыр салып ойнайды. Әсіресе атқа мініп шабуды тәуір көреді. Хаби жастайынан оқуға зерек болады. Ол орталау мектепті бітірген соң, бұрынғы Ақмоладағы теміржол құрылыс техникумына оқуға түседі. Кейін Алматыға келіп, қалалық комсомол комитетінде бөлім меңгеруші болып қызмет атқарады. 1934 жылдың күзінде Хаби қалалық комсомол комитетінің хатшысына келіп, өз еркімен әскер қатарына баратынын білдіреді. Оның бұл тілегін хатшы қабылдайды. Ертеңіне комитетте өзімен бірге қызмет істеген достары оны әскерге аттандырып салады. Жалын атқан жас жігіт Хаби Халиуллин Отанымыздың Қытай, Ауғанстанмен шектескен оңтүстік шекарасында күзетте тұрды. Ол сақшылар бөлімшесінің командирі және заставкадағы комсомол ұйымының хатшысы болды. ...Памирдің жақпар-жақпар құз-қияларын аралап үш салт атты келеді. Бұлар – кіші сержант Халиуллин бастаған сақшылар. Шекарадағы постшыларды бақылап, кезекшілерді ауыстырып, заставаға қайтып келе жатқан беті. Міне, олар таудан құлап арқырай аққан асау өзеннен өткелі келеді. Үшеуі бірінің соңынан бірі өзеннен үзеңгі қайырып өте бергенде, тау басынан мылтық гүрс етті. Әлі судан өтіп үлгермеген Хаби жалма-жан: – Петров, тез заставаға жет, шекара бұзушылармен біз атыса берейік, – деді. Құйындата шауып Петров кетті. Хаби қасындағы серігімен қия беттерді тасалай жүріп, құз басына бекінген жаумен атыса бастады. Тау қуысындағы жау Хабиларды тұс-тұсынан оқтың астына алды. Онымен тұрмай, құз басынан тас домалатты. Су жағасында қаңтарылып қалған қаз мойындар бұл дүбірден үркіп, ылдиға тасыр-тұсыр шаба жөнелді. Екеуі жартасты паналап, жаумен атыса берді. Оқ тиген ала шапанды бірінің қолынан мылтығы сырғып түсіп, өзі құз басын құшқан күйі серейіп қалды. Оған жақындап келе берген екіншісін де Хаби қағып түсірді. Бөшкедей тасты ырғап құлатқалы жатқан тағы бірінің қолынан атып, жазасын берді. Олар осылайша құз басындағы жаумен аңдысып, атысып жатқанда, заставадан сақшылар отряды келіп, шекара бұзушыларды тұс-тұсынан қоршап алып, тірілерін қолға түсірді. Хаби тек қана жауынгерлер арасында беделді болып қойған жоқ. Оның өнегелі істері сол өңірдегі тау елінің тұрғындарына да жетті. Таулықтардың Хабиді жақсы көретіні сонша, кейде оның артынан өздері іздеп келіп, ақыл-кеңес алып тұратын. Көпшілік құрметіне бөленген жас жауынгер сол жылы КСРО Жоғарғы Советінің сайлауында Ұлттар Советіне депутат болып сайланды. ...1938 жылы Хаби Халиуллин Мәскеудің Әскери-саяси соғыс академиясында оқыды. Сонда қазақтың ұлттық атты әскер полкында эскадрон басқарған Әбілқайыр Баймолдин, даңқты ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры А.Байдуков, Хасан көлі маңындағы қақтығыста тамаша ерлік жасаған Кеңес Одағының Батыры Сергей Бамбуров, КСРО Жоғарғы Советінің депутаты, политрук Павел Замятинмен бірге болды. Хаби бұл достарымен талай рет теориялық, тактикалық сабақтарды бірге оқып, небір естен кетпес қызықты кештерді бірге өткізді. Сол жылы олар бірінші шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясына қатысты. Қасиетті Отанымызға гитлершіл Германия басқыншылары баса-көктеп кіре бастағанда, Хаби Халиуллин тағы да өз еркімен майданға аттанды. Мәскеуден шыққан эшелонмен Хаби Харьков бағытындағы алғы шепке жетті. 1942 жылдың қаңтары. 79-шекарашылар полкі ұрысқа дайындалуда. Полк командирі подполковник Грачев жаңадан келген комиссар Х.Халиуллинге полктің ұйымдасуы мен құрамы жөнінде қысқаша баяндап берді. Полктің ең әуелі қырғын соғысқа араласуы Дунай бойынан басталыпты. Бұл Отан соғысының алғашқы күндері екен. Содан олар аты шулы Измаил қамалына бекініп, фашист дивизиясымен ұзақ шайқасыпты. Қаһарман шекарашыларға сол жылы Дунай Соғыс флоты көмектескен. Сөйтіп, фашист басқыншыларының алғашқы шабуылдарына полк ерлері қайтпай төтеп берген. Еселеп күш алған немістің «СС» дивизиясы 79-полктің екі қанатын ығыстырып, тылына ене бастаған кезде оларға 25-інші Қызыл Тулы дивизия кеп күш қосқан. Онан соң полк бірде ілгері басып, бірде кейін шегіне жүріп, Кировоградқа дейін шегініп келіпті. Днепропетровскийден Харьковке бет алған жаудың алғы шебін полк Лазовая, Павлоград, Красноград, Сахновщина түбінде тосып алып тоқтады. Осы жерде ол қайтадан толықтырылды. Комиссар Халиуллин келген кезде полктің взвод, роталары Изюм, Варвенково және Терістік Донец жағалауындағы селоларға, ал штабы Петровскийге орналасқан екен. Қандай әскери бөлім, қандай батальон, полк болса да, оның комиссарсыз күні жоқ екені аян. Комиссар командир жоқ жерде – командир, командир бар жерде де – командир. Ол – саяси басшы, солдаттардың қамқоршысы. Хаби келген күннен бастап шекарашылар полкінің тамыр-тамырына қан жүгіре бастады. Тәртібі босап кеткен ұйым жұмыстарын қайтадан ширата түсті. Жауынгерлер оны ә дегеннен-ақ танып, келе-келе әкесіндей жақсы көріп кетті. Автор: Тілеу КӨЛБАЕВ

Хаби Халиуллин 1912 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Ақоба ауылында туып-өскен. Хаби жастайынан өжет болып өседі. Ауыл қарттарынан ертедегі батырлар хикаясын ұйып тыңдайды. Сол батырларға еліктеп, балалармен бірге асыр салып ойнайды. Әсіресе атқа мініп шабуды тәуір көреді.

Хаби жастайынан оқуға зерек болады. Ол орталау мектепті бітірген соң, бұрынғы Ақмоладағы теміржол құрылыс техникумына оқуға түседі. Кейін Алматыға келіп, қалалық комсомол комитетінде бөлім меңгеруші болып қызмет атқарады.

1934 жылдың күзінде Хаби қалалық комсомол комитетінің хатшысына келіп, өз еркімен әскер қатарына баратынын білдіреді. Оның бұл тілегін хатшы қабылдайды. Ертеңіне комитетте өзімен бірге қызмет істеген достары оны әскерге аттандырып салады.

Жалын атқан жас жігіт Хаби Халиуллин Отанымыздың Қытай, Ауғанстанмен шектескен оңтүстік шекарасында күзетте тұрды. Ол сақшылар бөлімшесінің командирі және заставкадағы комсомол ұйымының хатшысы болды.

...Памирдің жақпар-жақпар құз-қияларын аралап үш салт атты келеді. Бұлар – кіші сержант Халиуллин бастаған сақшылар. Шекарадағы постшыларды бақылап, кезекшілерді ауыстырып, заставаға қайтып келе жатқан беті.

Міне, олар таудан құлап арқырай аққан асау өзеннен өткелі келеді. Үшеуі бірінің соңынан бірі өзеннен үзеңгі қайырып өте бергенде, тау басынан мылтық гүрс етті. Әлі судан өтіп үлгермеген Хаби жалма-жан:

– Петров, тез заставаға жет, шекара бұзушылармен біз атыса берейік, – деді. Құйындата шауып Петров кетті. Хаби қасындағы серігімен қия беттерді тасалай жүріп, құз басына бекінген жаумен атыса бастады. Тау қуысындағы жау Хабиларды тұс-тұсынан оқтың астына алды. Онымен тұрмай, құз басынан тас домалатты. Су жағасында қаңтарылып қалған қаз мойындар бұл дүбірден үркіп, ылдиға тасыр-тұсыр шаба жөнелді. Екеуі жартасты паналап, жаумен атыса берді. Оқ тиген ала шапанды бірінің қолынан мылтығы сырғып түсіп, өзі құз басын құшқан күйі серейіп қалды. Оған жақындап келе берген екіншісін де Хаби қағып түсірді. Бөшкедей тасты ырғап құлатқалы жатқан тағы бірінің қолынан атып, жазасын берді. Олар осылайша құз басындағы жаумен аңдысып, атысып жатқанда, заставадан сақшылар отряды келіп, шекара бұзушыларды тұс-тұсынан қоршап алып, тірілерін қолға түсірді.

Хаби тек қана жауынгерлер арасында беделді болып қойған жоқ. Оның өнегелі істері сол өңірдегі тау елінің тұрғындарына да жетті. Таулықтардың Хабиді жақсы көретіні сонша, кейде оның артынан өздері іздеп келіп, ақыл-кеңес алып тұратын. Көпшілік құрметіне бөленген жас жауынгер сол жылы КСРО Жоғарғы Советінің сайлауында Ұлттар Советіне депутат болып сайланды.

...1938 жылы Хаби Халиуллин Мәскеудің Әскери-саяси соғыс академиясында оқыды. Сонда қазақтың ұлттық атты әскер полкында эскадрон басқарған Әбілқайыр Баймолдин, даңқты ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры А.Байдуков, Хасан көлі маңындағы қақтығыста тамаша ерлік жасаған Кеңес Одағының Батыры Сергей Бамбуров, КСРО Жоғарғы Советінің депутаты, политрук Павел Замятинмен бірге болды. Хаби бұл достарымен талай рет теориялық, тактикалық сабақтарды бірге оқып, небір естен кетпес қызықты кештерді бірге өткізді. Сол жылы олар бірінші шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясына қатысты.

Қасиетті Отанымызға гитлершіл Германия басқыншылары баса-көктеп кіре бастағанда, Хаби Халиуллин тағы да өз еркімен майданға аттанды.

Мәскеуден шыққан эшелонмен Хаби Харьков бағытындағы алғы шепке жетті. 1942 жылдың қаңтары. 79-шекарашылар полкі ұрысқа дайындалуда. Полк командирі подполковник Грачев жаңадан келген комиссар Х.Халиуллинге полктің ұйымдасуы мен құрамы жөнінде қысқаша баяндап берді.

Полктің ең әуелі қырғын соғысқа араласуы Дунай бойынан басталыпты. Бұл Отан соғысының алғашқы күндері екен. Содан олар аты шулы Измаил қамалына бекініп, фашист дивизиясымен ұзақ шайқасыпты. Қаһарман шекарашыларға сол жылы Дунай Соғыс флоты көмектескен. Сөйтіп, фашист басқыншыларының алғашқы шабуылдарына полк ерлері қайтпай төтеп берген. Еселеп күш алған немістің «СС» дивизиясы 79-полктің екі қанатын ығыстырып, тылына ене бастаған кезде оларға 25-інші Қызыл Тулы дивизия кеп күш қосқан. Онан соң полк бірде ілгері басып, бірде кейін шегіне жүріп, Кировоградқа дейін шегініп келіпті. Днепропетровскийден Харьковке бет алған жаудың алғы шебін полк Лазовая, Павлоград, Красноград, Сахновщина түбінде тосып алып тоқтады. Осы жерде ол қайтадан толықтырылды. Комиссар Халиуллин келген кезде полктің взвод, роталары Изюм, Варвенково және Терістік Донец жағалауындағы селоларға, ал штабы Петровскийге орналасқан екен.

Қандай әскери бөлім, қандай батальон, полк болса да, оның комиссарсыз күні жоқ екені аян. Комиссар командир жоқ жерде – командир, командир бар жерде де – командир. Ол – саяси басшы, солдаттардың қамқоршысы.

Хаби келген күннен бастап шекарашылар полкінің тамыр-тамырына қан жүгіре бастады. Тәртібі босап кеткен ұйым жұмыстарын қайтадан ширата түсті. Жауынгерлер оны ә дегеннен-ақ танып, келе-келе әкесіндей жақсы көріп кетті.

Автор: Тілеу КӨЛБАЕВ

Бөлісу: