Арша — ағаштардың анасы

20 Қыркүйек 2013, 09:28

“Әуелі тәрбиенің анасы — бесік, әрі-беріден кейін бесік ананың құрсағынан басталады... Мұқаң айтқан “Бесігіңді түзе” деген сөзде терең мағына бар. Соның бірі – бесік ағашының таза әрі сапалы болуы. Ал сапалы бесік – арша ағашынан жасалған бесік. Арша – аса қасиетті ағаш. Қасиетті болатыны – оған анау-мынау ауру-сырқау жоламайды. Түрлі микробтарды, құбыжықтарды өлтіретін күші бар. Арша бесікке қызамық, қара шешек сияқты аурулар дарымайды... Шамаң жетсе, арша бесік тап. Аршаны көп өсір. Тұқымын құрта берме. Арша бесікке құт құйылады. Шіркін, сол бесікке бөленетін нәресте көп болса ғой...” (Шерхан Мұртаза)Ардақты да атпал ағамыздың жоғарыда келтірілген тұжырымды толғауы ұлтымыз бен арша ағашының арасындағы ажырамас байыпты байланыстың бар екендігін бүкіл әлемге паш етіп тұрғандығын байқататын ұлт пен табиғатқа деген жанашырлық сезімнің жанайқайы екенін бірден аңғаруға болады. Халқымыздың “Ағаштардың анасы – арша” деген теңеу сөзінде қаншама ұлағатты ұғым жатыр десеңізші! Ертеде небір асыл азаматтарымыз тағдыр тәлкегімен елден жырақ кеткенде бойтұмар ретінде арша ағашының кесінді жаңқасын өзімен бірге алып жүріп, елді, туған жерді сағынған кезде ауық-ауық сол арша ағашының жаңқасын мейірлене иіскеп мауқын басады екен. Дәл осындай сәтті өз жырына арқау еткен халқымыздың абыз ақсақалы Мұзафар Әлімбаев былай деп толғанады: — Не саған бойтұмардың көмегі бар? — Иіскесем, ем — дарулық себебі бар. — Тұмарда дұға орнында — жаңқа арша — Туған жер аршасы бұл! – деген бар. Қылқан жапырақты (ашық тұ-қымдылар) ағаштардың ішінде арша – кипаристер тұқымдасына жататын мәңгі жасыл бұта. Ағаш түрінде Жерорта теңізі, Солтүстік Америка, Мексикада өседі, биіктігі 10-15 метрге жетеді. Қазақстанда арша туысының 10 түрі өседі (кәдімгі арша, сауыр арша, дәрілік немесе сібір аршасы, зеравшан аршасы (қара арша), түркістан аршасы (балғын арша), қызыл арша, талас аршасы және т.б.) “Арша – орман анасы” деген қазақ мәтелі бостан- босқа айтылмаған. Арша көбінесе таулы жерлерде өседі. Халқымыздың аңыз әңгімелерінде, салт-дәстүр өлеңдерінде де арша ағашының өзіне тән ерекшеліктері, өсетін табиғи ортасы айтылады. Мысалы, “Тобылғы, баялыш, арша” деген аңыз әңгімеде «қарағайдың арша деген қызы, сексеуіл баялыш деген ұлы болыпты. Күндердің күнінде баялыш ер жетіп арша аруға ғашық болғандығын сездіріпті. Ал арша ару баялышты мүлде сүймепті. Содан олардың “әкелерінің” арасында да дау-жанжал туындап, оларды тобылғы келіп татуластырса да көнбепті. Содан сексеуіл мен баялыш тобылғыға еріп, еліміздің оңтүстігіне қарай қоныс аударыпты. Ал өз жеңісіне масаттанған ару қызы аршаны ертіп таулы алқапты таңдап көшіп кетіпті де, тасқа ғашық болыпты. Сексеуіл мен қарағайды татуластыра алмағанына ұялып қызарып кетіпті. Ал сексеуіл болса қайғыдан белі бүкірейіп кетіпті». Бұл аңызда әрбір ағаш пен бұтаның сыртқы түр сипаты, өскен табиғи орта жағдайлары көрініс тапқан. Халқымыздың “ағаш өлеңі” деп аталатын қара өлеңінде де арша ағашының таулы жерде өсетінін аңғартатын жолдар кездеседі. Мысалы, “Самырсын бата алып жасыл біткен, аршалар тасқа шығып асыл біткен” деген теңеулер соның айғағы бола алады. Таулы алқаптың арша көп өсетін өңірі көбіне “Аршалы сай” деп аталады. Мұндай жер-су атаулары да еліміздің көптеген аймағында кездеседі. СӘТІМБЕКОВ РЫСБАЙ

“Әуелі тәрбиенің анасы — бесік, әрі-беріден кейін бесік ананың құрсағынан басталады... Мұқаң айтқан “Бесігіңді түзе” деген сөзде терең мағына бар. Соның бірі – бесік ағашының таза әрі сапалы болуы.

Ал сапалы бесік – арша ағашынан жасалған бесік. Арша – аса қасиетті ағаш. Қасиетті болатыны – оған анау-мынау ауру-сырқау жоламайды. Түрлі микробтарды, құбыжықтарды өлтіретін күші бар. Арша бесікке қызамық, қара шешек сияқты аурулар дарымайды... Шамаң жетсе, арша бесік тап. Аршаны көп өсір. Тұқымын құрта берме. Арша бесікке құт құйылады. Шіркін, сол бесікке бөленетін нәресте көп болса ғой...”

(Шерхан Мұртаза)Ардақты да атпал ағамыздың жоғарыда келтірілген тұжырымды толғауы ұлтымыз бен арша ағашының арасындағы ажырамас байыпты байланыстың бар екендігін бүкіл әлемге паш етіп тұрғандығын байқататын ұлт пен табиғатқа деген жанашырлық сезімнің жанайқайы екенін бірден аңғаруға болады.

Халқымыздың “Ағаштардың анасы – арша” деген теңеу сөзінде қаншама ұлағатты ұғым жатыр десеңізші! Ертеде небір асыл азаматтарымыз тағдыр тәлкегімен елден жырақ кеткенде бойтұмар ретінде арша ағашының кесінді жаңқасын өзімен бірге алып жүріп, елді, туған жерді сағынған кезде ауық-ауық сол арша ағашының жаңқасын мейірлене иіскеп мауқын басады екен. Дәл осындай сәтті өз жырына арқау еткен халқымыздың абыз ақсақалы Мұзафар Әлімбаев былай деп толғанады:

— Не саған бойтұмардың

көмегі бар?

— Иіскесем, ем — дарулық

себебі бар.

— Тұмарда дұға орнында —

жаңқа арша

— Туған жер аршасы бұл! –

деген бар.

Қылқан жапырақты (ашық тұ-қымдылар) ағаштардың ішінде арша – кипаристер тұқымдасына жататын мәңгі жасыл бұта. Ағаш түрінде Жерорта теңізі, Солтүстік Америка, Мексикада өседі, биіктігі 10-15 метрге жетеді. Қазақстанда арша туысының 10 түрі өседі (кәдімгі арша, сауыр арша, дәрілік немесе сібір аршасы, зеравшан аршасы (қара арша), түркістан аршасы (балғын арша), қызыл арша, талас аршасы және т.б.) “Арша – орман анасы” деген қазақ мәтелі бостан- босқа айтылмаған. Арша көбінесе таулы жерлерде өседі. Халқымыздың аңыз әңгімелерінде, салт-дәстүр өлеңдерінде де арша ағашының өзіне тән ерекшеліктері, өсетін табиғи ортасы айтылады. Мысалы, “Тобылғы, баялыш, арша” деген аңыз әңгімеде «қарағайдың арша деген қызы, сексеуіл баялыш деген ұлы болыпты. Күндердің күнінде баялыш ер жетіп арша аруға ғашық болғандығын сездіріпті. Ал арша ару баялышты мүлде сүймепті. Содан олардың “әкелерінің” арасында да дау-жанжал туындап, оларды тобылғы келіп татуластырса да көнбепті. Содан сексеуіл мен баялыш тобылғыға еріп, еліміздің оңтүстігіне қарай қоныс аударыпты. Ал өз жеңісіне масаттанған ару қызы аршаны ертіп таулы алқапты таңдап көшіп кетіпті де, тасқа ғашық болыпты. Сексеуіл мен қарағайды татуластыра алмағанына ұялып қызарып кетіпті. Ал сексеуіл болса қайғыдан белі бүкірейіп кетіпті».

Бұл аңызда әрбір ағаш пен бұтаның сыртқы түр сипаты, өскен табиғи орта жағдайлары көрініс тапқан. Халқымыздың “ағаш өлеңі” деп аталатын қара өлеңінде де арша ағашының таулы жерде өсетінін аңғартатын жолдар кездеседі. Мысалы, “Самырсын бата алып жасыл біткен, аршалар тасқа шығып асыл біткен” деген теңеулер соның айғағы бола алады.

Таулы алқаптың арша көп өсетін өңірі көбіне “Аршалы сай” деп аталады. Мұндай жер-су атаулары да еліміздің көптеген аймағында кездеседі.

СӘТІМБЕКОВ РЫСБАЙ

Бөлісу: