20 Қыркүйек 2013, 09:16
ІХ-ХІ ғасырларда өмір сүрген Оғыз мемлекетінің орталығы Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан Янгикент (Жаңакент) қаласы болды. Жаңа Ғұзия (Жанкент) оғыз даласын Хорезм, Мәуереннахр және Қорасанмен байланыстыратын дәліз есебінде болды. Сырдария бойындағы оғыз жағбуына қараған қалалар керуен және өзен сауда жолдарындағы маңызды бекет қызметтерін атқарды. Бүгінге күнге дейін оғыз астанасының орны сақталған. Ол — Арал теңізі маңында Қазалы қаласына жақын жерде орналасқан Жанкент қалашығы. Осы археологиялық ескерткіштің жанында тағы екі ірі қаланың орны бар. Біріншісі – Күйіккескен-қала, екіншісі – Күйік-қала деп аталады. Жаңадарияның бойында Жент қаласының орны жатыр.
Белгілі шығыстанушы В.В.Бартольд түрк атауын иеленіп, қуатты Түрк мемлекетін құрған тайпалардың бірі – Оғыз дей отырып, «Орта Азияда тоғыз-оғыз болғанына Орхон жазбалары дәлел» десе, ал Маркварт оғызға тонгра, байырқу, хунь, сы-цзе (сукит), си-цзе (сап), эдиз және тоғыз ру немесе тоғыз-оғыз кірді деп жазады. VІІ ғасырдың басында тоғыз-оғыз одағы Түрк қағандығы құрамында болды. Н.Я.Бичурин де өзінің «Орта Азияны мекендеген ежелгі халықтар туралы мәліметтерінде» Шығыс Түрк қағандығы Ашина ұрпағы «түрк» атауымен оғыз-түрк тайпалар одағындағы әкімшілік бірлікті құрады дейді. Оғызға батыс түрктердің тағы он руы қараған. Олар өздерін он-оғыз деп білген.
Біздің алға қойған мақсатымыз – ІХ-ХІ ғасырларда Сырдария өзені мен Арал теңізі маңын және Каспий теңізінің оңтүстігін мекендеген теле тайпаларының бірі – оғыз тарихын айта отырып, оның астанасы қазіргі Қазалы қаласына маңында орналасқан Жанкент қалашығын көпшілікке таныту әрі оны ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру. Сол үшін де біз оғыз тарихына кеңірек тоқталуымыз қажет. Оғыз – тарихи тұрғыдан түрікмен, өзбек, қарақалпақ т.б. халықтардың да түпкі аталарының бірінен саналады. ХІ-ХІІІ ғасырларда Кавказ бен Кіші Азияға өткен оғыздың оңтүстік тобы әзірбайжан, түрік, гагауз халықтарының этногенезінде де маңызды рөл атқарды. Махмұт Қашқари өзінің «Түрк сөздігінде» Сабран (Сауран), Сіткүн (Сүткент), Суғнақ (Сығанақ), Қарнақ, Жент қалаларын Оғыз шаһарлары деп, ал «Man қышlaқ – Маңғыстау. Оғыз өлкесіндегі бір жердің аты» болды деп жазады.
Қазақ тарихнамасында толыққанды зерттеуді қажет ететін мәселе — қазақ халқының қалыптасуында маңызды рөл атқарған динлин, одан тарайтын бома, теле, юечжи, сэ немесе сақ, ас немесе алан, оғыз, утигур, кутригур, т.б. этнонимдер тарихы. Қалған этнонимдердің тарихын келесі кезекке қалдыра отырып, қазір біз тек оғыз этнонимі туралы қысқаша мәліметтер берсек дейміз.
КЛАРА СӘРКЕНОВА