20 Қыркүйек 2013, 06:00
Жанында бір топ жолдас-жорасы бар Қалдыбай Ерейментау өңірінде жолаушылап жүріп, атақты Бөгенбай батырдың шөбересі Саққұлақ бидің ауылында қонақ болыпты. Ақынның есіміне қанық және ол Алшынбайдай азулы бимен дос-жар, сыйлас адам екенін білетін Саққұлақ асты-үстіне түсіп, жақсылап күтеді. Құлын сойып, сары қымыз сапырып, ерекше күтімге алады.
Бидің сый-құрметіне бейіл берген қонақтар бірер күн сол ауылға еру жасап, әбден тынығады. Барған ауылынан, берген қонақасынан, ең болмаса келін-кепшіктің жүріс-тұрысынан бір мін тауып, шымбайға бататын шымшыма шумақтарымен соңында сөз қалдыратын Қалдекең тілі қанша қышыса да тиісерге сылтау таба алмайды. Қонақтарына қылау түсірмей күткен Саққұлақтың ауылы меймандостықтың шегінен шығады. Ақыры мысы құрып, қайтуға жиналған шақта ақын жанындағы серіктерінің ішіндегі жас жігітті шақырып алып:
– Қалдыбай атым бола тұра бұл ауылға бірер ауыз сөз тастамай кетуге болмас. Саққұлақтың сый-құрметінен өз басым қылдай мін таба алмадым. Дегенмен, бір іс жасауымыз керек. Сен ешкімге сездірмей, бидің анау тұрған ақбоз атының күміс тиекті шідерін шешіп алып, бір қараша үйдің үзігіне тастай сал. Одан кейінгісін өзім ептестіремін, – деп тапсырма береді.
Ақынның бұйрығы бұлжытпай орындалып, жолға шығар алдында сусындап алған меймандар жүруге жиналады. Сол кезде ауылдың шат-шәлекейі шығады. Бидің аты шідерсіз жүргенін көрген баласы байбалам салып, «шідерді сендер ұрладыңдар» деп қонақтарға соқтығады. Ештеңе білмейтін өзге жолаушылар өздерінің ақтығын алдыға тартып, ант-су ішеді. Қалдыбай ғана ішінен тынып, сабырлы қалпында отыра береді. Баланың тоқтайтын түрі көрінбегеннен кейін:
– Қарағым, көңіліңдегі күдік сейілсін, қойны-қонышымызды, қанжығадағы қоржын-қапшығымызды түгел адақтап шық, – деп кеңшілік береді. Бидің баласы, топ басшысы Қалдекеңнен бастап, барлық қонақтың тұла бойын, ер-тұрманын тексеріп шығады. Шідер табылмайды. Осыдан кейін ғана меймандар ауыл егесінен рұқсат сұрап, аттанып кетеді.
Жолаушылар қозыкөш жерге ұзағаннан кейін соңдарынан қуғыншы келе жатқанын көреді де, ат тізгінін тартып, күтіп алады. Қараса, жанында екі жігіті бар, Саққұлақ бидің ұлы екен. Қалдыбай ақын:
– Қарағым, жай жүрсің бе? – деп сұрайды.
– Шідерді алған сендерсіңдер. Оны ұрлайтындай басқа адамның жөні жоқ. Қане, тауып беріңдер! – деп тепсінеді. Осы жерге келгенде Қалдекең:
– Балам, сен мына сөзді ұғып ал да әкең Саққұлақ биге жеткіз. Сөз содан кейін жалғасар.
Саққұлақ би, жақсы екен жамбас жеген,
Жақсыдан жаман туса оңбас деген.
Шешеңнен бір кінарат болған шығар,
Ит нәжісі қылшықсыз болмас деген, – деп, баланы ауылына қайтарып, өзі биді күтіп қалады. Бала дереу ауылына шауып барады да, әкесіне Қалдыбай ақынның сәлемін жеткізеді. Сөздің мәнін бірден ұққан, тоқалының жақын қайындарының бірімен өсегі бар деген әңгіме ақынның да құлағына жеткенін білген Саққұлақ би дереу атқа қонып, Қалдыбайдың қасына жеткен бетінде бірден шылбырына оралып:
– Оу, Қалдекем-ау, мені тірідей өлтірдің ғой. Әлгі жүгірмек шідері бар болғырды қайдан ғана іздей қалып еді. Енді жаңағы сөзді жан баласына тісіңнен шығарма. Қазір ауылға жүр, тағы бір сыбағаңды жеп кет. Ат-шапан айыбым дайын тұр, – деп ақынды қайтадан ауылына апарады. Сол арада қараша үйдің үзігінде жатқан шідер де табылады. Қалдыбайларды бірнеше күн қонақ қылып, риза етіп аттандырады. Әйткенмен, Саққұлақ қанша қол қусырып, қошемет көрсетсе де, ақынның отыз тісінен шыққан сөз отыз рулы елге тарап, жайылып кетеді.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ