Қалдыбай ақын туралы

20 Қыркүйек 2013, 05:58

Халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі – Қалдыбай даланың әйгілі шонжарлары Алшынбай, Баймұрын, Құнанбай, Мұса, Тәттімбет заманында ғұмыр кешкен екен. Есімі Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың жазбаларында, ауызекі әдебиет жайлы ой-пікірлерінде ұшырасып қалатын Қалдыбай жайлы бүгінгі зерттеушілердің білетіні мардымсыз. Қатардағы көп оқырман, тіпті, ештеңе сезбейді десе де болады. Осы тұрғыдан алғанда әйгілі жазушы, халық ауыз әдебиетінің үлкен жанашырларының бірі, жоғарыда есімі аталған Сәбеңнің: «ХІХ ғасыр ақындарының көпшілігі тарихқа мәлім. Мәселен, Орынбай, Шортанбай, Шөже, Балта, Кемпірбай, Қалдыбай, Тезекбай және тағы басқалар. Күні бұрын ескерте кететін өкінішті бір кемшілік – әдебиеттану ғылымы едәуір марқайып қалса да осы аты аталған ақындардың көпшілігінің шығармалары мен өмірбаяндарын әлі толық айқындап, анықтай алмауында. Біз әзірге ол ақындардың көпшілігінің туған жері мен өз атын ғана білеміз, нақты қай жылы туғанын, қашан өлгенін, ақындық өмірінде неше рет айтысқанын, қандай жырлар қалдырғанын аз білеміз», – деген пікірі әділ сөз, айқын тұжырым демеске шарамыз жоқ.  Қалдыбай ақын, ұлы Мұхаңның сөзімен айтқанда, бүкіл Қарқаралы дуа­нын жатқызып-тұрғызған әйгілі Алшынбай бидің құрдасы, үзеңгілес серігі болған екен. Сондықтан, ол шамамен XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың алғашқы жартысында ғұмыр кешкен деп шамалаймыз. «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясында (Алматы, «Атамұра», 2006.) Алшынбай Тіленшіұлы 1784 жылы туған деп көрсетілген. Қалдыбай осы кісінің тұстасы болғандықтан, оқырмандар назарына жоғарыдағы межені ұсынып отырмыз. Өз дәуірінің перзенті болғандықтан, Қалдыбай қожа шығармашылығының біздің қолымызға жеткен жұрнағынан ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ даласында өткен оқиғалардың, ел ағаларының қарым-қатынасы мен қақтығыстардың сарынын аңғарамыз. Соның ішінде осыдан бір жарым-екі ғасыр бұрынғы далалық демократияның кемелдігі таң қалдырады. Арқалы ақын қолында билігі, қапталында сойыл соғар жұрты бар мықтылардың өзін өлеңімен қағытып, шымбайға бататын шумақтарын айтып тастап отырады екен. Сол заманда ел тізгінін ұстағандардың қазіргі кейбір есерлерден бір айырмашылығы—аталы сөзге тоқтап, орынды сынды қабылдайтындай естілік танытыпты.  Алшынбайдың ел билігін берік ұстаған, тіпті, кексе тартқан шағы болса керек, Сүйіндік-Қаржас елінің бір қадірлі ақсақалы, заманында болып-толған мырзасы қайтыс болып, болжалды мерзім өткеннен кейін соңында қалған ұрпақтары Көкшетау мен Шыңғыс, Қарқаралы мен Қара Ертіс бойын қоныстанған қалың елді жинаған ұлан-асыр ас өткізеді. Дүбірлі думанға сойысын айдап, сабасын теңдеп, балуанын шынжырлап, күлігін тізгіндеп Алшекең де барыпты. Жанында айнымас серігі Қалдыбай қожа да бар екен. Ас сән-салтанатымен өтіп болған соң, аруақтың соңында қалған ет жақындары әр тараптан жиналған ата баласына, ел сөзін ұстаған жақсы-жайсаңдарға сыбаға үлестіреді. Асты басқарған Шорманның Мұсасы Алшекеңді сынағысы келе ме, әлде аға сұлтандық лауазымға Тобықтының Құнанбайы өтіп кетіп, өзі сайланбағандықтан көңілде қалған қыжылы бар ма, «әкеміздің тақымы тиген жорға еді» деп, биге бір кәрі ат мінгізеді. Жиын үстінде көрсетілген сый-құрмет те олқы соғып, ширығып отырған Алшынбай үзеңгі серігі Қалдыбайға қарап: – Әй, сарт, мыналарға бірдеңе айтсайшы, – депті-мыс. Сонда Қалдыбай ақын табан аузында: – Бошаннан Қара-Шорды ірі көрдің, Қатып қалған көн тулақ, сірі бердің. Абыройың кетер еді бұдан жаман, Кеудесінде жаны бар – тірі бердің, –  деген екен. Дүйім жұрттың алдында сілейтіп салған ақынға жасар қайраны болмаған ас иелері кешірім сұрап, ат-шапан айып төлепті. Ермек БАЛТАШҰЛЫ

Халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі – Қалдыбай даланың әйгілі шонжарлары Алшынбай, Баймұрын, Құнанбай, Мұса, Тәттімбет заманында ғұмыр кешкен екен. Есімі Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың жазбаларында, ауызекі әдебиет жайлы ой-пікірлерінде ұшырасып қалатын Қалдыбай жайлы бүгінгі зерттеушілердің білетіні мардымсыз. Қатардағы көп оқырман, тіпті, ештеңе сезбейді десе де болады. Осы тұрғыдан алғанда әйгілі жазушы, халық ауыз әдебиетінің үлкен жанашырларының бірі, жоғарыда есімі аталған Сәбеңнің: «ХІХ ғасыр ақындарының көпшілігі тарихқа мәлім. Мәселен, Орынбай, Шортанбай, Шөже, Балта, Кемпірбай, Қалдыбай, Тезекбай және тағы басқалар. Күні бұрын ескерте кететін өкінішті бір кемшілік – әдебиеттану ғылымы едәуір марқайып қалса да осы аты аталған ақындардың көпшілігінің шығармалары мен өмірбаяндарын әлі толық айқындап, анықтай алмауында. Біз әзірге ол ақындардың көпшілігінің туған жері мен өз атын ғана білеміз, нақты қай жылы туғанын, қашан өлгенін, ақындық өмірінде неше рет айтысқанын, қандай жырлар қалдырғанын аз білеміз», – деген пікірі әділ сөз, айқын тұжырым демеске шарамыз жоқ. 

Қалдыбай ақын, ұлы Мұхаңның сөзімен айтқанда, бүкіл Қарқаралы дуа­нын жатқызып-тұрғызған әйгілі Алшынбай бидің құрдасы, үзеңгілес серігі болған екен. Сондықтан, ол шамамен XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың алғашқы жартысында ғұмыр кешкен деп шамалаймыз. «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясында (Алматы, «Атамұра», 2006.) Алшынбай Тіленшіұлы 1784 жылы туған деп көрсетілген. Қалдыбай осы кісінің тұстасы болғандықтан, оқырмандар назарына жоғарыдағы межені ұсынып отырмыз.

Өз дәуірінің перзенті болғандықтан, Қалдыбай қожа шығармашылығының біздің қолымызға жеткен жұрнағынан ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ даласында өткен оқиғалардың, ел ағаларының қарым-қатынасы мен қақтығыстардың сарынын аңғарамыз. Соның ішінде осыдан бір жарым-екі ғасыр бұрынғы далалық демократияның кемелдігі таң қалдырады. Арқалы ақын қолында билігі, қапталында сойыл соғар жұрты бар мықтылардың өзін өлеңімен қағытып, шымбайға бататын шумақтарын айтып тастап отырады екен. Сол заманда ел тізгінін ұстағандардың қазіргі кейбір есерлерден бір айырмашылығы—аталы сөзге тоқтап, орынды сынды қабылдайтындай естілік танытыпты. 

Алшынбайдың ел билігін берік ұстаған, тіпті, кексе тартқан шағы болса керек, Сүйіндік-Қаржас елінің бір қадірлі ақсақалы, заманында болып-толған мырзасы қайтыс болып, болжалды мерзім өткеннен кейін соңында қалған ұрпақтары Көкшетау мен Шыңғыс, Қарқаралы мен Қара Ертіс бойын қоныстанған қалың елді жинаған ұлан-асыр ас өткізеді. Дүбірлі думанға сойысын айдап, сабасын теңдеп, балуанын шынжырлап, күлігін тізгіндеп Алшекең де барыпты. Жанында айнымас серігі Қалдыбай қожа да бар екен. Ас сән-салтанатымен өтіп болған соң, аруақтың соңында қалған ет жақындары әр тараптан жиналған ата баласына, ел сөзін ұстаған жақсы-жайсаңдарға сыбаға үлестіреді. Асты басқарған Шорманның Мұсасы Алшекеңді сынағысы келе ме, әлде аға сұлтандық лауазымға Тобықтының Құнанбайы өтіп кетіп, өзі сайланбағандықтан көңілде қалған қыжылы бар ма, «әкеміздің тақымы тиген жорға еді» деп, биге бір кәрі ат мінгізеді. Жиын үстінде көрсетілген сый-құрмет те олқы соғып, ширығып отырған Алшынбай үзеңгі серігі Қалдыбайға қарап:

– Әй, сарт, мыналарға бірдеңе айтсайшы, – депті-мыс. Сонда Қалдыбай ақын табан аузында:

– Бошаннан Қара-Шорды ірі көрдің,

Қатып қалған көн тулақ, сірі бердің.

Абыройың кетер еді бұдан жаман,

Кеудесінде жаны бар – тірі бердің, – 

деген екен. Дүйім жұрттың алдында сілейтіп салған ақынға жасар қайраны болмаған ас иелері кешірім сұрап, ат-шапан айып төлепті.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ

Бөлісу: