Жалғыздық

20 Қыркүйек 2013, 05:35

Жалғыздық – Оралхан Бөкейдің шығар­маларындағы басты желі, көркем түйсіктің тереңінде ұйлыққан көңіл ауаны, пендеге тиесілі жазмыштың сыйы деңгейінде шендестірілген көркем бейнелеу жүйесінің жиынтығы, иірілген ойдың шүйкесі міндетін атқарды. Тіпті «Өз отыңды өшірме...», «Атау-кере» сияқты іргелі, кесек те көлемді, әртүрлі тартыстың тамырлары тоғысатын романдарының өзінде кейіпкерлер жалғыз­дықпен жиі бетпе-бет қалады. Мұның бас­ты себебі, ол шығармаларына оқиғаны желі етіп алудан бойын аулақ салды. Барлық кейіпкерлері тек ішкі толғаныс арқылы тұлғаланды. Тіпті публицистикалық туындыларының өзінде ол адамның ішкі ой иірімін басты нысана етіп алды. Бұл ретте Оралхан Бөкей журналистика саласында лирикалық кейіпкерді очерк жанрының бір қыры есебінде орнықтырған қаламгер.  Оралханның шығармаларындағы сол жалғыздықты сезіндіретін де және сол жалғыздықтан құтқаратын да табиғат болатын. «Қар қызындағы», «Құм мінезіндегі», «Жетім ботадағы» – ән салатын шағылдар, ән айтатын, жылайтын құм төбелер, «күрсінетін, өкситін, өзіне шақырып күлетін толқындар» жалғыздықтан кеудесі сартап болып зарыққан жалғыздың жүрегін әлдилейді. Қоғамнан түңілген кейіпкерлер табиғаттың тосын да мылқау құбылысымен ғана сырласа алады және одан жауап алады. Мұндай тылсым үйлесімдердің кейіпкердің ішкі әлемімен астасып кететіні сондай, оқырманын «бота жетектеген қыздың» толқынды кешіп, күнге қарай бет алып бара жатқанына иландырады. Оны иландыртып тұрған – тек қана Оралханның жазу мәнеріне ғана тән, көркем әсерің мен ойыңды жоғары-төменді, ілгерінді-кейінді, оңды-солды шайқайтын лықсымалы шалықтаулар (пафос).  Оның бұл тәсілді – оқырманның өзін кейіпкердің көңіл күйімен үндестіріп жіберетін пафосты шебер меңгергені сондай, Оралханның оқырмандары (иә, Оралханның өз оқырманы болды) «ай астындағы айдында бота жетектеген қызбен бірге теңіз кешіп кеткісі» келетін. Бұл ретте ол өз кезеңіндегі «культтік» сипаттағы жазушы болды. Оның шығармалары оқыған адамды ешқашан да бей-жай қалдырған емес. Үнемі сана мен көңіл толқынын шайқап отырды. Бір сәт көңіліңді аспанға ұшырып, еш түсініксіз «бәрі де өткеннің садағасы» деп кейіпкерін жерге қарай лақтыра салу, содан кейін әлдебір емеурін арқылы жұбата салу, қайрып өзінің көңіл ауанына түсіру – сол жалғыздықты жұбатқан жазушылық әлдиі сияқты әсер қалдыратын. Міне, осындай лықсымалы ша­лық­таулар – ішкі ырғақпен, жосылып тұрған көркем тілмен, табиғат суретімен астасқанда, кейіпкердің шарасыздықтан туындаған жандүниесі аса қуатты әсерге бөледі. Қарама-қарсы көркем тәсілдердің ағыстары мен ырғағының осылай лирикалық әуенмен шарпыса үйлесім табуы оның көркем әлемін құбылысқа айналдырды. Әдебиеттің ешқандай теориясына бағынбайтын, өлшемге симайтын. Өз тұсындағы әдебиет сыншыларын былай қойғанда, қисынмен (теориямен) қаруланған зерттеушілердің де осы күнге дейін оның шығармаларының ерекшелігін тап басып тани алмай жүргендігі де сондықтан. Өйткені, оның туындыларында кеңістік пен уақыт категориясы әр сөйлемде, әр абзацта алма-кезек алмасып жататын. Ал бұл тәсіл «Айқай» («Шайтан көпір»), «Атау-кере» хикаяттарында өзінің шарықтау шегіне жетті. Осы екі хикаяттағы Дауыс, Аспан, Айқай кім, иә, кім? Қазіргі уақытқа, өткен заманға қаһарын төгіп тұрған кімнің дауысы, кімнің айқайы, қай аспан?  Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Жалғыздық – Оралхан Бөкейдің шығар­маларындағы басты желі, көркем түйсіктің тереңінде ұйлыққан көңіл ауаны, пендеге тиесілі жазмыштың сыйы деңгейінде шендестірілген көркем бейнелеу жүйесінің жиынтығы, иірілген ойдың шүйкесі міндетін атқарды. Тіпті «Өз отыңды өшірме...», «Атау-кере» сияқты іргелі, кесек те көлемді, әртүрлі тартыстың тамырлары тоғысатын романдарының өзінде кейіпкерлер жалғыз­дықпен жиі бетпе-бет қалады. Мұның бас­ты себебі, ол шығармаларына оқиғаны желі етіп алудан бойын аулақ салды. Барлық кейіпкерлері тек ішкі толғаныс арқылы тұлғаланды. Тіпті публицистикалық туындыларының өзінде ол адамның ішкі ой иірімін басты нысана етіп алды. Бұл ретте Оралхан Бөкей журналистика саласында лирикалық кейіпкерді очерк жанрының бір қыры есебінде орнықтырған қаламгер. 

Оралханның шығармаларындағы сол жалғыздықты сезіндіретін де және сол жалғыздықтан құтқаратын да табиғат болатын. «Қар қызындағы», «Құм мінезіндегі», «Жетім ботадағы» – ән салатын шағылдар, ән айтатын, жылайтын құм төбелер, «күрсінетін, өкситін, өзіне шақырып күлетін толқындар» жалғыздықтан кеудесі сартап болып зарыққан жалғыздың жүрегін әлдилейді. Қоғамнан түңілген кейіпкерлер табиғаттың тосын да мылқау құбылысымен ғана сырласа алады және одан жауап алады. Мұндай тылсым үйлесімдердің кейіпкердің ішкі әлемімен астасып кететіні сондай, оқырманын «бота жетектеген қыздың» толқынды кешіп, күнге қарай бет алып бара жатқанына иландырады. Оны иландыртып тұрған – тек қана Оралханның жазу мәнеріне ғана тән, көркем әсерің мен ойыңды жоғары-төменді, ілгерінді-кейінді, оңды-солды шайқайтын лықсымалы шалықтаулар (пафос). 

Оның бұл тәсілді – оқырманның өзін кейіпкердің көңіл күйімен үндестіріп жіберетін пафосты шебер меңгергені сондай, Оралханның оқырмандары (иә, Оралханның өз оқырманы болды) «ай астындағы айдында бота жетектеген қызбен бірге теңіз кешіп кеткісі» келетін. Бұл ретте ол өз кезеңіндегі «культтік» сипаттағы жазушы болды. Оның шығармалары оқыған адамды ешқашан да бей-жай қалдырған емес. Үнемі сана мен көңіл толқынын шайқап отырды. Бір сәт көңіліңді аспанға ұшырып, еш түсініксіз «бәрі де өткеннің садағасы» деп кейіпкерін жерге қарай лақтыра салу, содан кейін әлдебір емеурін арқылы жұбата салу, қайрып өзінің көңіл ауанына түсіру – сол жалғыздықты жұбатқан жазушылық әлдиі сияқты әсер қалдыратын.

Міне, осындай лықсымалы ша­лық­таулар – ішкі ырғақпен, жосылып тұрған көркем тілмен, табиғат суретімен астасқанда, кейіпкердің шарасыздықтан туындаған жандүниесі аса қуатты әсерге бөледі. Қарама-қарсы көркем тәсілдердің ағыстары мен ырғағының осылай лирикалық әуенмен шарпыса үйлесім табуы оның көркем әлемін құбылысқа айналдырды. Әдебиеттің ешқандай теориясына бағынбайтын, өлшемге симайтын. Өз тұсындағы әдебиет сыншыларын былай қойғанда, қисынмен (теориямен) қаруланған зерттеушілердің де осы күнге дейін оның шығармаларының ерекшелігін тап басып тани алмай жүргендігі де сондықтан. Өйткені, оның туындыларында кеңістік пен уақыт категориясы әр сөйлемде, әр абзацта алма-кезек алмасып жататын. Ал бұл тәсіл «Айқай» («Шайтан көпір»), «Атау-кере» хикаяттарында өзінің шарықтау шегіне жетті. Осы екі хикаяттағы Дауыс, Аспан, Айқай кім, иә, кім? Қазіргі уақытқа, өткен заманға қаһарын төгіп тұрған кімнің дауысы, кімнің айқайы, қай аспан? 

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Бөлісу: