Оның көркем әлемі

20 Қыркүйек 2013, 05:33

Ол – жалпы әдебиет әлеміне роман­тикалық-сентиментальдік ағымды реализмге теліген, Антуан сент де Экзюпери, Ясунари Кавабата, Джером Сэлинджер сияқты бірегей суреткерлер қатарындағы талант мінезінің бір ашылған, бір қыры құпия күйін сақтап қалған тұғырлы да, тылсым тұлға болып саналады. Оның адамдық мінезі де, қаламгерлік қыры да, өзі ең жақын тартқан етбауырларына да толық әдібін жазбай кетті. Оралханның жақын да жат, кейде ыстық, кейде жатбауыр кейіпкерлерінің ішкі әлемі сол қыртысы тегістелмеген күйі бүгінгі күннен аттап, ертеңгі күнге бел асып барады. Мұнда Оралханға театр факультетінің табалдырығын аттатқан актерлік қабілетінің де сыбағасы бар.  Оның көркем әлемі – мәңгілік аңсарлы әлем. Экэюпери – аспан әлемін, Кавабата – Фудзияманы, Джером Сэлинджер – бозбалалар әлемін қалай дүние оқырмандарының аңсарына айналдырса, Оралхан Бөкей – Алтайды, Өр Алтайды сондай нысаналық бейнеге айналдырды. Оның шығармаларындағы Алтай – тек алыстан ағараңдап, бір шөкім бұлт құсап бұлаңдаған Ақсөре (Мұзтау) ғана емес, ол – иман мен адамгершіліктің, пәктік пен тазалықтың, жігер мен ерліктің, өрлік пен еркіндіктің Ақсөресі – өлшемі болды. Оның барлық кейіпкерлері үнемі сол шыңға ұмтылу, жету жолындағы арпалыста суреттелуінің астары сонда. Тіпті құм мен теңіз туралы туындыларының өзінен де Алтай мен Ақсөренің рухы танылып, кейіпкерлері биікке ұмтылып тұрады. Ол өзінің жеке өмірінде де, шығармаларында да Алтайды жырлап өтті және санасы мен кеудесін керген Алтайға деген сол сағынышы басылмай кетті. Алтай – Оралхан Бөкейұлының жалғыз ғашығы, жалғыз және ең басты кейіпкері болып қалды.  Алтайдың асқақ Ақсөресі (Мұзтау) – ол үшін мәңгілік мұрат пен аңсар нысанасына ұмтылған, аспандағы бұлтқа сауал қойған мұңлы әрі қиялилау, санасы мен сезімі қосарлана булықтырған шақта құмығып барып тосын қимылға баратын, Бұқтырмамен, яғни, заман ағысымен салынды болып кетпей, өрге ұмтылған шарасыз момындардың рухани мәресі. Оның алғашқы әңгімесіндегі қаяу көңілді Ғайни ғана тау қойнына тығылып ұятына ұя табады. Ал қалған туындыларының барлығындағы желі табиғаттың, яғни, Алтайдың баурынан басталып, заман аңғарымен Ақсөреге – Мұзтауға қарай бет алып бара жатып, өрге өршелене ұмтылып, көктемде өзенді бойлап барып, уылдырығын шашып, мерт болатын көксерке құсап, не найзағайдан, не бораннан, не сеңнен, не селден, не көшкіннен, не өзен тасқынынан тосқауылға ұшырайды. Бұл тек тағдыр мен табиғаттың ғана тосқауылы емес, заманның тосқауылы болатын.  Оралханның емеурінсіз, астарсыз, өткен заман мен өз тұсындағы қысымы басым кеңістік пен өмірді салыстыра меңземеген: Терісаққан неге теріс ағады? Терісаққан Есілге құяды. Есіл қайда құяды. Шіркін, Есіл Терісаққанға құйсашы – деген іспетті екіұшты ойға қалдырмайтын бір де бір шығармасы жоқ. Ол осы екіұшты көркем емеурінімен де қазақ прозасына соны бетбұрыс әкелген «Сарыарқаның самалы», «Қамшыгер», «Бура», «Ардақ» сияқты алғашқы әңгімелерімен шығармашылық даралыққа ие болды. Мұндағы сенти­ментальді-романтикалық сарын мен себепсіз шалық (пафос) астаса келе сөзсіз, ыммен ғана қазақ ұлтының тауқыметті, кейде үмітсіз тағдыры туралы мұңлы сезім татын тұщындыратын. Расында да, неге Терісаққан? Теріс ағып тұрған заман ағысы емес пе. Есіл – Обьқа, Обь – мұхитқа құяды. Демек, Терісаққанның сусырап жатқан қазақ сақарасына тамшысы тамбайтынын меңзеп отыр ма? Бура поезға келіп соғылып өледі. «Заман қарайғыры даланың бурасын таптап кетіп барады» – дейді. Сонда Бура – қазақ ұлты да, поезд – отаршыл империя ма. Күнәсіз, қиянаттан хабары жоқ, жаны да, тәні де пәк Ардақ қыз неге қара күштің құрбандығына шалынады. Мына қамшыгер социализм заманында неғып шекара аттап жүр. Қаруын неге іздейді. Неге: Бәрін де «өткеннің садағасы» – деп мына заманға жеріне қарайды?  Иен далада киесінен айырылып, иесіз ағып жатқан Терісаққан, иесі мен киесінен қоса айырылып, ызадан булығып, кетіп бара жатқан поезды соққан Бура, мысы мен мекенінен адаланған, қамшысының ұшымен киесін қайтарғысы келіп жүрген Қамшыгер (кейіпкердің атының өзінен саяси емеурінді астар іздеген баспа редакторы оның есімін Садақбай деп өзгерттірген), киесінен де, есінен де айырылған, тәнін тілгілеп кеткен жауыздықтың не екенін білмеген Марқакөлдің Ардағы (мұнда Жүсіпбек Аймауытовтың Ақбілегінің ұзын сарыны бар), елінен де, жерінен де, баласынан да айырылып, Ай мен дала ғана жұбатқан, айдалада аңырап қалған Айпара бейнелеріндегі аңырау сарыны «Кербұғы» арқылы көркем тұжырымын тапты. Ұлы даланың ұлы сарыны, кеңістік ырғағы, уақыт әуені құлақ күйін келтірген шығармашылық аңсар Алтайдың аңғары мен қапталына келіп құндақталды. Алайда замана ауаны мен заман ырғағының озан әлдиі Оралхан шығармаларының ұзына бойындағы бұрау желісі болып қалды.  Енді ол көңіл-күй «Жасын», «Үркер», «Жылымық», «Қасқыр ұлыған түн» арқылы «Қар қызы», «Мұзтау» хикаяттарына ұласып, ондағы оқиға сарыны уақыттық сыпатта көрініп, өз заманының пернесін бас­ты. «Қысы ұзақ» қар басқан, ызғарлы «мынау аппақ дүниені» заман ызғары ретінде емеуірін етіп алып, сол ызғырықта өмір сүрген, қиял мен қияли өмірдің арасында үскірікке ұшыраған жандардың жан қысымы – өмірден тыс шеңберде, қиян құзда, шыған шыңда, алыс асуда, көшкінді қыспақта оқшау суреттелді.  Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Ол – жалпы әдебиет әлеміне роман­тикалық-сентиментальдік ағымды реализмге теліген, Антуан сент де Экзюпери, Ясунари Кавабата, Джером Сэлинджер сияқты бірегей суреткерлер қатарындағы талант мінезінің бір ашылған, бір қыры құпия күйін сақтап қалған тұғырлы да, тылсым тұлға болып саналады. Оның адамдық мінезі де, қаламгерлік қыры да, өзі ең жақын тартқан етбауырларына да толық әдібін жазбай кетті. Оралханның жақын да жат, кейде ыстық, кейде жатбауыр кейіпкерлерінің ішкі әлемі сол қыртысы тегістелмеген күйі бүгінгі күннен аттап, ертеңгі күнге бел асып барады. Мұнда Оралханға театр факультетінің табалдырығын аттатқан актерлік қабілетінің де сыбағасы бар. 

Оның көркем әлемі – мәңгілік аңсарлы әлем. Экэюпери – аспан әлемін, Кавабата – Фудзияманы, Джером Сэлинджер – бозбалалар әлемін қалай дүние оқырмандарының аңсарына айналдырса, Оралхан Бөкей – Алтайды, Өр Алтайды сондай нысаналық бейнеге айналдырды. Оның шығармаларындағы Алтай – тек алыстан ағараңдап, бір шөкім бұлт құсап бұлаңдаған Ақсөре (Мұзтау) ғана емес, ол – иман мен адамгершіліктің, пәктік пен тазалықтың, жігер мен ерліктің, өрлік пен еркіндіктің Ақсөресі – өлшемі болды. Оның барлық кейіпкерлері үнемі сол шыңға ұмтылу, жету жолындағы арпалыста суреттелуінің астары сонда. Тіпті құм мен теңіз туралы туындыларының өзінен де Алтай мен Ақсөренің рухы танылып, кейіпкерлері биікке ұмтылып тұрады. Ол өзінің жеке өмірінде де, шығармаларында да Алтайды жырлап өтті және санасы мен кеудесін керген Алтайға деген сол сағынышы басылмай кетті. Алтай – Оралхан Бөкейұлының жалғыз ғашығы, жалғыз және ең басты кейіпкері болып қалды. 

Алтайдың асқақ Ақсөресі (Мұзтау) – ол үшін мәңгілік мұрат пен аңсар нысанасына ұмтылған, аспандағы бұлтқа сауал қойған мұңлы әрі қиялилау, санасы мен сезімі қосарлана булықтырған шақта құмығып барып тосын қимылға баратын, Бұқтырмамен, яғни, заман ағысымен салынды болып кетпей, өрге ұмтылған шарасыз момындардың рухани мәресі. Оның алғашқы әңгімесіндегі қаяу көңілді Ғайни ғана тау қойнына тығылып ұятына ұя табады. Ал қалған туындыларының барлығындағы желі табиғаттың, яғни, Алтайдың баурынан басталып, заман аңғарымен Ақсөреге – Мұзтауға қарай бет алып бара жатып, өрге өршелене ұмтылып, көктемде өзенді бойлап барып, уылдырығын шашып, мерт болатын көксерке құсап, не найзағайдан, не бораннан, не сеңнен, не селден, не көшкіннен, не өзен тасқынынан тосқауылға ұшырайды. Бұл тек тағдыр мен табиғаттың ғана тосқауылы емес, заманның тосқауылы болатын. 

Оралханның емеурінсіз, астарсыз, өткен заман мен өз тұсындағы қысымы басым кеңістік пен өмірді салыстыра меңземеген: Терісаққан неге теріс ағады? Терісаққан Есілге құяды. Есіл қайда құяды. Шіркін, Есіл Терісаққанға құйсашы – деген іспетті екіұшты ойға қалдырмайтын бір де бір шығармасы жоқ. Ол осы екіұшты көркем емеурінімен де қазақ прозасына соны бетбұрыс әкелген «Сарыарқаның самалы», «Қамшыгер», «Бура», «Ардақ» сияқты алғашқы әңгімелерімен шығармашылық даралыққа ие болды. Мұндағы сенти­ментальді-романтикалық сарын мен себепсіз шалық (пафос) астаса келе сөзсіз, ыммен ғана қазақ ұлтының тауқыметті, кейде үмітсіз тағдыры туралы мұңлы сезім татын тұщындыратын. Расында да, неге Терісаққан? Теріс ағып тұрған заман ағысы емес пе. Есіл – Обьқа, Обь – мұхитқа құяды. Демек, Терісаққанның сусырап жатқан қазақ сақарасына тамшысы тамбайтынын меңзеп отыр ма? Бура поезға келіп соғылып өледі. «Заман қарайғыры даланың бурасын таптап кетіп барады» – дейді. Сонда Бура – қазақ ұлты да, поезд – отаршыл империя ма. Күнәсіз, қиянаттан хабары жоқ, жаны да, тәні де пәк Ардақ қыз неге қара күштің құрбандығына шалынады. Мына қамшыгер социализм заманында неғып шекара аттап жүр. Қаруын неге іздейді. Неге: Бәрін де «өткеннің садағасы» – деп мына заманға жеріне қарайды? 

Иен далада киесінен айырылып, иесіз ағып жатқан Терісаққан, иесі мен киесінен қоса айырылып, ызадан булығып, кетіп бара жатқан поезды соққан Бура, мысы мен мекенінен адаланған, қамшысының ұшымен киесін қайтарғысы келіп жүрген Қамшыгер (кейіпкердің атының өзінен саяси емеурінді астар іздеген баспа редакторы оның есімін Садақбай деп өзгерттірген), киесінен де, есінен де айырылған, тәнін тілгілеп кеткен жауыздықтың не екенін білмеген Марқакөлдің Ардағы (мұнда Жүсіпбек Аймауытовтың Ақбілегінің ұзын сарыны бар), елінен де, жерінен де, баласынан да айырылып, Ай мен дала ғана жұбатқан, айдалада аңырап қалған Айпара бейнелеріндегі аңырау сарыны «Кербұғы» арқылы көркем тұжырымын тапты. Ұлы даланың ұлы сарыны, кеңістік ырғағы, уақыт әуені құлақ күйін келтірген шығармашылық аңсар Алтайдың аңғары мен қапталына келіп құндақталды. Алайда замана ауаны мен заман ырғағының озан әлдиі Оралхан шығармаларының ұзына бойындағы бұрау желісі болып қалды. 

Енді ол көңіл-күй «Жасын», «Үркер», «Жылымық», «Қасқыр ұлыған түн» арқылы «Қар қызы», «Мұзтау» хикаяттарына ұласып, ондағы оқиға сарыны уақыттық сыпатта көрініп, өз заманының пернесін бас­ты. «Қысы ұзақ» қар басқан, ызғарлы «мынау аппақ дүниені» заман ызғары ретінде емеуірін етіп алып, сол ызғырықта өмір сүрген, қиял мен қияли өмірдің арасында үскірікке ұшыраған жандардың жан қысымы – өмірден тыс шеңберде, қиян құзда, шыған шыңда, алыс асуда, көшкінді қыспақта оқшау суреттелді. 

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Бөлісу: