20 Қыркүйек 2013, 05:23
Қытайдың Бірінші тарихи мұрағатында сақталған құжаттармен жұмыс істеуге бұған дейін Франция мен АҚШ зерттеушілері ғана рұқсат алған екен. Енді қазақ ғалымдардың алғашқы тобы осы мұрағаттағы қазақ тарихына қатысты деректермен танысып, көптеген құжаттардың көшірмесін елге алып келді. Сондай-ақ зерттеушілер Шығыс Азия институтының, Пекин кітапханасының мұрағатындағы деректермен танысқан.
Астанадағы Орталық коммуникация қызметі ұйымдастырған брифингке қатысқан ғалымдар осы сапар барысында қазақ тарихына қатысты көптеген тарихи ескерткіштер мен жазба деректердің табылғанын хабарлады.
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі Меруерт Әбусейітованың айтуынша, табылған жазба деректер мен ескерткіштер ұлттық тарихты зерттеу жұмыстарына жаңаша бағыт беріп, оны зерделеуде тың көзқарас қалыптастыруға сеп болмақ. Арнайы экспедиция барысында табылған тарихи ескерткіштердің құндылығы өте жоғары.
Мысалы, кезінде Қазақ хандары мен Қытай билеушілері жазысқан хаттардың маңызы өте зор. Осы хаттарды өз қолымен ұстап көрген Меруерт Әбусейітованың айтуынша, қазақ даласынан жолданған іс қағаздары жергілікті тілге аударылып, оларға арнайы түсініктеме беріліп отырған. Шағатай тілінде жазылған Абылайханның хаты әуелі манчжур тіліне, одан соң қытай тілінде аударылып, оған Қазақ хандығы туралы, Абылайханның өзі туралы және оның иелігіндегі халқы туралы қолда бар мәліметтер қоса тіркеліпті. Бұдан басқа қазақ хандары мен сұлтандарының хаттары да осындай тәртіппен қатталып, арнайы конверттерде сақталған. Бұл құжаттар Қазақ хандығы туралы тарихи деректерді толықтыра түседі.
Шығыстану институтының қызметкері Ошан Жанымхан қытай жерінде 6-8 ғасырларда өмір сүрген, түркі халықтарынан шыққан тұлғалардың өміріне қатысты деректердің, құлпытастардағы жазулардың көп екенін хабарлады. Осы орайда, айрықша атап өтер жаңалық – қытай жерінен көне түркі жазуымен жазылған тарихи ескерткіштер табылған. Бұған дейін ғылыми айналымға түскен тарихи ескерткіштердегі жазулар қытай иероглифтерімен ғана жазылған екен. Бір кезде Ұлы Жібек жолының бір тармағы болған аймақтағы түркі халықтарының тарихына қатысты көптеген ескерткіштер әлі де зерттелу үстінде.
Осы институттың тағы бір қызметкері Әсел Мансұрова Ұлы Жібек жолы бойында сақталған, несториандық наным-сенімге қатысты тарихи ескерткіштердің табылғанын мәлімдеді. Зерттеушінің айтуынша, бұған дейін осындай ескерткіштер Жетісу жерінде, Моңғолияда, Қырғызстанда ғана бар деп саналса, енді қытай жерінде несториандық дәуір жәдігерлерінің табылуын ғылыми жаңалық деп бағалауға болады. 6-14 ғасырдағы ескерткіштерде көне түркі жазуының таңбалары бар. Ендеше, бұл жәдігерлерді зерттеп-зерделеу қазақ халқы этногенезінің кейбір мәселелерін айқындап, осы өңірдегі діндердің таралуына, көне түркі тілінің қалыптасу кезеңдеріне қатысты көптеген тұжырымдарды толықтыруға мүмкіндік береді.
Гүлбиғаш ОМАР