20 Қыркүйек 2013, 05:17
Ә.Ермекұлы 1920 жылы Қазақстан Орталық Атқару комитетіне мүше болып сайланса, 1925 жылы осы комитетке екінші рет тағы мүшелікке өткен. Осы кезеңде ол республикалық жоспарлау комиссиясына да жетекшілік етеді. Тағдыр ауыр-ауыр кезеңдерді басынан өткізуді жазыпты маңдайына. Өкінішті үзілістердің арасында ол Қарқаралы, Қызылорда, Ташкент, Шымкент, Жамбыл, Алматы, Қуйбышев, Қарағанды қалаларында ұзақ жылдар бойы математика пәнінен жоғарғы оқу орындарында ұстаздық еткен.Сол жылдары жоғарғы математика туралы оқулықтар да жазған, кафедра басқарып, декан да болған.
Бірақ, Ә.Ермекұлы ғылыммен біржола шұғылданып кете алмады. Тіпті бала кезінде «саяси сенімсіз» деп танылған ол, отызыншы жылдардың басында А. Байтұрсынұлы, М. Жұмабайұлы, М. Әуезұлымен қатар тұтқынға түсіп азап шекті. 1932 жылы түрмеден шыққан болатын. Аңду бәрібір соңынан қалмаған.
Бостандықта уақытша жүргенін Әлекеңнің түйсінгені анық. Әуелі қазақ педагогикалық институтында біраз дәріс оқыды. Онан соң Алматының кен-металлургия институтында математикадан ұстаздық етті. Сөйтіп жүргенде «халық жауларын» күні-түні әшкерелеген қасапты 1937 жыл да жетті. Институттың бастығы Әшірбек Бүркітбаев кабинетіне жеке шақырып: «Бұдан әрі сізді қорғауға шамам келетін емес . Бір жаққа кетіп қалыңыз, аспан асты кең ғой», – деген. Бұл Ә.Ермекұлын аман сақтау үшін жасаған жақсылығы еді. Ә. Ермекұлы Қазақстаннан пана болмасын сезіп, Ресейдің Куйбышев қаласына келіп, сондағы институттың математика кафедрасына меңгеруші болып орналасқан. Дүние есігін ашқаннан «саяси сенімсіздікке» ілінген Әлекеңе Куйбышев те пана болмады, оны 1939 жылы тұтқындап, Қазақстанға әкелді. Жаппаған жала жоқ, қорлық-қысастықта да шек жоқ. «Айлап ұйқы бермеді, тізе бүктірмей, тік тұрғызып қойды... шалқамнан жатқызып, екі аяғымды керіп қойып тепкіледі»,– деп еске алған сол қиянатты Ә.Ермекұлы.
Саяси лагерьдің сан өткелінен өткен Ә.Ермекұлы соғыс біткеннен кейін де біраз жыл отырып, 1947 жылы ғана бостандыққа шығады. Бірақ қуанышы ұзақ болмады. Коммунистердің жапқан пәлесімен тағы да жер ауып кете барды. Өмірін еліне арнаған Әлекең тек 1957 жылы ғана ақтала алды.
«Әлдекімдер бұзақылық жасаса да, ... бір ауылда колхоз малы ұрланса да, тіпті біреу әмеңгерлік жолмен қос қатын алса да, газетте бір ауыз оғаштау сөз жазылса да, осының бәрін бізден көретін», – деп сол кездегі қиянатты өмірді еске алады Ә.Ермекұлы.
Ә.Ермекұлы бүкіл өмірін қазақ халқының болашағына арнаған, өсіп келе жатқан ұрпақтың терең білімді болуын аңсаған. Ол сонау ертерек тұста қазақ халқының болашақ геолог ғалымы, жас Қ.Сәтбаевтың осы Том университетіне оқуға түсуіне қол ұшын берген. Дарынды ақын С.Торайғыровтың оқып, білімін толықтыруына жағдай жасаған. Саяси лагерьден босай сала Қарағандының тау-кен институтына жұмысқа кіріп, өмірінің ақырына дейін қазақ жастарының ғылымның шыңына шығуына өз үлесін қосқан, еліне, ұлтына адал аңыздай тұлға.
Бір кездескенде Д.Қонаевтың өзі: «Әлеке, ескі интеллигенция өкілдеріне әділетсіздігіміз, қиянатымыз болды», – деп өкінген лебіз білдірген екен.
Ұлының есімін қалай ардақтаймыз деген сауал көңілде жүреді.Әлекең еңбек еткен, еңбегі әбден сіңген ҚарМТУ-ге есімін беру туралы мәселе көтеріліп жүр. Талай академик, талай профессор, талай еңбегі сіңген бар шығар. Солардың бәрін таразының бір басына салса, таразының екінші басындағы Ә.Ермекұлына тең келер ме?! Ол Алаштың ұлы ғой. Ол Алаш үшін бар қиянатты бастан кешіп, бізге жеткен жалғыз тұлға ғой. Бүгінгі Қазақ елінің қай институты, қай жоғарғы оқу орны болса да, Қазақ үшін жанын шүберекке түйген Алаш азаматының атына бермей, басқаға ұсыну әпенділік болар еді.
Кәмел Жүністегі