20 Қыркүйек 2013, 04:34
Байғозы батырдың 300 жылдық мерей тойы 2005 жылдың 12 тамызында Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Ақадыр кентінен 40 шақырым қашықтықтағы «Батыр басы» деп аталатын киелі жерде үлкен салтанатпен мерекеленді. Осы тойға Қазақстанның барлық облыстары атсалысты деуге болады. Қасиетті Түркістаннан, Шымкенттен, Жамбылдан, Жезқазғаннан, Көкшетаудан, Семейден, Қызылордадан, Қарағандыдан әкелінген ақшаңқан үйлер тігілді. Бұл тойдың мәртебесін шын мәнісінде көтеріп, батырдың рухын, әруағын ел-жұртымыздың ешқашанда ұмытпағанын білдірсе керек.
Ең алдымен Қарағанды облысының имамы Қанат Сансызбайұлы Байғозы батыр рухына арналған арнайы құран бағыштады. Содан соң Елбасы Н.Назарбаевтың батыр тойына арнаған құттықтауы оқылып, оны жиылған жұрт үлкен ілтипатпен тыңдады.
Нұрсұлтан Әбішұлы тебірене былай депті:
«Қазақ халқының тарихы – еліміз бен жеріміздің азаттығы мен тұтастығы, соның жарқын болашағы жолындағы ерлік күрестерге толы, аса даңқты тарих. Біз соның арқасында бүгінде осынау қасиетті де ұлан байтақ жерді сақтап қалып, байырғы бабаларымыздың лайықты мұрагері болып отырмыз. Осы жолда талай-талай ер жүрек батырларымыз қайраты қайтқанша аттан түспей, қол бастап, ту ұстап, туған жерін қорғаумен өтті. Соларды шола қарағанда, Байғозы батырдың шоқтықты тұлғасы да көзімізге әрдайым оқшау түсуге әбден лайықты. Оның ерлікке толы өмірі мен азаматтық болмыс-бітімі халық зердесінен берік орын алып, бүгінгі күнге көмескіленбей жетіп отыр. Сондықтан батырдың рухын ардақтап, өмірін зерттеп, ерлігін насихаттап, құрмет көрсету – әрі парыз, әрі зор ғанибет іс. Біз өткенімізді, ардақ тұтар азаматтарымызды бір сәтке де ұмытпауымыз керек».
Қарағанды облысының сол кездегі әкімі Қ.Мұхамеджановтың арнайы баяндамасы мен халық жазушысы, Сенат депутаты Әбіш Кекілбаевтың терең толғамды сөзінде батырдың қазақ халқына сіңірген өлшеусіз зор еңбегі санаға сәуле түсірерлік дәрежеде жан-жақты айтылды. Осы тойға көршілес Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексенбин арнайы сый-сияпат жасады.
Елбасымыз «Біз тойларды тарихтан тағылым алу, ұлықтан ұлағат алу үшін өткізуіміз керек!» деп ерекше атап өткені белгілі. Мына той тап сондай той болды. Тұңғыш рет «Жыр арқауы – елдік пен ерлік» атты республикалық жыраулар конкурсы өтті. Кен даланы ән-күй кернеді. Атақты айтыскер Аманжол Әлтаев жырдан шашу шашты. Байғозы батырдың ерлік істерін арқау еткен «Байғозының жебесі» атты жырын ала келген көкшетаулық Баянғали Әлімжанов жыраулар сайысында озып шығып, бас бәйгеге тігілген темір тұлпарды тақымына басты. Сыр бойынан келген Берік Жүсіпов, Қойшыбай Омаров, Дидар Қалиев сияқты таңдайынан сөз төгілген жыраулар Ыбырай Жақаев атындағы және арнайы белгіленген басқа да жүлделерге ие болды.
Жоңғар басқыншылығына қарсы қазақ елінің теңдесі жоқ бұл қаһармандық соғысы тәуелсіздік жолындағы күрестің ең бір шоқтықты белесі болып табылады. Отан сүйгіштік жұмыспен шыңдалған қазақ батырлары өз тарихындағы ірі жеңістердің біріне емес, бірігейіне сол кезде қол жеткізген болатын. Мына той сол ержүрек бабалар рухына бас иген, атақты батыр Байғозыны құрмет тұтып, абыройын арттырған елдің қадір-қасиетін паш етті. Тәуелсіздік заманында ерлікті қалай марапаттаудың лайықты үлгісіне айналды. Сол себепті оның тәрбиелік мән-мағынасы жарқырай түсті.
Жоғарыда айтылғандар бізге мынадай нақты ұсыныстар жасауға мүмкіндік береді деп ойлаймыз:
1. Байғозының қазақтың атақты батыры екенін тарихи деректер айғақтап отыр. Бұған тарихшыларымыздың зерттеулері де толық көз жеткізеді. Бұл жерде тағы қайталап айтсақ, Байғозының қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауға сіңірген аса зор еңбегі Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай және Жәнібек батырлардан бір де кем емес. Осыған байланысты оны мәңгі есте қалдырудың нақты шаралары белгіленіп, мемлекет тарапынан шұғыл жүзеге асырылуы тиіс. Бұл жерде Елбасының батырдың 300 жылдық тойына жолдаған құттықтауында айтылған нұсқаулар басшылыққа алынуы қажет.
Батыр тойынан бері сегіз жылдан астам уақыт өтті. Алайда, Елбасының тапсырмаларын орындауға бағытталған ешбір іс-әрекет байқалмайды. Бұл маңызды шаруаға ең алдымен үкімет тарапынан баса назар аударылуы тиіс еді. Бірақ, олай болмай отыр. Батырды халық жадында мәңгі сақтау үшін оған ескерткіш қойылып, есімі аудан, мектеп, көшелеге берілгені дұрыс. Мәселен, Қарағанды облысының Шет ауданында батырдың атын берсе лайықты болады. Мұның тарих үшін де маңызы зор. Байғозы батырдың атына мемлекетіміздің Ақ Ордасы – Астанадан бір үлкен көшенің аты берілсе қандай ғанибет! Өшкен жанып, өлген тірілді дегеннің өзі сол емес пе?!.
2. Сонау Арқадан Іле бойына барып, Райымбек батырмен тізе қосып, ата жаудан Жетісу жерін қорғаған батырға Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарының біреуінің атын беру елдіктің белгісі болады. Қарағанды қаласында ескерткіш орнату қажет. Байғозының өз кіндігінен тараған ұрпақтардың бірі, күні кеше марқұм болған Ақселеу Сейдімбек соны арман еткен еді. Сол сияқты батырдың Тараз қаласындағы ұрпақтарының осы ежелгі шаhардан оған көше атын беруді сұраған өтініштері де еленбей келеді. Бұл қалай?
3. Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы жүргізген соғысындағы Байғозы батырдың ерлігі туралы тарихи деректер еліміздің тарихына, мектеп оқулығына енгізілуі тиіс. Байғозыға, оның әкесі Наймантай батырға қатысты өмірлік баяндаулар, өлеңдер, дастандар, ел аузында сақталған аңыздар жиналып, кітап болып басылса, нұр үстіне нұр.
Ата-баба дәстүрін құрметтеу қашанда абыройлы борышымыз. Соның арқасында біз елдігімізді, ерлігімізді дәріптеп, жас ұрпаққа лайықты тәрбие береміз. Бұл – қазақ халқының бірлігін, тәуелсіздігін нығайтып, басқа жұрттармен терезесі тең болуына жол ашады.
Сағат АРЫНҰЛЫ