Наймантай туралы жырлар

20 Қыркүйек 2013, 04:31

Қазақ халқының елдігі мен еркіндігін қорғау жолында жоңғар шапқыншылығына қарсы жүргізілген соғыста теңдесі жоқ ерліктер жасап, исі қазаққа даңқы жайылған Байғозының әкесі Наймантай Тәуке ханның бас батырларының бірі болғаны тарихтан мәлім. Түркістан, Ташкент, Жетісу аймағын жаудан қорғау үшін қазақ-қырғыз-қарақалпақ қосындары тізе қосып жүргізген соғыстарда жойқын ерліктерімен танылған. Қазақ-жоңғар соғысының батырлары туралы ел аузында сақталған жырлардың бірінде: – Қолында қамшысы бар айбалтадай, Батыл бол, батыр болсаң Наймантайдай!– деген сөз бар. Наймантайдың сүйегі Түркістандағы Ахмет Яссауи мазарының іргесіне қойылған. Наймантай батыр баласы Байғозының ерге лайық қасиеттерін ерте танып, жас кезінен жанына ертіп, соғыс өнеріне баулыған. Тіптен әкелі-балалы болып жауға қатар шапқан кездері де аз емес сияқты. Ел аузындағы: “Жауға шапсаң Наймантайдай бол, батыр болсаң Байғозыдай бол!” деген сөз сол бір алмағайып заманда тізе қосып соғысқа кірген әкелі-балалы қос батырға сүйсінген соң айтылса керек. XVIII ғасырдағы қазақ батырларының қалмақ басқыншылығына қарсы ерлік күрестері туралы нақты фактілерден гөрі ауызекі аңыздар көбірек айтылатыны белгілі. Ал, Байғозы батырдың туған елдің бостандығы жолындағы жорықтарда жасаған теңдесі жоқ ерліктерін баяндайтын тарихи деректер жеткілікті. Жоңғар билеушісі Лама Доржы 1752 мешін жылы қыркүйекте 20 мың қолмен қазақ жеріне басып кіреді. Бөгенбай, Байғозы, Сәңкібай батыр бастаған сарбаздар жауды тас-талқан етіп жеңіп, осы қанды айқаста Доржыны жер жас­тандырады. Доржының орнына таққа отырған Дабашы 1754 ит жылы 10 мың жауынгермен қазақ еліне тағы да шабуыл жасайды. Бұл жолы небәрі екі мыңға жетер-жетпес жасақпен қарсы шыққан Абылай жеңіліске ұшырап, 300-дей сарбазынан айрылады. Ел тыныштығын сақтауды көздеген Абылай хан қалай да қарымта кайтаруды ойлап, 1755 доңыз жылының жазында бір түмендей қолмен ата жауға аттанады. Қалың жасақ екіге бөлініп майдан ашады. Біріншісін Көкжал Барақ, Баймұрат, Жидебай және Шынқожа бастап, Еміл бойында жауға бас көтертпестей соққы береді. Ал Малайсары, Баян, Байғозы, Сәңкібай, Шой басқарған қол тегеурінді қимылмен ойран салып, Дабашының қыруар әскерін Талқының асуынан асыра тырағайлата қуып, сол қарқынмен Қорғас, Құлжаға дейін тықсырады... Қазақ пен жоңғар жасақтарының арасында болған Бұлантыдағы, Қарасиырдағы, Қозымаңырақтағы, Аңырақайдағы, Ереймен­тау­дағы, Түркістандағы, Ыстықкөлдегі сұ­ра­пыл шайқастардың бәрінде Байғозы батыр бел ортасында болып, асқан ерліктер көрсеткен. Солардың неше алуан таңғажайып оқиғалары Арқаның Жанақ, Шөже сияқты ақиық ақын-жырауларының жан тебіренткен жыр-толғауларында және Мәшһүр-Жүсіп сияқты ғұламаның жазбаларында сақталып қалған. Олар нағыз ерліктің шежіресі іспетті.  Сол ғұлама былай депті: «Абылайханның заманындағы қазақ жұртынан шыққан батырлар Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Көкжарлы көкжал Барақ, Шанышқылы Бердіқожа, Сырым Малайсары, Балтекей Тұрсынбай, Тарақты Байғозы... Бұл айтылған батырлардың бәрі де Ербекейше бұзау жарып «батыр» атанған емес, жалғыз жүріп қалмақтың қамалын бұзған батырлар... Терістаңбалы Найман Жарылғап батырдың қазасын естігенде Абылай хан тебірене былай депті: – Бүгінде жер бетінде тірі жүргенім үшін үш адамға қарыздармын. Оның бірі – бүгін маған Жарылғаптай қас батырдың қазасын естіртуге келіп отырған мына Керей Жәнібек. Қан майдан төсінде қалмақтар атымды жарып, жаяу қалғанымда астындағы атынан секіріп түсіп алдыма көлденең тартқан ер. Екіншісі – Аякөзде қаптаған қара қытаймен кескілескен ұрыс салып жүргенде санымнан оқ тиіп, аттан аунай бергенімде аяғымды жерге тигізбей іліп әкеткен Тарақты Байғозы батыр еді. Үшіншісі – Баратолада Дауашыны шапқанда, байқамай хойттың төрт батырының арасына түсіп қалып, жаным мұрнымның ұшына келгенде найзадай жарқылдап, әп-сәтте солардың үшеуіне ажал құштырған Терістаңбалы Найман Жарылғап еді. Арыстан еді, көкжал еді. Жарық дүниеден өтіпті. Өмір бойы осы үш адамға қарыздармын.  Халық жадында қастерлеп сақталған Байғозы батыр туралы аңыз-әңгімелер тамаша көркемдігімен, рухани әсерінің күштілігімен жұртшылықты әлі де қайран қалдырады. Мәселен:  – Тарақтыда Байғозы, Бұда асқан ер еді. Ел шетіне жау келсе, Мен барайын дер еді, – деп келетін Құлтума ақынның тамаша жыр жолдары Байғозының қаһармандық болмысын айғақтап тұрғандай. Сағат АРЫНҰЛЫ

Қазақ халқының елдігі мен еркіндігін қорғау жолында жоңғар шапқыншылығына қарсы жүргізілген соғыста теңдесі жоқ ерліктер жасап, исі қазаққа даңқы жайылған Байғозының әкесі Наймантай Тәуке ханның бас батырларының бірі болғаны тарихтан мәлім. Түркістан, Ташкент, Жетісу аймағын жаудан қорғау үшін қазақ-қырғыз-қарақалпақ қосындары тізе қосып жүргізген соғыстарда жойқын ерліктерімен танылған. Қазақ-жоңғар соғысының батырлары туралы ел аузында сақталған жырлардың бірінде:

– Қолында қамшысы бар айбалтадай,

Батыл бол, батыр болсаң Наймантайдай!– деген сөз бар. Наймантайдың сүйегі Түркістандағы Ахмет Яссауи мазарының іргесіне қойылған.

Наймантай батыр баласы Байғозының ерге лайық қасиеттерін ерте танып, жас кезінен жанына ертіп, соғыс өнеріне баулыған. Тіптен әкелі-балалы болып жауға қатар шапқан кездері де аз емес сияқты. Ел аузындағы: “Жауға шапсаң Наймантайдай бол, батыр болсаң Байғозыдай бол!” деген сөз сол бір алмағайып заманда тізе қосып соғысқа кірген әкелі-балалы қос батырға сүйсінген соң айтылса керек.

XVIII ғасырдағы қазақ батырларының қалмақ басқыншылығына қарсы ерлік күрестері туралы нақты фактілерден гөрі ауызекі аңыздар көбірек айтылатыны белгілі. Ал, Байғозы батырдың туған елдің бостандығы жолындағы жорықтарда жасаған теңдесі жоқ ерліктерін баяндайтын тарихи деректер жеткілікті.

Жоңғар билеушісі Лама Доржы 1752 мешін жылы қыркүйекте 20 мың қолмен қазақ жеріне басып кіреді. Бөгенбай, Байғозы, Сәңкібай батыр бастаған сарбаздар жауды тас-талқан етіп жеңіп, осы қанды айқаста Доржыны жер жас­тандырады.

Доржының орнына таққа отырған Дабашы 1754 ит жылы 10 мың жауынгермен қазақ еліне тағы да шабуыл жасайды. Бұл жолы небәрі екі мыңға жетер-жетпес жасақпен қарсы шыққан Абылай жеңіліске ұшырап, 300-дей сарбазынан айрылады.

Ел тыныштығын сақтауды көздеген Абылай хан қалай да қарымта кайтаруды ойлап, 1755 доңыз жылының жазында бір түмендей қолмен ата жауға аттанады. Қалың жасақ екіге бөлініп майдан ашады. Біріншісін Көкжал Барақ, Баймұрат, Жидебай және Шынқожа бастап, Еміл бойында жауға бас көтертпестей соққы береді. Ал Малайсары, Баян, Байғозы, Сәңкібай, Шой басқарған қол тегеурінді қимылмен ойран салып, Дабашының қыруар әскерін Талқының асуынан асыра тырағайлата қуып, сол қарқынмен Қорғас, Құлжаға дейін тықсырады...

Қазақ пен жоңғар жасақтарының арасында болған Бұлантыдағы, Қарасиырдағы, Қозымаңырақтағы, Аңырақайдағы, Ереймен­тау­дағы, Түркістандағы, Ыстықкөлдегі сұ­ра­пыл шайқастардың бәрінде Байғозы батыр бел ортасында болып, асқан ерліктер көрсеткен. Солардың неше алуан таңғажайып оқиғалары Арқаның Жанақ, Шөже сияқты ақиық ақын-жырауларының жан тебіренткен жыр-толғауларында және Мәшһүр-Жүсіп сияқты ғұламаның жазбаларында сақталып қалған. Олар нағыз ерліктің шежіресі іспетті. 

Сол ғұлама былай депті: «Абылайханның заманындағы қазақ жұртынан шыққан батырлар Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Көкжарлы көкжал Барақ, Шанышқылы Бердіқожа, Сырым Малайсары, Балтекей Тұрсынбай, Тарақты Байғозы... Бұл айтылған батырлардың бәрі де Ербекейше бұзау жарып «батыр» атанған емес, жалғыз жүріп қалмақтың қамалын бұзған батырлар...

Терістаңбалы Найман Жарылғап батырдың қазасын естігенде Абылай хан тебірене былай депті:

– Бүгінде жер бетінде тірі жүргенім үшін үш адамға қарыздармын. Оның бірі – бүгін маған Жарылғаптай қас батырдың қазасын естіртуге келіп отырған мына Керей Жәнібек. Қан майдан төсінде қалмақтар атымды жарып, жаяу қалғанымда астындағы атынан секіріп түсіп алдыма көлденең тартқан ер.

Екіншісі – Аякөзде қаптаған қара қытаймен кескілескен ұрыс салып жүргенде санымнан оқ тиіп, аттан аунай бергенімде аяғымды жерге тигізбей іліп әкеткен Тарақты Байғозы батыр еді.

Үшіншісі – Баратолада Дауашыны шапқанда, байқамай хойттың төрт батырының арасына түсіп қалып, жаным мұрнымның ұшына келгенде найзадай жарқылдап, әп-сәтте солардың үшеуіне ажал құштырған Терістаңбалы Найман Жарылғап еді. Арыстан еді, көкжал еді. Жарық дүниеден өтіпті. Өмір бойы осы үш адамға қарыздармын. 

Халық жадында қастерлеп сақталған Байғозы батыр туралы аңыз-әңгімелер тамаша көркемдігімен, рухани әсерінің күштілігімен жұртшылықты әлі де қайран қалдырады. Мәселен: 

– Тарақтыда Байғозы,

Бұда асқан ер еді.

Ел шетіне жау келсе,

Мен барайын дер еді, – деп келетін Құлтума ақынның тамаша жыр жолдары Байғозының қаһармандық болмысын айғақтап тұрғандай.

Сағат АРЫНҰЛЫ

Бөлісу: