20 Қыркүйек 2013, 04:29
Енді батыр туралы ел аузында сары алтындай сақталған тамаша аңыз-әңгімелер көп-ақ. Кейбірін марқұм әкем Арын Айболатұлынан естіген болатынмын.
Хантауына бекінген хонтайшы Қалдан-Сереннің қандыбалақ шапқыншылары Арқадағы қазақ ауылдарының адамдарын байлап, малдарын айдап әкетіп, маза бермепті. Байғозы батыр мен Жарылғап батыр Көкшетаудағы Абылай ханға барып, жағдайды айтады.
– Қалдан-Сереннің бергі жағында қалың әскері жатыр. Оған тиісу үлкен соғысқа ұласады. Одан гөрі шағын қолмен хонтайшының ордасын қамап алайық. Соған қолды дұшпанның көзіне түсірмей Бетпақшөл арқылы кім бастап барады? – депті Абылай.
– Мен бастап барамын, – дейді Байғозы.
– Шөлге ұрындырмауды өз мойныма алайын, – депті Жарылғап.
Абылай хан 300 адам жасақпен аттаныпты. Әскер бірінің артынан бірі шұбыра тек түнде жүріп, күндіз жатады. Жарылғап қолдың алдында барлаушы, Байғозы артта бақылаушы. Осылай суыт жүріспен Хантауында бейғам отырған қалмақ ордасының үстінен түседі.
Ханның жасағы мейманасы асқан хонтайшының үрейін ұшырып, қан төкпей, айдап әкеткен адамдар мен малдарды түгел қайырады. Хонтайшы айыбына ханға қызын беріп, бұдан былай тиіспеуге бітім жасайды.
Қайтып келе жатқанда Абылай қолды алға жіберіп, Байғозы мен Жарылғапты алып қалады.
– Жарылғап, сенің түнде найза шанышқан жеріңнен су табылады. Ал, Байғозы, жетіқараңғыда келе жатып, маңайда қыбырлағанның бәрін көзің шалады. Осы екеуіңнің қандай кереметтерің бар, соны оңашада маған көрсетіндерші? – дейді хан.
Жарылғап сілкініп қалғанда қойнынан алтайы қызыл түлкі ата жөнеледі. Сол сәтте Байғозының қойнынан бір қара бүркіт ұшып шығып, әлгі түлкіге шүйліге береді. Қас пен көздің арасында түлкі жалт беріп, иесінің қапталына қойып кетеді... көтеріле жөнелген – бүркіт те тез көзден ғайып болады.
– Иә, көрдім, көрдім. Біріңнің киең – алтайы қызыл түлкі екен, екіншіңдікі – қыран бүркіт екен. Әруақты ерлер екенсіңдер, ризамын, – депті Абылай хан.
Әрине, бұл аңыз. Халық батырларын осылайша әспеттеген. Бірақ мұның негізінде бұлтартпайтын шындық бар. Сонау Сарыарқадан оңтүстіктегі Мойынқұм іргесіндегі Хантауына адастырмай алып келетін “Хан жолы” күні бүгінге дейін сайрап жатыр. Бұл жерде сәл шегініс жасап, Байғозы батырдың ғұмырнамалық мәліметтеріне назар аударғанымыз жөн болады.
Наймантайұлы Байғозының туып-өскен жері Арқаның Ортау, Қызылтау деп аталатын сілемді таулардың арасы. Батырдың шыққан тегі Орта жүздің тарақты тайпасынан. Шежіре дерегі бойынша он екі ата тарақтының бір атасы Қыдыр болса, одан Қаржау, одан Есенгелді, одан Сүтемген, одан Наймантай батыр, одан Байғозы батыр туған.
Байғозы батыр жасы ұлғайған кезде де қалмақ басқыншыларын қақ маңдайға соғудан, ел іргесінің тыныштығын қорғаудан әсте танбағаны туралы қызықты әңгімелер әлі де сақталған.
Бір жолы жоңғарлар қазақ еліне Қарқаралы жақтан шабуыл жасап, Қаракесекті басып өтіп, Қуандықтың шетіне жақындап қалды деген суық хабар жетеді. Байғозы батыр дереу Асау күрең атына мініп, ақсары туын көтеріп, сарбаздарын бастап жауға аттанады. Жиені Жарылғап батырға жаушы жібереді. Қалмақтарға Қызылтау бөктерінде кездеседі. Бірақ, бірден ұрыс салмай, алдын бөгеп, сыртынан қоршап алады.
Көп ұзамай батыстан сары жел тұрып, маңайға сасық тұман түседі. Солтүстіктен қалың шаң борайды. Міне, батыр осы кезде ғана дабыл қаққызады. Соғыс басталады. Жарылғап батырдың жасағы да қаһарын шаша жауға ат қояды. Жан алып, жан берген қанды майдан қыза түседі. Қалмақ шапқыншылары сарбаздардың тегеурініне шыдас бермей күйрей жеңіліп, қырғынға ұшырайды. Байғозы өзі ұрысқа кірмей, биіктен бақылап, басқарып, ту ұстап тұрады.
– Батыреке, шабуылды неге ерте бастамадыңыз? – депті, жеңістен соң Жарылғап.
– Сен де бір соғысымды көрсін, жауды қалай тізе бүктіру тәсілімді үйренсін деп келуіңді күттім, – деген екен Батыр.
Қызылтаудағы сол қырғын болған жер осыдан былай “Сасық жартас” атаньпты.
Байғозы батырдың көптеген жорықтарына белсене қатысып, өзі де талай ерлік көрсеткен жиені Жарылғап батыр бірде:
– Батыреке, қазақ жерін қалмақ, ойрат шапқыншыларынан қорғап көп соғыстыңыз ғой. Сондағы ерекше бір ерлігіңіз туралы айтып беріңізші? – деп сұрапты.
Байғозы батыр сәл ойланып, былай деген екен.
– Ерлікті қашанда ел жасайды, бірақ атағы бастаушыда қалады. Халық жасаған ерлікті иемденіп неғылайын. Одан да өзіме тән үш нәрсені айтайын:
– Бала кезім, ауыл Балқаштың жағасында отыр. Ұйықтап жатсам Наймантай әкем: “Аққозым мен Қарақозым өлген соң, мені Құдайдың тышқаны да басынды-ау! Мына иттерді мысық құрлы көрмегені ғой”, – деп жамылып жатқан жарғақ тонымның сыртынан қамшымен екі-үш рет тартып жіберді. Соның алдында ғана Аққозы, Қарақозы есімді екі батыр ағамыз қалмақтармен соғыста мерт болған еді. “Не болды?” – деп оянсам, арқандаулы шұбар атын жолбарыс жарып кетіпті. Жерошақтың жанында жатқан темір көсеуді алып, ат арқандалған жерге келсем, шұбар ат діңкиіп жатыр екен. Санынан жұдырық сыйғандай ойып жепті. Жерге қырбық қар түскен. Жолбарыстың ізімен келсем, қалың қамыстың ішінде жатыр екен. Мені көргеннен тісін ақситып тұра ұмтылды. Темір көсеумен қақ басқа бір ұрып сұлаттым да, үйге сүйреп әкелдім. Екіншіде ел жайлауда отырған, үйде шалқамнан ұйқтап жатсам, кеудемде сұп-суық бірдеңе жорғалап келеді. Ақырын көзімді ашып қарасам, білектей қарашұбар жылан. Аузымды аша бердім. Ін деді ме жорғалап кіре берді, басын қыршып алдым. Үшіншіден, үш айдай ешкі қотыр болдым. Құрт денемді канша жеп жатса да қасынып, етіме қол тигізбедім. Енді ойласам, осыларым ерлік-ау деймін!
Сағат АРЫНҰЛЫ