20 Қыркүйек 2013, 03:45
Алматы қалалық онкологиялық диспансерінде еуропалық стандарттарға сай жұмыс істеп, ішкі құрылыстағы ісік ауруларын дәл анықтайтын құнды аппарат бар. Әзірше ол – Қазақстан бойынша жұмыс істеп тұрған жалғыз аппарат. «Брахитерапия» деп аталатын бұл қондырғы өткен жылдың шілде айында Германиядан 160 миллион теңгеге сатып әкелінген. «Жыл сайын төрт мың науқас тіркелетін Алматы қаласына бұл қондырғы дер кезінде жеткізілді», – дейді дәрігер-мамандар.
Онколог дәрігерлердің айтуынша, қаламызда өлімі жағынан жүрек-қан тамырларынан кейін, онкология науқастары екінші орында тұр екен. Бір жағынан, мұның пайда болу себебі тұқым қуалаушылық болса, екінші жағынан, экологиялық зардаптар да кері әсерін тигізіп отырған көрінеді. Оның үстіне Алматы қаласы онкологиялық науқастар жағынан республика бойынша алтыншы орында тұр. Бірінші орынды Шығыс Қазақстан облысы «иеленген». Елімізде онкологиялық аурулардың асқынып тұрған осындай кезінде оны емдеуге қолайлы қондырғының әкелінуі өте құптарлық-ақ жағдай.
Айта кетейік, су жаңа аппаратпен жұмыс істейтін мамандар Германия, Мәскеу және Польша мемлекеттерінде арнайы курстардан өтіп, білімдерін жетілдірген. Одан өзге аурухана компьютерлі томографямен, ісік ауруына шалдыққан науқастарға арналған жиһаздармен және жаңа заман талабына сай бағдарламалары бар компьютерлермен қамтамасыз етілген. Мамандардың пікірінше, жаңа қондырғылар қаламызда күн өткен сайын көбейіп келе жатқан ісік ауруларын емдеуге үлкен септігін тигізбек.
– Бұл аппаратты бізге Германиядан әкелгенімен, мұндай қондырғы олардың өздерінде де аз. Тіпті ТМД бойынша Қазақстанда жалғыз жұмыс істеп тұрған осы аппарат десек те болады. Әрине, Астана қаласына жақында тура осындай қондырғы әкелінді. Бірақ ол әлі іске қосылған жоқ. Өйткені оны іске асыратын мамандар бізге келіп, енді-енді үйреніп жатыр. Ал біз болсақ, бес-алты айдың ішінде осы аппараттың көмегімен 42 науқасты емдеп шықтық. Бұл жақсы көрсеткіш деп есептейміз. Әрине, өркениетті елдермен салыстырғанда, бұл аз болуы мүмкін. Себебі Чехияда дәл осы аппараттың көмегімен бір жыл ішінде 363 адамды емдеп шығарған. Оларда арнайы радиологиялық орталықтар бар. Барлық аппараттар жеткілікті, комплексті жұмыс жасайды. Ал бізде бұл қондырғының өзіне әлі қосымша технологиялық жабдықтар қажет, – дейді аталмыш бөлімнің гинеколог-радиологі Шолпан Шерланова.
Негізінен, онкология ауруы үш кезеңмен емделеді: хирургия жолымен, дәрі-дәрмек қабылдау жолымен және химия сәуле терапиясымен. Химия сәуле терапиясының өзі ішкі және сыртқы болып екіге бөлінеді. Қазір аталмыш ауруханада ішкі сәуле терапиясымен емдейтін – «Брахитерапия» аппараты бар болғанымен, сыртқы сәуле терапиясымен емдейтін қондырғы жоқ. Сондай-ақ «Сидуга» деп аталатын рентгендік сандық аппарат та қажет екен. Бұл жөнінде бізге сәулемен емдеу бөлімінің гинеколог-радиологі Шолпан Арысланқызы былай деді:
– Қазір бізде тек ішкі сәулемен емдеу қондырғысы бар. Онымен жатырішілік ауруларды емдейміз. Таяқшаны жатырға кіргізіп, ол іштегі ісікті жоюға көмектеседі. Мұның барлығы тек компьютер арқылы жүзеге асады. Біз камера арқылы сырттан барлығын бақылап отырамыз. Бізге енді сыртқы сәулемен емдейтін қондырғы қажет. Ал қолдағы ішкі сәулемен емдейтін қондырғымен біз науқас адамның бес пайызын ғана емдей аламыз. Ал сүт безімен ауыратындарды «Сидугасыз» емдеу қиын. Мәселен, сүт безін ине салып емдеу қажет. Ал ісіктің нақты қай жерінде тұрғанын анықтау әлгі аппаратпен ғана жүзеге асады. Онсыз адамның басқа жерін зақымдап алуымыз ғажап емес. Сондықтан аппарат адамның қай жері іскенін нақты анықтайды, біз соған қарап ине саламыз. Әзірге бұл аппараттар келмей тұр. Дегенмен қалалық Денсаулық сақтау департаменті мұны алдағы уақытта жеткізуге уәде беріп отыр.
Қалай десек те, медицина саласына сапасы жақсы осындай қондырғылардың келуі – құптарлық іс. Алайда қатерлі ісік ауруларының төмендеуіне, халықтың өмір сүру деңгейінің жақсаруына септігін тигізетін қосымша аппараттарды жеткізуге қаржы қолбайлау болып отырған көрінеді.
Нина Керсанова