20 Қыркүйек 2013, 03:34
ЕАТ конференциялары Қазақстанда алты рет болған. Алғашқысы 2002 жылы Алматыда, екіншісі 2003 жылы Өскеменде өткен. Оған Ресейдің, Германияның, Италияның, Чехияның, Түркияның, Жапонияның, Канаданың, Қытай және басқа да елдердің көрнекті ғалымдары қатысқан. Міне, он жылдан соң Шығыс Қазақстан маңызды жиынды өткізуге тағы әзірленуде.
– Биыл біз Өскеменде бас қосқалы отырмыз, – дейді Юрий Шокин. – Бұл шараға көрнекті ғалым, академик, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Математикалық модельдеудің міндеттері әрдайым есептеу технологиялары мен компьютерлік жүйеге тығыз байланысты болған. Практикалық және түбегейлі міндеттерді шешу үшін оларды пайдаланудың тиімділігі қандай, қандай бағдарламалар мен алгоритмдер, қандай тәсілдер қолданылатынына тікелей байланысты.
Юрий Ивановичтің айтуынша, қазақстандық және ресейлік ғалымдардың математикалық модельдеу саласындағы өзара іс-қимылы осы саладағы ынтымақтастығының жалғасы іспетті. Маңызды ғылыми форумдарда ғалымдар тәжірибе алмасып, өздерінің озық талдауларын ортаға салады. Алдағы аптада өтетін отандық және шетелдік ғалымдардың кездесуінде ғылымның түрлі саласындағы ақпараттық-есептеу технологияларының, техниканың, білімнің проблемалары талқыланып, халықаралық ынтымақтастықтың ауқымы кеңеюіне жағдай туғызылады.
Қазақстан, Ресей, Швеция, Түркия, Германия, Словения, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Сербия және басқалар үшін аталмыш конференцияларды өткізу дәстүрге айналды, дейді Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің математика және механика ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик, физика-математика ғылымдарының докторы Нарғозы Данаев. ЕАТ-2013 конференциясының ғылыми бағдарламасы үш негізгі бағыттан тұрады: есептеу технологиялары, ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар, есептеу математикасы. Осылардың аясында есептеу және ақпараттық технологиялар саласындағы маңызды инновациялық талдауларды талқылап, ғылымның осы саласының проблемаларын айқындап, бұл бағыттарды дамыту жолында бірінші кезектегі міндеттер қойылады. Конференцияда талқыланатын проблемалар ауқымы таза теориялық проблемалармен қатар оларды өндірісте пайдалану, техникалық жүйенің қауіпсіздігі, жаңа техника үлгілерін жобалау, ақпараттық технологияларды ғылым, білімге, қоршаған ортаны қорғауға енгізу мәселелерін көтереді.
Нарғозы Тұрсынбайұлының ойынша, кезінде мемлекетаралық мәртебе алып, халықаралық деңгейдегі ғалымдарды мойындатқан конференция қазақстандық ғылымның әлеуетін шамалауға, әртүрлі елдер ғалымдарының ынтымағын одан әрі тереңдету жолдарын белгілеуге ықпал етеді. Конференция қорытындысы бойынша, есептеу және ақпараттық технологияларды болашақтағы он жылдықта дамытудың стратегиялық бағыттары анықталмақ. Сонымен қатар, Қазақстанда өткізілетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында ұйымдастырылып отырған басқосудың маңызы арта түспек.
Халықаралық «ЕАТ-2013» конференциясы өткізілетін жоғары оқу орны ШҚМТУ базасы болып таңдалуы тегін емес. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті ақпараттық және есептеу технологиялары саласында Қазақстан Республикасындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып саналады. Соңғы жылдары университет ғалымдары есептеу математикасы, ақпараттық технологиялар мен аспаптық құралдар талдап жасау жөнінде гранттық жобалар мен шаруашылық келісім ғылыми-зерттеу жұмыстар аясында бірқатар ғылыми зерттеулер орындауда.
Бұл күндері университетте «Атмосфераның шекаралық қабатын теңдеу үшін айырымдық жүйелердің математикалық мәселелері», «Атмосфераны ластауды модельдеудің вариациялық алгоритмді пайдалану арқылы алынатын өлшем деректері бойынша қоспалар көзін зиянсыздандырудың ақпараттық технологияларын талдап жасау» гранттық жобалары жүзеге асуда, сондай-ақ гранттық жоба аясында «е-университет тілінің онтологиялық базасын талдау» жөнінде зерттеу жүргізілуде.
Университетте білім беру статистикасының ақпараттық жүйесі жасалған, оның клиенттік бөлігіне Интернет желісіне қосылған веб-сайт кіреді. Зерттеулер «ҚР білім жүйесінде білім сапасын бағалау, білім беру статистикасының инфақұрылымын және мониторинг құру» тақырыпты гранттық жоба аясында жүргізілуде.
Білім саласында оқытудың заманауи интерактивті құралдарын пайдалануға қатысты қолданбалы зерттеулердің бірі студенттерге мультимедиа құралдарымен кәсіби ағылшын тілін оқыту жөніндегі авторлық бағдарламаны жасау болып табылады. Бұл жерде бір ескертетін жай: студенттер қазақ және орыс тілдерін жетік білуі тиіс. Аталмыш жұмыс та гранттық жоба аясында іске асып жатыр.
Жоғары оқу орнында Интернет контенті әлеуметтік секторын интеллектуалды талдауға қатысты ғылыми зерттеулер бағыты қалыптасуда. Бұл жұмыс «Data Mining интеллектуалды талдау тәсілдері негізінде интернет желісінің жабық бөлігіндегі эксперименттік контентті табу механизмдерін зерттеу» гранттық жобасы бойынша атқарылуда.
Оңдасын ЕЛУБАЙ