20 Қыркүйек 2013, 03:32
Жедел дамып отырған ғылыми-техникалық прогресс қоғам өмірінің барлық салаларын ақпараттандырудың жаһандық үдерісінің негізі болып табылады. Қазір ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды игеру оқи және жаза білумен бір қатарда тұр. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазіргі әлемде жай ғана сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс», деп атап айтуы тегін емес.
Бүгін көз жетіп отырғанындай, жаһандық технологиялық революцияның бір бөлшегі болу үшін оқытудың және ғылыми зерттеулер жүргізудің түбірінен жаңа мүмкіндіктерін жасайтын ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар саласында зерттеу жұмыстарын барынша дамыту қажет.Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесі ақпараттық технологиялар институтының директоры, академик, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Юрий Шокин айтқандай, әртүрлі елдердің ғылыми және академиялық ұйымдары арасындағы ынтымақтастық ғылыми қызметті дамытудың маңызды аспектісі және индикаторы болып табылады. Ғылыми қауымдастық ғылым және ұйымдастыру міндеттерін шешу барысында күш жігерді біріктіруді дәстүрге айналдырған. Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясы, Қазақстанның жетекші оқу орындарының математика және информатика саласындағы озық ғылыми күштері арасындағы ынтымақтың тамыры тереңде жатыр. Математика, информатика және жоғары өнімді есептеулер саласындағы ынтымақтың басты міндеті – тәжірибе алмасу, мамандардың шеберлігін шыңдау, ортақ шешімге келу және бірлескен зерттеулер жүргізу үшін ғылыми қорытындылармен алмасу.
Ресей мен Қазақстанның бұл саладағы бірлескен қимылы бұл іске қатысатын барлық тараптар үшін өте маңызды. Екі ел ғалымдары арасындағы берік ғылыми байланыстар күрделі ғылыми проблемаларды бірлесе шешуге, ғылыми талдауларды енгізуде өзара көмектесуге, жас ғылыми кадрларды тәрбиелеу деңгейін арттыруға, ғылымды дамытып, Ресей мен Қазақстанда ғылыми-техникалық прогресті жеделдетуге әсер етеді.
Бұл мақсатқа жетуге алдағы қыркүйек айында Өскеменде өтетін «Ғылымдағы техникадағы және білім берудегі есептеу және ақпараттық технологиялар» («ЕАТ-2013»)деп аталатын халықаралық конференция ықпал етері сөзсіз. Бұл конференцияны Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен, оның жанындағы математика және механика ғылыми-зерттеу институтымен, ҚР Ұлттық инженерлік академиясы және Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің есептеу технологиялары институтымен бірлесе өткізу құрметіне бұл күндері өзінің 55 жылдығын атап өтіп отырған Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті ие болды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ