Оның отаны – сахна

20 Қыркүйек 2013, 03:18

Қазақ КСР-нің мемлекеттік классикалық би ансамблінің бір кезде “Алматының жас балеті” боп 1967 жылы құрылғаны аян. Астанадағы хореографиялық училищеден кейін Ленинградтың академиялық хореографиялық училищесінде білімін жетілдірген Болат екі жыл қазақтың Абай атындағы опера және балет теат­рында жұмыс істеді. Өзіне дейінгі таптаурын жолды жауыр қылғысы келмеген беймаза жігіт 1959-1964 жылда­ры Мәскеудегі А.В.Луначарский атындағы мемлекеттік театр-өнері институтының балетмейстерлік бөлімінде оқып, тәжірибесін жетілдірді. КСРО халық әртісі, профессор, Р.В.Захаровтың кур­сында өткен жылдар зая кеткен жоқ. Қазақстанға оралысымен педагог, биші, балетмейстер ретінде сүйікті ісіне құмар­та кірісті. Міне, содан бері Болат Ғазиз­ұлының тағдыры республика бале­тінің хал-ахуалын айқындап берген ансамбльмен тығыз сабақтас. Қазақ мәдениетіндегі Аюханов тағдыры өзгеше әңгіменің өзегі. Құрғақ мадақтау, тек қана қол шапалақтап, марапаттау Болаттың интеллектуалдық өресіне жасалынған қиянат болар еді. “Қимылы әсем, арғымақ мүсінді…” тәрізді баламаға толы мақалалар ол туралы көп жазылған, әлі де жазыла берер. Шын зерттеушісі табылса, дарынынан философиялық, психологиялық, поэтикалық толғаныстар туындатары анық. Өз еншісінде Болат ешкімге ұқсамайтын, жан мен тән үйлесімінің балеттегі айрықша мазмұнын іздеген суреткер. Ырғақ пен қимыл-қозғалыстың бір-біріне ынтыға құрақ ұшысар ұлы сәтін бейнелеуде оның әрі бишілік, әрі ақындық, әрі режиссерлік, әрі ойшылдық қасиеттері бірегей тұтасып кетеді. Құлақтан кірген әуенді жүректі бойлатып, сана елегінен өткізуге тікелей қызмет етер би табиғатына үңілгенде, қандай да идеяны нақтылы көрініске бағындырғанда, бұлшық еттердің бұлтың-бұлтың көз қызықтырғанынан гөрі мұхит ой әлемінің негізгі алтын қазыққа айналуына алдымен қадағалайды. Болаттың ұғымында, творчество – тәңірдің нақ өзі. Жыр кестесіне төгіліп, қиялын шарықтатады, толғауға жалғасып, небір терең пікірлер таратады, мұның бәрі ұстаздық, бишілік, балетмейстерлік қызметінен тыс құбылыстар. Ішкі әлемінің қоры, әлгіндей айтқан творчество тәңірінің құлақкесті құлындай құрақ ұшып, ақ қағаз бетінде, сахнада таңғажайып символдарға айналып жатады. Жиі-жиі жанын жегідей жейтін әлдекімдердің әділетсіздігінен, сатқындығынан, надандығынан құтқа­ратын да осы. Тағдырдың талқысын көрме­дім дегенімен, бұлардың толқынына заманның арқалатқан тауқыметін тым жастай түсінген. Енді байыптаса, қайран анасының кемеңгерлігі екен-ау, соншалықты зобалаңнан арашалап, зардап шектірмей, үш баласына жоғары білім бергені, ең бастысы, адалдыққа, мейірімділікке тәрбиелегені. Әкесі Ғазиз Қуатовты, көрнекті комсомол, партия қайраткерін 1938 жылдың шілдесінде қамауға алғаннан кейін, қыркүйегінде туыпты. Анасы айтатын еді, әйелдер босанатын үйдің дәлізінде сайман-қаруларын асынған НКВД қызметкерлері жүрді, жас босанған әйелдердің қайсыбірін дереу қайтадан тұтқындап әкеткенін көргенімде, зәрем ұшты… Шіркін, ана-ай, қызы мен екі ұлына естері кіргенше әке-шешелерінің, бауырларының есімдерін жазып, әрқайсысының киімдеріне тігіп қояды екен. Сәт сайын апат күте отырып, соны балаларына сездірмеуге тырысқаны қанша күшке түскенін кім білсін? Жиырма сегіз жасында жесір қалып, зұлымдықтың небір түріне еріксіз куә болғанымен, қашан көз жұмғанынша, әділеттің, партияның ғаламат күшіне сенгені Болат үшін төзімнің, ерліктің мектебіндей. Қыршынынан қиылып түсерде адал әкенің “балаларды коммунистік рухта тәрбиеле” деп ақ матаға қанымен жазып кеткен аманатын анасы орындадым деп ешқашан айғайлап айтпағанымен, шүкіршілік, бұлардың өмірден өз орындарын тапқанын көрді, қуанды, мақтан тұтты. Қазіргі заманның ең озық үлгідегі балетімен салыстырсақ, Аюхановтың ізденістерін әйгілі Бежар, Пети, Плисец­кая, Алонсоларға жақындатуға болады. Өнер аспанындағы осындай жарық жұлдыздармен рухани туыстығы біз үшін аса қымбат. Әлемнің қай бұрышына жіберсе де қазақтың мемлекеттік классикалық би ансамблінің дәл бүгінгі тұстағы мүмкіндігінің зор екенінде күмән жоқ. Шетелдіктерге де, отандастарымызға да, міне, жиырма жылдан асты, Аюха­новтың ансамблі төл балетімізді класси­калық алдыңғы қатарлы нұсқаға көтере жанкештілікпен насихаттап келеді. Ұлттық би өрнектеріміздің тәңіріндегі біршама жинақтап үлгерген пікірі бар, яғни тындырылған қыруар шаруаға қарамастан қазақ биі жан-жақты зерттелу сатысында деп есептейді. Оның келешекте ғылыми түрде жүйеленіп, тарамдана түсуін, тұрмыстық салт, этнографиялық, фольклорлық түрге бай жаңа қырларынан дамуын көксейді. Тіршілік қойнауында бақа-шаян, құрт-құмырсқаның қыбырлағаны, жыланның жер бауырлағаны, қозы-лақтың секіргені, өсімдік атаулының қылтиып гүлдегеніне шейін қимыл-қозғалыстың патшасы деп сенгендіктен тіршіліктің сиқырын да бидің тілі арқылы бойлауға құштар. Аюхановтың суреткерлік болмысын, міне, осы арада айқынырақ таратуға болады. Шопен, Глинка, Прокофьев, Скрябин, Дебюсси, Шостаковичтің музыкасына дайындаған миниатюралары, Паганинидің “Мәңгілік қозғалыс”, “Махаббат мұңы”, Вах-Гуноның “Аве Мария”, Малердің “Роза туралы поэ­масы” және басқа хореографиялық композицияларынан Болаттың ойшылдығы ең алдымен байқалады. Чайковскийдің бірінші фортепианолық концертіне қойылған хореографиялық фантазияда балетмейстер батылдығымен таңғалдырады. Святослав Рихтер мен Герберт фон Караянның жаңа­ша баяндауындағы бұл концерттегі терең толғанысты қазақ жігіті интеллектуалдық түйсікпен жеткізген. Тақырып таңдауында классикалық музыканың тигізіп келе жатқан ықпалы өлшеусіз. Малерден бас­тап Т.Қажығалиевке дейінгі түрлі ел, түрлі ұрпақ өкілдерінен творчествосына нәр жинап, республика балетінің көкжиегін кеңейтуде. “Қылмыс пен жазадағы” (Шостаковичтің төртінші симфониясының бірінші, үшінші бөлім­дері негізінде) психологиялық иірім­дер, “Қыз Жібектегі” (музыкасы Е.Бруси­ловскийдікі) романтикалық асқақ леп, “Фудзияма үстіндегі тырналардағы” (музыкасын жазған Ғ.Жұбанова) мөлдір лиризм, “Батырлардағы” жинақылық, дәлдік, ой тұтастығы, “Гамлеттегі” (екеуінің де музыкасын жазған А. Исакова) филосо­фиялық қалың астар, “Татьяна Ларина­дағы” (музыкасы Чайковскийдікі) сыршыл сезімталдық Аюханов әлемінің қат-қабат қырынан хабар береді. Мағира ҚОЖАХМЕТОВА

Қазақ КСР-нің мемлекеттік классикалық би ансамблінің бір кезде “Алматының жас балеті” боп 1967 жылы құрылғаны аян. Астанадағы хореографиялық училищеден кейін Ленинградтың академиялық хореографиялық училищесінде білімін жетілдірген Болат екі жыл қазақтың Абай атындағы опера және балет теат­рында жұмыс істеді. Өзіне дейінгі таптаурын жолды жауыр қылғысы келмеген беймаза жігіт 1959-1964 жылда­ры Мәскеудегі А.В.Луначарский атындағы мемлекеттік театр-өнері институтының балетмейстерлік бөлімінде оқып, тәжірибесін жетілдірді. КСРО халық әртісі, профессор, Р.В.Захаровтың кур­сында өткен жылдар зая кеткен жоқ. Қазақстанға оралысымен педагог, биші, балетмейстер ретінде сүйікті ісіне құмар­та кірісті. Міне, содан бері Болат Ғазиз­ұлының тағдыры республика бале­тінің хал-ахуалын айқындап берген ансамбльмен тығыз сабақтас.

Қазақ мәдениетіндегі Аюханов тағдыры өзгеше әңгіменің өзегі. Құрғақ мадақтау, тек қана қол шапалақтап, марапаттау Болаттың интеллектуалдық өресіне жасалынған қиянат болар еді. “Қимылы әсем, арғымақ мүсінді…” тәрізді баламаға толы мақалалар ол туралы көп жазылған, әлі де жазыла берер. Шын зерттеушісі табылса, дарынынан философиялық, психологиялық, поэтикалық толғаныстар туындатары анық. Өз еншісінде Болат ешкімге ұқсамайтын, жан мен тән үйлесімінің балеттегі айрықша мазмұнын іздеген суреткер. Ырғақ пен қимыл-қозғалыстың бір-біріне ынтыға құрақ ұшысар ұлы сәтін бейнелеуде оның әрі бишілік, әрі ақындық, әрі режиссерлік, әрі ойшылдық қасиеттері бірегей тұтасып кетеді. Құлақтан кірген әуенді жүректі бойлатып, сана елегінен өткізуге тікелей қызмет етер би табиғатына үңілгенде, қандай да идеяны нақтылы көрініске бағындырғанда, бұлшық еттердің бұлтың-бұлтың көз қызықтырғанынан гөрі мұхит ой әлемінің негізгі алтын қазыққа айналуына алдымен қадағалайды.

Болаттың ұғымында, творчество – тәңірдің нақ өзі. Жыр кестесіне төгіліп, қиялын шарықтатады, толғауға жалғасып, небір терең пікірлер таратады, мұның бәрі ұстаздық, бишілік, балетмейстерлік қызметінен тыс құбылыстар. Ішкі әлемінің қоры, әлгіндей айтқан творчество тәңірінің құлақкесті құлындай құрақ ұшып, ақ қағаз бетінде, сахнада таңғажайып символдарға айналып жатады. Жиі-жиі жанын жегідей жейтін әлдекімдердің әділетсіздігінен, сатқындығынан, надандығынан құтқа­ратын да осы. Тағдырдың талқысын көрме­дім дегенімен, бұлардың толқынына заманның арқалатқан тауқыметін тым жастай түсінген. Енді байыптаса, қайран анасының кемеңгерлігі екен-ау, соншалықты зобалаңнан арашалап, зардап шектірмей, үш баласына жоғары білім бергені, ең бастысы, адалдыққа, мейірімділікке тәрбиелегені. Әкесі Ғазиз Қуатовты, көрнекті комсомол, партия қайраткерін 1938 жылдың шілдесінде қамауға алғаннан кейін, қыркүйегінде туыпты. Анасы айтатын еді, әйелдер босанатын үйдің дәлізінде сайман-қаруларын асынған НКВД қызметкерлері жүрді, жас босанған әйелдердің қайсыбірін дереу қайтадан тұтқындап әкеткенін көргенімде, зәрем ұшты… Шіркін, ана-ай, қызы мен екі ұлына естері кіргенше әке-шешелерінің, бауырларының есімдерін жазып, әрқайсысының киімдеріне тігіп қояды екен. Сәт сайын апат күте отырып, соны балаларына сездірмеуге тырысқаны қанша күшке түскенін кім білсін? Жиырма сегіз жасында жесір қалып, зұлымдықтың небір түріне еріксіз куә болғанымен, қашан көз жұмғанынша, әділеттің, партияның ғаламат күшіне сенгені Болат үшін төзімнің, ерліктің мектебіндей. Қыршынынан қиылып түсерде адал әкенің “балаларды коммунистік рухта тәрбиеле” деп ақ матаға қанымен жазып кеткен аманатын анасы орындадым деп ешқашан айғайлап айтпағанымен, шүкіршілік, бұлардың өмірден өз орындарын тапқанын көрді, қуанды, мақтан тұтты.

Қазіргі заманның ең озық үлгідегі балетімен салыстырсақ, Аюхановтың ізденістерін әйгілі Бежар, Пети, Плисец­кая, Алонсоларға жақындатуға болады. Өнер аспанындағы осындай жарық жұлдыздармен рухани туыстығы біз үшін аса қымбат. Әлемнің қай бұрышына жіберсе де қазақтың мемлекеттік классикалық би ансамблінің дәл бүгінгі тұстағы мүмкіндігінің зор екенінде күмән жоқ. Шетелдіктерге де, отандастарымызға да, міне, жиырма жылдан асты, Аюха­новтың ансамблі төл балетімізді класси­калық алдыңғы қатарлы нұсқаға көтере жанкештілікпен насихаттап келеді. Ұлттық би өрнектеріміздің тәңіріндегі біршама жинақтап үлгерген пікірі бар, яғни тындырылған қыруар шаруаға қарамастан қазақ биі жан-жақты зерттелу сатысында деп есептейді. Оның келешекте ғылыми түрде жүйеленіп, тарамдана түсуін, тұрмыстық салт, этнографиялық, фольклорлық түрге бай жаңа қырларынан дамуын көксейді.

Тіршілік қойнауында бақа-шаян, құрт-құмырсқаның қыбырлағаны, жыланның жер бауырлағаны, қозы-лақтың секіргені, өсімдік атаулының қылтиып гүлдегеніне шейін қимыл-қозғалыстың патшасы деп сенгендіктен тіршіліктің сиқырын да бидің тілі арқылы бойлауға құштар. Аюхановтың суреткерлік болмысын, міне, осы арада айқынырақ таратуға болады. Шопен, Глинка, Прокофьев, Скрябин, Дебюсси, Шостаковичтің музыкасына дайындаған миниатюралары, Паганинидің “Мәңгілік қозғалыс”, “Махаббат мұңы”, Вах-Гуноның “Аве Мария”, Малердің “Роза туралы поэ­масы” және басқа хореографиялық композицияларынан Болаттың ойшылдығы ең алдымен байқалады. Чайковскийдің бірінші фортепианолық концертіне қойылған хореографиялық фантазияда балетмейстер батылдығымен таңғалдырады. Святослав Рихтер мен Герберт фон Караянның жаңа­ша баяндауындағы бұл концерттегі терең толғанысты қазақ жігіті интеллектуалдық түйсікпен жеткізген. Тақырып таңдауында классикалық музыканың тигізіп келе жатқан ықпалы өлшеусіз. Малерден бас­тап Т.Қажығалиевке дейінгі түрлі ел, түрлі ұрпақ өкілдерінен творчествосына нәр жинап, республика балетінің көкжиегін кеңейтуде. “Қылмыс пен жазадағы” (Шостаковичтің төртінші симфониясының бірінші, үшінші бөлім­дері негізінде) психологиялық иірім­дер, “Қыз Жібектегі” (музыкасы Е.Бруси­ловскийдікі) романтикалық асқақ леп, “Фудзияма үстіндегі тырналардағы” (музыкасын жазған Ғ.Жұбанова) мөлдір лиризм, “Батырлардағы” жинақылық, дәлдік, ой тұтастығы, “Гамлеттегі” (екеуінің де музыкасын жазған А. Исакова) филосо­фиялық қалың астар, “Татьяна Ларина­дағы” (музыкасы Чайковскийдікі) сыршыл сезімталдық Аюханов әлемінің қат-қабат қырынан хабар береді.

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА

Бөлісу: