20 Қыркүйек 2013, 02:52
Географиялық орналасуында және кейбір мәдени ерекшеліктер болмаса, қазақ пен өзбектің тілі, діні, ділі бір. Түркі халықтарының ішінде бір-бірінен ең соңында ажырап, енші алған халықтар қазақ пен өзбек десек, сірә, қателеспейміз. Олар өздерін қазақ халқының бір бөлшегіндейміз деп есептейді. Әрине, бұған жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясындағы Елбасымыздың: «Қазақстандағы қоғамдық келісім, ең алдымен, қазақтың келісімі. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде, ең алдымен, қазаққа керек. Қазақ жері 100-ден астам этносты біріктірді. Әрине, осы этностық әр алуандықтың бәрі біртұтас ұлтқа айналуы үшін жақсы цемент қызметін атқарып отыр» деген ұлағатты сөзі дәлел. Бірлік болған жерде береке болатындығы хақ дінімізде де айтылады. Сонау бір жылдары оңтүстіктің үш ауданындағы 2000-ға жуық отбасының үйлерін тасқын су басып кеткен шақта Елбасының тікелей тапсырмасымен Үкімет іске кіріскенде, халық та өзінде барын аямады. Осы тұста «қазақ, өзбек бір туған» деп, Өзбек мәдени орталығының мұрындық болуымен “Офот айтиб келмайди” акциясы өтіп, Сарыағаш ауданында тасқын судан зардап шеккендерге 2 млн 300 мың теңге көмек берілген болатын.
Күнгей өлкедегі ала тақиялы ағайындардың саны, 2010 жылдың есебімен алғанда, 425 110-ды құрап, басқа этнос өкілдерімен салыстырғанда, өңірде екінші орында тұр. Оның ішінде республика аумағында өзін-өзі мемлекеттің көмегінсіз толық қамтамасыз ететін Сайрам ауданында осы өзағаңдардың үлесі көп. Қияр егіп, қызанақ өсіреді. Жеке шаруа қожалықтарында баптаған көкөніс, азық-түліктер залалсыз әрі арзан. Солтүстік пен орталық, батыс аймақтарға дейін қыс түскенше қауын-қарбызды осы бау-бақшалы оңтүстіктен тасып жатады. «Көршіңіз байып жатса, қуаныңыз...» демекші, туысқан ұлттың еңбекқорлығы – өңірдегі өзге ұлттарға да үлгі-өнеге. Қаншама қаракөздеріміз Шымкенттен шығып, еліміздің әр өңірінде табан ет, маңдай терінің жемісін көріп жүр. Оңтүстік адамдарының жүрегі өлкенің табиғатындай жұмсақ. Мынау өзге ұлт өкілі деп сыртқа тебе бермейді. Қазақстаннан қоныс тапқандар жүрек жылуын білдірсе, қазақтар екі есе ыстық ықыласпен жауап береді. Оны өзге ұлт өкілдері түсінеді.
Сауда-саттыққа ебі бар ала дорбалы өзбектердің еліміздің қиын-қыстау кезде бастарына іс түскен жүздеген ұлтқа пана болғандығын жақсы біледі. Олар: «Біздің өзгелерден жөніміз бөлек, себебі енші алыспаған ағайындардай қазақтармен бірге өмір сүріп келеміз» дейді. Міне, осы шынайы, бүкпесіз айтылған сөзді біраз жыл бұрын Сайрамдағы Өзбек драма театрының ашылу салтанатында Президентіміз де айтқан болатын. Кез келген өзбек ағайыннан сұрасаңыз, қазақтардың бізді өзімсініп, ішке тартатындығы жүрегімізді жылытады дейді. Шындығында, қазақтың досқа құшағы Қазақияның даласындай кең. Сан ғасырлар бойы бірге жасап, қуаныш пен қайғыны қатар көтеріп келе жатқан мұндағы өзбектер өздерін осы елде жат сезінген емес. Бар болса – тасынбайды, жоқ болса – аяққа бас ұрып жалынбайтын қасиетінен айырылмаған өзағаңдар ара шаруаға келгенде пысық екендігі белгілі. Әлсін-әлсін еңбекқорлығын, өлермендігін айта беруіміздің себебі – елімізде өмір сүріп жатқан туысқан ұлттардан үлгі алар тұстарымыздың көп екендігін еске салу ғана. Өзағаңның ауласындағы алақандай жерінен бір маусымда екі-үш қайтара өнім алып, дастарқаны жайнап отыратын мал тапқыштығын неге үйренбеске?
Кеңқолтық қазақтың мейірінің тасуына, қолындағы нанының жартысын бөліп беруіне қарай, елімізде әр ұлттың ынтымағы жарасқан. Кеңестік кезеңнің ықпалымен әлі де шовинистік пиғылда, уақытша қонақта жүргендей сезінетін бірен-сарандар болмаса, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда өмір сүріп, барлық жағдайы жасалған өзбек, түрік, парсы, корей ағайындардың еліне деген сүйіспеншілігі алабөтен.
Автор: Нұрбақ ЕДІГЕ
"Алаш айнасы"