20 Қыркүйек 2013, 02:28
Бұдан тура 100 жыл бұрын, қасиетті Семей топырағында алғашқы футбол командалары пайда болды. Әуелгі қарлығаш – «Ярыш» («Жарыс») командасы. Аймаққа белгілі татар көпесі Сыдық Нығматуллиннің қаржылай көмегімен өрімдей жас балалар команда құрып, әуелі жай ғана жолдастық кездесулер өткізіп жүрді. 16 жастағы жас футболшылар ішінде болашақ қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов те бар еді. Ал команда ұйытқысы Юнус (Жүніс) Нығматуллин әкесі Сыдықтың қаржылай көмегіне сүйеніп қана қоймай, өзі команда капитаны және бапкері болды. Әр ойын соңында ол үздік футболшыларға бағалы сыйлықтар да ұсынып жүрді. Нығматуллиндердің «Ярдам» («Жәрдем») баспаханасында «Ярыш» ойындарын жарнамалаған плакаттар басылып, қаланың көрнекті жерлеріне ілінетін. Юнустың қалыңдығы Ғафифа команданың формасын біркелкі етіп тігуге белсене кірісті. Ахметсәлім Кәрімов, Қасымхан Мұхаммедов, Салах Хисматуллин, Зиятдин Рысбаев, Мұхаммед Сайдашев, Әміржан Сыздықов, Ғабдулхан Ғаббасов, Мұхамедолла Құрманов, Ғұсман Ямбушев, Сабыржан Ахмедшин сияқты ойыншылар бірте-бірте «Ярыштың» қарапайым команда ғана емес, спорттық үйірмеге айналуына көп еңбек сіңірді. Қазақстандық клубтар ішінен ең алғаш халықаралық кездесуді де осы «Ярыш» алғаш өткізді. Семейдегі әскери тұтқындардан жасақталған командамен «жарыстықтар» 2 матч өткізген. Тұтқындар арасында 1912 жылғы Стокгольм олимпиадасының екі чемпионы болды деген де деректер бар.
Биылғы наурыз айында Семейдегі татар мәдени орталығының мұражайына Германияның Бонн қаласында тұратын Рамиса Айдхофф ханым «Ярыштың» бұған дейін беймәлім болған фотосуреттерін табыс етті. Рамиса – жоғарыда аталған капитан Юнустың туған қарындасы. Ол ұзақ жылдар бойы суреттерді сақтап қана қоймай, «Ярыш» командасы капитанының таңбасын да сақтап жүріпті. Атлас матасынан тігілген бұл таңба Семей мұражайына екі жыл бұрын табысталыпты.
«Ярыштың» дүрмегімен ССК, «Олимп», «Ласточка», «Орлята» командалары да пайда болды. «Нептун», «Спорт-клуб», «Гимназистер» (ерлер гимназиясы), «Семинаристер» (мұғалімдер гимназиясы) командалары да Семей топырағында футбол дүбірін көтерді. Бұл кезде ортақ біріншілік өтпегендіктен, командалар жолдастық кездесулер өткізумен шектелетін. Барнаул, Новосібір, Том қалаларының әуесқой командаларымен де кездесіп, жанкүйерлерді қуанышқа бөлейтін. Ойындар көбінесе Семей жәрмеңкесінің орнында өткізілетін.
Кейінірек, 1915-16 жылдары Керекуде «Ястреб», «Звездочка» командалары пайда болды. Олар да бұл өлкеде футбол өнерінің дамуына зор үлес қосты. 1921 жылы Жамбылда еліміздегі ең алғашқы футбол алаңы пайдалануға берілді. 1928 жылы Қызылжарда ҚазАКСР губернияларының командалары арасында ресми жарыс өткізіліп, оның қорытындысы бойынша тұңғыш құрама жасақталды. Құрама КСРО халықтарының I Бүкілодақтық жұмысшылар Спартакиадасы іріктеу бәсекесіне қатысты. Қазан қаласында өткен жарыста қазақстандық команда бес кездесу өткізіп, турнир қорытындысында екінші орынға ие болды.
Осылай-осылай, қазақ жерінде футбол өнері дами бастады. Алматының «Динамо» командасы бірінші болып кәсіпқой командалар арасындағы КСРО біріншілігіне қатысты. КСРО жоғары лигасында Алматының «Қайраты» 1960 жылдан бастап өнер көрсетті. Бірде өрде, бірде қырда жүргеніне қарамастан, «Қайраттың» жүріп өткен жолы бүгінде қазақстандық әрбір шынайы жанкүйерге ыстық.
Есей Жеңісұлы