Беғазы-Дәндібай мәдениетінің зерттелуі

19 Қыркүйек 2013, 11:13

Құнды қазынаға зерделі зерттеу жүр­гізген археологтер қоныстар мен тұрақтар­дан қолға іліккен көзе ыдыстардан төмен­де­гіше көріністерді аңғарғанын айтады. Ыдыстардағы таяқшамен батыңқы сызы­лып салынған сыртқы өрнектері қарапа­йым, қиғаш және көлбеу тәрізді болып бейнеленген. Оларда шырша, тырнақ, ше­кіл­деуік, жарты ай бейнелі, мойны мен ернеуінде белдемшелер көрініс береді. Қа­бірлердің ішінен қолға іліккен ыдыстар­дың пішіндері мен өрнектері олардан мүл­дем өзгеше екенін аңғару ешбір қиын емес. Олардың арасында қыл мойынды құмыра пішінді, шығыңқы бүйірлі кеселер мен тостаған тәрізді сырты сүйек қалыпша­лармен әсем етіп өрнектелген. Ғалымдар­дың зерттеуі бойынша сол бір кезеңдерде осы өңірде Кент, Бұғылы, Шортанды бұлақ, Қарқаралы, Ақкезең, Ұлытау секілді ірі мекендердің іргесі қаланған болуы мүмкін. Сол бір дәуірлерде ғұмыр кешкен адамдар баспанасында да әртүрлілік байқалады. Олардың арасында қабырғасы іргетас арқылы өрілген төрт-алты бөлмелі үйлер бірден көзге шалынады. Сондай-ақ бір-екі бөлмелі жер кепе мен киіз үй пішін­дес құрастырмалы жеңіл үйлер де молынан кездескен. Мұндай үйлердің нақ ортасына таман немесе шеттеу бөлігінде төрт бұ­рыш­ты ғибадат ету орындары орналасқан. Олар биіктеу етіп тастардан тұрғызылған. Айта кетерлігі, әрбір іргелі қоныстың айналасына шағын елді мекендер қоныс тепкен. Олардың саны төрт-беске жеткен. Беғазы-Дәндібай даласын мекен еткен тайпалар түрлі кәсіп түрлерін шебер мең­герген. Олардың арасында темірден түйін түйген алтын қолды ұсталар да аз болма­ғанға ұқсайды. Мыс балқыту, көзе жасау секілді жұмыстардың қыр-сырына қанық болған. Сондай-ақ егін егу, мал бағу секіл­ді кәсіптер де жергілікті тұрғындардың тіршілік көзіне айналған. Ғалымдар Беғазы-Дәндібай мәдение­тінде өмір сүрген тайпалар наным-сенімі бойынша күн, от, су секілді табиғат күште­рі­не табынғанын айтады. Сонымен қатар күнделікті нәпақа табу көзі болған жылқы, қой, түйе сияқты жануарлар мен қасқыр, аю секілді жыртқыш аңдарды да қастерлеп, оларға табыну ғұрыптары кездесіп қалған. Мәселен, Қойшоқы, Ақсу-Аюлы, Қызыла­рай секілді жерлерде олардың тастан қашалған бейнелерін зират немесе қоныс маңайына тұрғызып қойған көрінеді. Жергілікті тайпалар өздерінің әлеумет­тік дамуы барысында беделі биік ру басылардың әміріне тәк тұрған. Олар діни наным-сенімі қалыптасқан тайпалар сана­тына жатқызылған. Сондай-ақ олар саяси-әкімшілік орталығы бар, өзіндік өндірісі өрге басқан, өндіргіш күштері өрлеуде болған, алғашқы мемлекеттік бірлестік құру деңгейіне дейін көтерілген тайпалар санатына жатады. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, жергілікті тайпалар Оралдың оңтүстік өңіріндегі Замарев мәдениеті және Алтай мен Енисей даласындағы Қарасауық мәдениетінде  өмір сүрген туыс тайпалармен саяси және экономикалық негізде тығыз қарым-қатынас жасаған. Археологтер қорымдардағы зәулім тастардың асқан шеберлікпен қаланғанын айтады. Олардың салмағы да жеңіл емес. Әрбірі орташа есеппен алғанда 4-5 тонна­ны құрайды. Зерттеушілер оларды жер­гілік­ті тайпалар Қызыларай тауынан жеткізгенін айтады. Бір сөзбен айтқанда, со маңдағы тайпалар қола дәуірінде жоға­ры мәдениетке қол жеткізе білген. Соның бір көрінісі – олар ауыр салмақтағы тастар­ды бір жерден екіншісіне тиімді жолмен жеткізе білген екен. Қалың қазақ Сарыарқа жерін қастер­лейді. Солай болуы заңды да секілді. Топы­ра­ғын түрте қалсаңыз, көне заманның де­ректері бірден сөйлеп кетеді. Бұл бүгін­гідей жеке-дара түтін түтетіп отырған Тәуелсіз еліміздің атағы мен абыройын дүйім елге таратып, қазақ халқының тамырын тереңге тарта түсері анық. Автор: Әділжан ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ "Алаш айнасы"

Құнды қазынаға зерделі зерттеу жүр­гізген археологтер қоныстар мен тұрақтар­дан қолға іліккен көзе ыдыстардан төмен­де­гіше көріністерді аңғарғанын айтады. Ыдыстардағы таяқшамен батыңқы сызы­лып салынған сыртқы өрнектері қарапа­йым, қиғаш және көлбеу тәрізді болып бейнеленген. Оларда шырша, тырнақ, ше­кіл­деуік, жарты ай бейнелі, мойны мен ернеуінде белдемшелер көрініс береді. Қа­бірлердің ішінен қолға іліккен ыдыстар­дың пішіндері мен өрнектері олардан мүл­дем өзгеше екенін аңғару ешбір қиын емес. Олардың арасында қыл мойынды құмыра пішінді, шығыңқы бүйірлі кеселер мен тостаған тәрізді сырты сүйек қалыпша­лармен әсем етіп өрнектелген. Ғалымдар­дың зерттеуі бойынша сол бір кезеңдерде осы өңірде Кент, Бұғылы, Шортанды бұлақ, Қарқаралы, Ақкезең, Ұлытау секілді ірі мекендердің іргесі қаланған болуы мүмкін.

Сол бір дәуірлерде ғұмыр кешкен адамдар баспанасында да әртүрлілік байқалады. Олардың арасында қабырғасы іргетас арқылы өрілген төрт-алты бөлмелі үйлер бірден көзге шалынады. Сондай-ақ бір-екі бөлмелі жер кепе мен киіз үй пішін­дес құрастырмалы жеңіл үйлер де молынан кездескен. Мұндай үйлердің нақ ортасына таман немесе шеттеу бөлігінде төрт бұ­рыш­ты ғибадат ету орындары орналасқан. Олар биіктеу етіп тастардан тұрғызылған. Айта кетерлігі, әрбір іргелі қоныстың айналасына шағын елді мекендер қоныс тепкен. Олардың саны төрт-беске жеткен.

Беғазы-Дәндібай даласын мекен еткен тайпалар түрлі кәсіп түрлерін шебер мең­герген. Олардың арасында темірден түйін түйген алтын қолды ұсталар да аз болма­ғанға ұқсайды. Мыс балқыту, көзе жасау секілді жұмыстардың қыр-сырына қанық болған. Сондай-ақ егін егу, мал бағу секіл­ді кәсіптер де жергілікті тұрғындардың тіршілік көзіне айналған.

Ғалымдар Беғазы-Дәндібай мәдение­тінде өмір сүрген тайпалар наным-сенімі бойынша күн, от, су секілді табиғат күште­рі­не табынғанын айтады. Сонымен қатар күнделікті нәпақа табу көзі болған жылқы, қой, түйе сияқты жануарлар мен қасқыр, аю секілді жыртқыш аңдарды да қастерлеп, оларға табыну ғұрыптары кездесіп қалған. Мәселен, Қойшоқы, Ақсу-Аюлы, Қызыла­рай секілді жерлерде олардың тастан қашалған бейнелерін зират немесе қоныс маңайына тұрғызып қойған көрінеді.

Жергілікті тайпалар өздерінің әлеумет­тік дамуы барысында беделі биік ру басылардың әміріне тәк тұрған. Олар діни наным-сенімі қалыптасқан тайпалар сана­тына жатқызылған. Сондай-ақ олар саяси-әкімшілік орталығы бар, өзіндік өндірісі өрге басқан, өндіргіш күштері өрлеуде болған, алғашқы мемлекеттік бірлестік құру деңгейіне дейін көтерілген тайпалар санатына жатады. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, жергілікті тайпалар Оралдың оңтүстік өңіріндегі Замарев мәдениеті және Алтай мен Енисей даласындағы Қарасауық мәдениетінде  өмір сүрген туыс тайпалармен саяси және экономикалық негізде тығыз қарым-қатынас жасаған.

Археологтер қорымдардағы зәулім тастардың асқан шеберлікпен қаланғанын айтады. Олардың салмағы да жеңіл емес. Әрбірі орташа есеппен алғанда 4-5 тонна­ны құрайды. Зерттеушілер оларды жер­гілік­ті тайпалар Қызыларай тауынан жеткізгенін айтады. Бір сөзбен айтқанда, со маңдағы тайпалар қола дәуірінде жоға­ры мәдениетке қол жеткізе білген. Соның бір көрінісі – олар ауыр салмақтағы тастар­ды бір жерден екіншісіне тиімді жолмен жеткізе білген екен.

Қалың қазақ Сарыарқа жерін қастер­лейді. Солай болуы заңды да секілді. Топы­ра­ғын түрте қалсаңыз, көне заманның де­ректері бірден сөйлеп кетеді. Бұл бүгін­гідей жеке-дара түтін түтетіп отырған Тәуелсіз еліміздің атағы мен абыройын дүйім елге таратып, қазақ халқының тамырын тереңге тарта түсері анық.

Автор: Әділжан ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ

"Алаш айнасы"

Бөлісу: