Оралдың тарихы 1613 жылдан басталмайды

19 Қыркүйек 2013, 08:15

Өткен аптада күздің жазға бергісіз жаймашуақ күндерінің бірінде Орал қаласының күні кеңінен аталып өтті. Елімізде қай қаланың күні өткізілмей жатыр. Ондағы іс-шаралар мен қызықтар мереке қарсаңында пайдалануға берілген нысандар тұтастай алғанда республикадағы қала күндерін ұйымдастырудың сценарийі мен тәртібі бір-біріне ұқсастау келеді. Сондықтан да, көп жағдайда сол сан алуан іс-шаралар мен театрландырылған көріністерді тізбектей салатынымыз да жасырын емес. Бұл жолы осындай жаттандылық пен таптаурындылықтан саналы түрде бойымызды аулақ салуға итермелеп отырған бір жайт бар.  Мұның өзі биылғы қыркүйекте өткізілген Орал қаласының күні жаңа тарихи сананы қалыптастыру кезеңімен тұспа-тұс келгендігінен туындайды. Мұның мәнісі мынада. Бұған дейін Орал қаласының іргетасы 1613 жылы қаланды деген дерек пен түсінік үстем түсіп келеді. Тіпті, тәуелсіздікке қолымыз жеткен кезге дейін Орал әуежайынан облыс орталығына кірер тұстағы күре жолдың бойында осы дата асқақтап тұратын. Осы есеппен кеңестік кезеңде Орал қаласының 350 және 375 жылдығы кеңінен тойланғаны батысқазақстандықтарға жақсы мәлім. Ал 1988 жылы күзде Орал қаласының 375 жылдығы делін­ген күмәнді датаға өзіміз де куә болғанбыз. Есімізде қалғаны бұл жылы ұлттық рух пен бітім-болмыстың иісі де байқалмады. Ол барынша жаншылды, аяққа тапталды. Ал ұлттық тарих деген ұғым мен түсінік ешкімнің ойына кіріп те шықпады. Тіпті, керек десеңіз, сол кездегі қала мен облыс басшылары оны өткізу мен ұйымдастыру ісінен мүлдем тыс қалды. Бұлай болатын себебі 375 жылдық дегенді әзір сценарий мен оның орындаушылары Ресейден жеткізілді. Бұл Ресейдегі ежелгі қалалардың бірі Ярославльдың мыңжылдығына арналған әзір бағдарлама болып шықты. Сөйтіп, қала тарихының шын шежіресі бұрмаланып көрсетілді. Ал айтты-айтпады, шын тарихқа дес берсек, Орал қаласын мекендеген казачество мен өзге ұлт өкілдері тұрған жер мен туған жер дейтін екі текті ұғымдарды шатастырыңқырап алды. Олардың кейінгі ұрпақтары да империялық пиғылмен уланды. Егер жоғарыда қисынға сайсақ, биыл Орал қаласының құрылғанына 400 жыл болды деп санауға да болар еді. Әйтсе де, ұлттық тарихтың жаңа парақ­­­тары, жаңа тарихи сана мұндай қолдан жасалған датаны жоққа шығарады. Бұл істе Орал қаласындағы тарих және архео­логия орталығының ғылыми-шығар­ма­шы­лық ұжымы жоғарыдағыдай кереғар түсініктің орнын толтыруда терең тарихи зерттеулер жасай білді. Бұл орайда, біз аталған орталықтың директоры, тарих ғылымдарының докторы, «Құрмет» орде­нінің иегері М.Сыдықовқа жолыққан едік. – Мәке, биыл өткізілген Орал қала­­сының күніне қатысқан екенсіз.Ақиқатын айтыңызшы. Бір аптаға созылған мерекелік шаралар барысында тұрғындар тарапынан Оралға 400 жыл толды деген пікірді ести алдыңыз ба? – Жоқ ести алмадым. Біз бірнеше жыл­дар бойы Оралдың тарихы 1613 жыл­дан емес, орта ғасырлардан бас­талатыны жөнінде жан-жақты тарихи зерт­теулер мен археологиялық қазба жұмыс­тарын жүргіздік. Қазір бұл іс одан әрі жалға­сып келеді. Сол жұмыстардың қорытын­ды­сы­мен кең көлемді ақпараттық түсінік жұ­мыстары да қоса атқарылды. Ұлттық ғылым академиясымен бірлесе отырып, Орал қала­сының тарихына қатысты құнды да көлемді ғылыми еңбек жарық көрді. Шын ұлттық тарихты қалпына келтіру жөнінде біздің жұмысымызға мәскеулік ғалымдар тобы да үлкен қолдау көрсете білгені біз үшін бір мерей. Солардың ішінде Ресей Ғылым академиясы Этнография және антропология ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Эмма Зилизинскаяның ой-пікірі біз үшін қымбат. Ол кісі Орал о бастан ислам діні шуа­ғын шаш­қан қала деген ұйғарымға келіп отыр. Иә, Орал қаласының ескі атауы Теке деп аталғаны белгілі. Бұл арада теке дегеніміз ешкінің еркегі емес, Тәкиі – яғни дәу, мінәжат ету орны деп тұжырым жа­саған белгілі зерттеуші журналист Мақсат Тәжмұраттың тұжырымы да мәскеулік тарихшы пікірінен қашыққа кетпейді. Міне, Орал қаласының түп тарихына қатысты айтылар ойлардың кейбір ұш­қын­дары осындай. Ал оның бүгінгі кескін-кел­беті туралы не айтуға болады? Талас жоқ, облыс орталығын абаттандыру мен одан әрі көркейту жөнінде атқарылып жатқан жұ­мыстар баршылық. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Бүгінде көп мәселенің ше­шімі қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Сон­дықтан да, қала бюджетінде қаражаттың тап­шы болмағаны жөн. Тапшы дейміз-ау, тіпті, оның көлемі жыл сайын көбейіп отырса нұр үстіне нұр емес пе? Еліміздегі кез келген қала ең алдымен, алдын ала бекітілген бас жоспарға сай ойдағыдай дами алады. Қарапайым түсінікке шаққанда бас жоспар дегенімізді ең алдымен болашақта қала қанатын кеңге жая түсуі үшін оған қажетті кеңістіктің болуы деп те түсінуге болады. Оралдың бас жоспары бұған дейін де жасалған. Өкінішке қарай, сол кезде кең емес, кем пішілген жоспардың салдарынан жабайы жеке үй құрылыстары қалаға тіреліп қалғанын көріп жүрміз. Ал бұған дейін тұрғызылған жекеменшіктегі баспаналарды бұзу еш мүмкін емес. Сондықтан да, бүгінгі Оралдың Сарытау жағы беткейіндегі тұста ғана жаңа құрылыс жобаларын жүргізуге мүмкіндік туып отыр. Сөз соңында Орал қаласының ел өмірінде алатын стратегиялық мәні мен маңызы туралы айта кеткенді жөн көреміз. Иә, бұған дейін айтылып жүргендей, желдің өтінде, жердің шетінде тұрған бұл аймақ – еліміздің батыстағы босағасы. Оның екінші бір ерекшелігі, Еуразиялық ендікте орналасқаны. Оралдың үшінші ерекшілігі, Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесетін шекаралық маңызы аса зор Қазақстан қаласы екендігі. Бір сүйсінерлігі тәуелсіздік жылында шекаралық өңірдің сыртқы саясаты мен геосаяси қарым-қатынасы оң жолға қойылды. Көршілермен байланыстың ұтымды оң жолға қойылғаны да халықаралық қарым-қатынастардағы Орал қала­сының байланыстырушы буын ретін­дегі мәртебесін биіктете түседі. Сонымен бірге, Орал – газ, мұнай тәрізді шикізат көздеріне жақын орналасуы арқылы да өзіміз үшін де, өзгелер үшін де, яғни екіжақты инновациялық мәнге ие болып отыр. Бүгінде қалада шо­ғырланған стратегиялық қорға­ныс кәсіпорындары кеме, шағын ұшақтар және мұнай-газ өндірісіне қажетті құрал-жабдықтар шығаруға маманданған. Соңғы кезде мемлекетімізде ұлттық тарихты терең зерделеу мен жаңа тарихи сананы қалыптастыруға бұрынғыдан да көбірек мән берілуі неліктен? Әрине, бұл іргелі қадам республиканың төл, байырғы тұрғындарын былай қойғанда барша қазақстандықтар үшін жасалып отырғаны аян. Өйткені, терең тарихи таным – барша түсіністіктің бастауы болып табылады. Орал қаласының тарихына қатысты бұған дейін айтылып келген кейбір кереғар пікірлерге де осындай өміршең көзқарас тұрғысынан келуге болады. Қаланың құрылуына қатысты шын тарихты саналарға сіңіру жөнінде қадамдар жасалып еді, одан кейін арадағы кейбір түсінбестіктер де сап тыйылды. Алтын алқадай жарқырап шекаралық өңірдің бойын ширатып, қанын жүргізумен келе жатқан батыс қақпаның таяу тактикасы да, алыс стратегиясы да осы арнадан нәр алса игі. Темір ҚҰСАЙЫН Baq.kz

Өткен аптада күздің жазға бергісіз жаймашуақ күндерінің бірінде Орал қаласының күні кеңінен аталып өтті. Елімізде қай қаланың күні өткізілмей жатыр. Ондағы іс-шаралар мен қызықтар мереке қарсаңында пайдалануға берілген нысандар тұтастай алғанда республикадағы қала күндерін ұйымдастырудың сценарийі мен тәртібі бір-біріне ұқсастау келеді. Сондықтан да, көп жағдайда сол сан алуан іс-шаралар мен театрландырылған көріністерді тізбектей салатынымыз да жасырын емес. Бұл жолы осындай жаттандылық пен таптаурындылықтан саналы түрде бойымызды аулақ салуға итермелеп отырған бір жайт бар.

 Мұның өзі биылғы қыркүйекте өткізілген Орал қаласының күні жаңа тарихи сананы қалыптастыру кезеңімен тұспа-тұс келгендігінен туындайды. Мұның мәнісі мынада. Бұған дейін Орал қаласының іргетасы 1613 жылы қаланды деген дерек пен түсінік үстем түсіп келеді. Тіпті, тәуелсіздікке қолымыз жеткен кезге дейін Орал әуежайынан облыс орталығына кірер тұстағы күре жолдың бойында осы дата асқақтап тұратын. Осы есеппен кеңестік кезеңде Орал қаласының 350 және 375 жылдығы кеңінен тойланғаны батысқазақстандықтарға жақсы мәлім. Ал 1988 жылы күзде Орал қаласының 375 жылдығы делін­ген күмәнді датаға өзіміз де куә болғанбыз. Есімізде қалғаны бұл жылы ұлттық рух пен бітім-болмыстың иісі де байқалмады. Ол барынша жаншылды, аяққа тапталды. Ал ұлттық тарих деген ұғым мен түсінік ешкімнің ойына кіріп те шықпады. Тіпті, керек десеңіз, сол кездегі қала мен облыс басшылары оны өткізу мен ұйымдастыру ісінен мүлдем тыс қалды. Бұлай болатын себебі 375 жылдық дегенді әзір сценарий мен оның орындаушылары Ресейден жеткізілді. Бұл Ресейдегі ежелгі қалалардың бірі Ярославльдың мыңжылдығына арналған әзір бағдарлама болып шықты. Сөйтіп, қала тарихының шын шежіресі бұрмаланып көрсетілді. Ал айтты-айтпады, шын тарихқа дес берсек, Орал қаласын мекендеген казачество мен өзге ұлт өкілдері тұрған жер мен туған жер дейтін екі текті ұғымдарды шатастырыңқырап алды. Олардың кейінгі ұрпақтары да империялық пиғылмен уланды. Егер жоғарыда қисынға сайсақ, биыл Орал қаласының құрылғанына 400 жыл болды деп санауға да болар еді. Әйтсе де, ұлттық тарихтың жаңа парақ­­­тары, жаңа тарихи сана мұндай қолдан жасалған датаны жоққа шығарады. Бұл істе Орал қаласындағы тарих және архео­логия орталығының ғылыми-шығар­ма­шы­лық ұжымы жоғарыдағыдай кереғар түсініктің орнын толтыруда терең тарихи зерттеулер жасай білді. Бұл орайда, біз аталған орталықтың директоры, тарих ғылымдарының докторы, «Құрмет» орде­нінің иегері М.Сыдықовқа жолыққан едік.

– Мәке, биыл өткізілген Орал қала­­сының күніне қатысқан екенсіз.Ақиқатын айтыңызшы. Бір аптаға созылған мерекелік шаралар барысында тұрғындар тарапынан Оралға 400 жыл толды деген пікірді ести алдыңыз ба?

– Жоқ ести алмадым. Біз бірнеше жыл­дар бойы Оралдың тарихы 1613 жыл­дан емес, орта ғасырлардан бас­талатыны жөнінде жан-жақты тарихи зерт­теулер мен археологиялық қазба жұмыс­тарын жүргіздік. Қазір бұл іс одан әрі жалға­сып келеді. Сол жұмыстардың қорытын­ды­сы­мен кең көлемді ақпараттық түсінік жұ­мыстары да қоса атқарылды. Ұлттық ғылым академиясымен бірлесе отырып, Орал қала­сының тарихына қатысты құнды да көлемді ғылыми еңбек жарық көрді. Шын ұлттық тарихты қалпына келтіру жөнінде біздің жұмысымызға мәскеулік ғалымдар тобы да үлкен қолдау көрсете білгені біз үшін бір мерей. Солардың ішінде Ресей Ғылым академиясы Этнография және антропология ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Эмма Зилизинскаяның ой-пікірі біз үшін қымбат. Ол кісі Орал о бастан ислам діні шуа­ғын шаш­қан қала деген ұйғарымға келіп отыр.

Иә, Орал қаласының ескі атауы Теке деп аталғаны белгілі. Бұл арада теке дегеніміз ешкінің еркегі емес, Тәкиі – яғни дәу, мінәжат ету орны деп тұжырым жа­саған белгілі зерттеуші журналист Мақсат Тәжмұраттың тұжырымы да мәскеулік тарихшы пікірінен қашыққа кетпейді.

Міне, Орал қаласының түп тарихына қатысты айтылар ойлардың кейбір ұш­қын­дары осындай. Ал оның бүгінгі кескін-кел­беті туралы не айтуға болады? Талас жоқ, облыс орталығын абаттандыру мен одан әрі көркейту жөнінде атқарылып жатқан жұ­мыстар баршылық. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Бүгінде көп мәселенің ше­шімі қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Сон­дықтан да, қала бюджетінде қаражаттың тап­шы болмағаны жөн. Тапшы дейміз-ау, тіпті, оның көлемі жыл сайын көбейіп отырса нұр үстіне нұр емес пе?

Еліміздегі кез келген қала ең алдымен, алдын ала бекітілген бас жоспарға сай ойдағыдай дами алады. Қарапайым түсінікке шаққанда бас жоспар дегенімізді ең алдымен болашақта қала қанатын кеңге жая түсуі үшін оған қажетті кеңістіктің болуы деп те түсінуге болады. Оралдың бас жоспары бұған дейін де жасалған. Өкінішке қарай, сол кезде кең емес, кем пішілген жоспардың салдарынан жабайы жеке үй құрылыстары қалаға тіреліп қалғанын көріп жүрміз. Ал бұған дейін тұрғызылған жекеменшіктегі баспаналарды бұзу еш мүмкін емес. Сондықтан да, бүгінгі Оралдың Сарытау жағы беткейіндегі тұста ғана жаңа құрылыс жобаларын жүргізуге мүмкіндік туып отыр.

Сөз соңында Орал қаласының ел өмірінде алатын стратегиялық мәні мен маңызы туралы айта кеткенді жөн көреміз. Иә, бұған дейін айтылып жүргендей, желдің өтінде, жердің шетінде тұрған бұл аймақ – еліміздің батыстағы босағасы. Оның екінші бір ерекшелігі, Еуразиялық ендікте орналасқаны. Оралдың үшінші ерекшілігі, Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесетін шекаралық маңызы аса зор Қазақстан қаласы екендігі. Бір сүйсінерлігі тәуелсіздік жылында шекаралық өңірдің сыртқы саясаты мен геосаяси қарым-қатынасы оң жолға қойылды. Көршілермен байланыстың ұтымды оң жолға қойылғаны да халықаралық қарым-қатынастардағы Орал қала­сының байланыстырушы буын ретін­дегі мәртебесін биіктете түседі.

Сонымен бірге, Орал – газ, мұнай тәрізді шикізат көздеріне жақын орналасуы арқылы да өзіміз үшін де, өзгелер үшін де, яғни екіжақты инновациялық мәнге ие болып отыр. Бүгінде қалада шо­ғырланған стратегиялық қорға­ныс кәсіпорындары кеме, шағын ұшақтар және мұнай-газ өндірісіне қажетті құрал-жабдықтар шығаруға маманданған.

Соңғы кезде мемлекетімізде ұлттық тарихты терең зерделеу мен жаңа тарихи сананы қалыптастыруға бұрынғыдан да көбірек мән берілуі неліктен? Әрине, бұл іргелі қадам республиканың төл, байырғы тұрғындарын былай қойғанда барша қазақстандықтар үшін жасалып отырғаны аян. Өйткені, терең тарихи таным – барша түсіністіктің бастауы болып табылады. Орал қаласының тарихына қатысты бұған дейін айтылып келген кейбір кереғар пікірлерге де осындай өміршең көзқарас тұрғысынан келуге болады. Қаланың құрылуына қатысты шын тарихты саналарға сіңіру жөнінде қадамдар жасалып еді, одан кейін арадағы кейбір түсінбестіктер де сап тыйылды.
Алтын алқадай жарқырап шекаралық өңірдің бойын ширатып, қанын жүргізумен келе жатқан батыс қақпаның таяу тактикасы да, алыс стратегиясы да осы арнадан нәр алса игі.

Темір ҚҰСАЙЫН

Baq.kz

Бөлісу: