18 Қыркүйек 2013, 07:45
Мұражайды аралаушылар «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында табылған ғажайып алтын раритеттерді тамашалайды. Бұл туралы astana.kz сайтына Назарбаев Орталығының баспасөз қызметінен хабарлады.
«Көрменің ең басты әрі құнды жәдігері - 1969-70 жылдары Алматы маңындағы Есік қорғанынан археолог ғалым Кемал Ақышевтың басқаруындағы экспедиция жұмысының нәтижесінде табылған «Алтын адам» скиф-сақ дәуіріне тән «аң стиліндегі» технологиясы жоғары бұйымдарды жасаудың жарқын үлгісі саналады. Бүгінде «Алтын адам» - тәуелсіз Қазақстанның басты символдарының біріне айналды»,- делінген таратылған ақпаратта.
Алтын және бағалы металдар Мемлекеттік музейі «Алтын адамның» киім элементтерінің көшірмесін ұсынды. Жауынгердің киімінде жануарлардың нақышымен: жолбарыс, бұлан, қар барысы, жылқы, арқар, бүркіттердің үлгісімен бейнеленген 4 мыңнан астам алтын қаптама мен пластина бар. Металл өңдеудің түрлі әдістерін қолдану, яғни құйма, соғу, қалыптау, шекіме, түртпе, сіркелеу, бедерлеу және оймалау әдістері байырғы скифтердің зергерлік өнері жоғары деңгейде болғанын жеткізеді. Сақ жауынгерінің алтын әшекейлері б.з.д. V-ІV ғасырларға жатады.
Пазырық қорғандары, Берел обалары және Солтүстік Үстірттегі (Хорезм- Еділ), Қызыл - Уық ғибадатханасы «Скифтердің алтын мұрасы» залында бірегей экспозиция ретінде ұсынылған.
«Пазырық әлемі бізді сол дәуірге тән скифтік, нақты айтқанда алтайлық аң стилімен таныстырады. Пазырық мәдениетінде өмір сүрген адамдардың тұрмысынан хабар беретін заттардың осы күнге жеткені ғажап. 1993 жылы Новосібір археологтары Пазырық қорғандарынан әйел және ер адамның мумияларын тапты. Киімдерін қайта қалпына келтірген Т.Жайлаубаева»,- дейді Назарбаев Орталығының өкілдері.
Бүгінде скиф мәдениетінің зергерлік өнері әлем мәдениетінің алтын қазынасы, мұрасы болып табылады.