16 Қыркүйек 2013, 04:12
Ғалымдар адам жасының ұлғаюына байланысты пайда болатын ауру түрлерінің адамның қартаюына тигізетін әсерін зерттеуде. Бұл жұмыс ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы негізінде жүзеге асырылуда. Геронтологтар 60-тың асуынан асқан адамның өзін 35 жастағыдай сезіну мүмкін екендігін алға тартуда. 4 жылға созылған зерттеу барысында тәжірибеден өткізілген науқастар қатарында көбінесе шенеуніктер болған. Статистика бойынша, өзге қазақстандықтарға қарағанда мемлекеттік қызметкерлер 4-5 есе көбірек ауруға шалдығады. Олардың денсаулығындағы ақауларды түбегейлі зерттеген дәрігерлер бүгінгі таңда жағымды нәтижелерге келіп отыр.
Валерий Бенберин, ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы:
- Бақылау нәтижесінде біз адамның қартаймауы оның денесін шынықтырып, дұрыс тамақтанып, дәрігер кеңесін бұлжытпай орындауына байланысты екендігін анықтадық. Таяу арада бізге Кембриджден профессор Мартин келген. Ол біздің зерттеуіміздің нәтижелеріне таң қалды.
Елімізде медициналық көмек жыл сайын сапалы әрі қолжетімді болып келеді. Дәрігерлердің жұмысын заманауи жабдықтар мен жаңа дәрі-дәрмек түрлері жеңілдетуде. Алайда, осыған қарамастан, жүрек және ми атеросклерозы, семіру, гормоналды жүйе жұмысының бұзылуы сынды аурулармен науқастанғандар саны артуда. Бұл түйткілді мәселелерді шешу жолдарын дәрігер мамандар әлі де іздестіруде.
Валерий Бенберин, ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы:
- Қазіргі медицинаны үлкен өзгерістер күтуде. Біз генетикалық зерттеу негізінде мүлдем басқа ауру түрлерін анықтай аламыз. Көп ұзамай дәлме-дәл науқастанған мүшеге, жеке жасушаларға әсер ететін дәрі-дәрмектерді қолданатын боламыз.
Зерттеулер келесі жылы аяқаталады деп жоспарланған. Дегенмен, қазірдің өзінде бұл еңбектің арқасында жасы келген адамдардың науқасын анықтап, алдын алу және емдеу әдістемесіне өзгерістер енгізу мүмкіндігі пайда болды.
Baq.kz