13 Қыркүйек 2013, 04:59
Қазіргі қазақ очеркі өзінің алдында тұрған идеялық көркемдік талаптарға жауап бере алады деп айта аламыз, онда ол осы бағытта біршама сәтті қадамдар жасады деуге негіз бар. Соңғы жылдары журнал және газет беттерінен, радио мен теледидардан тілі орамды, сипаттамалық, өмірдің әртүрлі саласын салтанатгы, көрнекті етіп көрсететін очерк жойылып барады. Бүгінгі күні баспасөэ беттерінде, радио мен теледидарда өмірдің терең, әрі күрделі қатпарларын шыншылдықпен ашып көрсететін және саяси, ауыл шаруашылық, идеологиялық, моральдық өзекті проблемаларды батыл қозғайтын очерктер азайды десек қателеспейміз. Бұл құбылысты очерктің көркемдік жетілуі, оның жетістіктерінің маңыздылығының айғағы және кепілі дей алмаймыз.
Очерктің құнды белгісі - шыншылдылығы мен деректілігі. Деректі очерктің дамуында соңғы кездері оның жеке тақырып аясында терең мәніне жеткен публицистикалық лирикамсп байытылуы аңғарылады.
Бүгінде оқырман, тыңдарман, көрерменнің очерк арқыиы қоғамдағы жаңа жағдайға, жаңа моральдық-этикалық талап дәрежесіне байланысты өмірге келген мамандық иелерімен жүздесуі сирегені де белгілі.
Егер публицистика үлкен идеялармен астасып, адамга тән ұлы сезімдерді шынайы бейнелей алса, образды түрге, мағынаға ие болса -өз міндетін орындағаны. Шындығында, очерк - көркемдікке барлау. Бірақ ол барлау - құрғақ деректер жиынтығы емес, өмірді әбден зерттеп, оны шығармашылықпен жаңартуға белсенді араласатын деректі жанр.
Көркем радиоочерк (беллетристендірілген радиоочерк) деп кейіпкерлері тарихта болған, оқиғалы туындыларды атайды. Өзінің пішіні жағынан көркем радиоочерк документальді очерктен тым ерекшеленбейді. Көркем радиоочерк жанры бүгінгі таңда да бар. Бұл очерктерде ең маңызды деген суреттеудегі құбылыстарда ғана нақтылық сақталады. Очеркші басқа компоненттерді таңдауда кез келген басқа жанрлардағыдай ерікті және еркін. Ол нақтылы адресті бермеуге ерікті, ойдан шығарылған персонаждарды әрекетке қоса алады, жорамалға және түйіндеуге жүгінеді.
Радиоочеркке ғалым Н.Омашев былай анықтама береді «Радиоочерктің негізгі нысанасы адам, проблема, кейде оқиға болып табылады. Оның ең басты ерекшелігі - кейіпкердің немесе оқиға куәгерінің деректі-жанды әңгімесі. Сондықтан да, радоочерк шынайы дерекке, толыққанды дәйекке құрылады. Өйткені, оның кейіпкері нақты өмірдегі адамның өзі. Сол тұрғыдан алғанда радиоочерк өнер туындысы, көркем шығарма болып есептеледі».
Дереккөз: Меңдігүл Шындалиева
«Публцистика жанрлары мен пішіндері» Астана,2012.