13 Қыркүйек 2013, 04:46
Мемуар, естелік (фран. тетоігев - еске алу), автордың өз көзімен көрген, қатысып, араласқан оқиғалар жайындағы жазбалары өмірбаян түрінде, күнделік түрінде, жол жазбалар түрінде кездеседі. Қандай үлгіде жазылса да, мемуарлық очерктер көркем шығарманың санатына жатады және оның өмірбаян, күнделік, естелік ретінде жазылған нұсқалары көркемдік тәсіл үлгілері болып қабылданады. Мемуарлық очерктерде автор өмірде болған оқиғаларды негізге ала отырып, болған, өзінің басынан кешкен оқиғалары мен құбылыстарын нақтылы дерек, фактілерге жүгіне отырып, желі етеді. Сонымен қатар, мемуарлық көркем очерктерде белгілі бір кезеңнің тарихи, саяси, әлеуметтік кезеңдері қамтылып, жинақталады. Очеркші өзі өмір сүрген кезеңдегі әртүрлі адамдарды өз көркем очеркіне арқау ете отырып, сол кейіпкерлердің іс-әрекетін, мінез-құлқын, жан-дүниесін бейнелеу арқылы сол кезеңнің әсері мен сипаттарын суреттеуге тырысады. Яғни, бұл мемуарлық көркем очерктерде сол кезеңнің уақыт тынысының әсері, өткен шындыққа авторлық бағаның берілуі басым түсіп жатады. Бұл көркем очерк түрінің басқа түрлерден артықшылығы - өткен, болған жайларға баға берушілік, баяндалып отырган оқиғалардың автордан басқа да куәгерлерінің бар екені. Демек, баяндалған оқиға, суреттелген іс-әрекеттер неғұрлым деректі материалдар мен нақты фактілерге көбірек жүгініп жазылса, соғұрлым өмір шындығы да терең ашылғаны болып табылады. Шынтуайтында, мемуарлық очерктерде деректілік пен нақтылық қатар жүрсе де, автордың көзімен көріп, басы-қасында болған оқиғаларды баяндағанда, автор өз түсінігі, өзінің сол оқиға немесе құбылыстарға жеке көзқарасы арқылы баға беру жағы басым болады, яғни, авторлық баға берушілікке көп мүмкіндік жасалады.
Біріншіден, мемуарлық көркем очерктерде нақты фактімен сөйлеу, деректілік, өмірдің шындығымен сөйлеу жағы басым жатады. Екіншіден, мемуарлық очерктерде өмір танытқыштық, өткенді жинақтап көрсету, қорыта сөйлеу, жинақты турде бейнелеу қасиеті де бар. Осы қасиеттер біріккенде ғана, мемуарлық көркем очерктің мазмұны мен көркемдік сапасы өз дәрежесінде шығады. Мемуарлық очерктер жазу үшін, автордың өмірлік тәжірибесі мол, сөз етуге тұрарлық оқиға, құбылыстарды дұрыс таңдап қана қоймай, үлгі-өнеге боларлық тұстарды саралау шеберлігі де болуы шарт. Жазушы басынан өткен нақтылы өмір құбылыстары, оның сыры, қайшылықтары терең ұғылмай, терең зерттелмей, тарихи және қоғамдық шындық сарапталмаса, тәлімдік-танымдық қасиеті мол туынды жасалмайды. Очеркші өмір шындығын көркемдік шындыққа айналдырғанда ғана рухани ләззат аларлық туынды өмірге келеді. Мемуарлық очерктердің басқа шығармалардан айырмашылығы -құжаттық-деректік тұрғыдан неғұрлым нақты болады және автор өз көзімен көрген, білген оқиғаларын шығармасына арқау етеді.
Мемуар жанрының туу тарихы ерте дәуірлерден басталады дейді, бірақ, шын мәніндегі мемуар жанрының жетілу, қалыптасу кезеңдері - ХҮІІІ ғасыр мен XX ғасыр аралығы. Орыс әдебиетіндегі мемуардың классикалық үлгілеріне А.Герценнің «Көргендер мен ойлары», Л.Толстойдың «Балалық шақ», «Жастық», «Жігіттік», К.Гольдонидің «Мемуарлары», М.Горькийдің «Менің университеттерім» т.б. шығармалары жатады. Қазақ әдебиетінің тарихында мемуарлық жанр ерте кезден бар, оған Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», С.Мұқановтың «Менің мектептерім», «Өсу жолдарымыз», Ғабиден Мұстафиннің «Ой әуендері», «Сыр дәптері», М.Қаратаевтың «Көргенім мен көңілдегім», Медеу Сәрсекеевтің «Сәтбаев», Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние», Сафуан Шаймерденовтің «Ағалардың алақаны», Мұзафар Әлімбаевтың «Көңіл күнделігінен», Асанәлі Әшімұлының «Майраның әні», Әлібек Асқаровтың «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» т.б. өмір, әдебиет, мәдениет тарихы, ақын-жазушы, өнер адамдары туралы ой толғайтын мемуарлық сарындағы көркем шығармалары баршылық. Бұл кітаптар авторлары өздерін тек жақсы жағынан көрсетуді ғана мақсат етпей, қате басқан, адасқан тұстарына өмір өте келе баға беру, қиындыққа түскен кездеріндегі көңіл-күй, қиындықты жеңген сәттерін де бейнелеуімен құнды.
Дереккөз: Меңдігүл Шындалиева
«Публцистика жанрлары мен пішіндері» Астана,2012.