10 Қыркүйек 2013, 05:12
Ақпараттық портал дегеніміз – белгілі бір мазмұнды ақпараттың көп мөлшерімен және көп кіретіндігімен ерекшеленетін үлкен сайт. Әрбір ақпараттық порталдың маңызды бөлігі – ол оның бағыты.
Ақпараттық порталдар келесідей мүмкіндіктерді оқырмандарға ұсына алады:
- бір ақпараттық жүйеде бірден бірнеше БАҚ ұйымдастыру;
- таратушы сервистер мен жаңалық форматтарының жаңартылуы;
- мақалалар, жобалар мен жаңалықтарды талқылаудың қосымша мүмкіндіктері, сонымен қатар редакциямен қарым-қатынасын жеңілдету;
- жарнама акцияларын интерактивті сервистермен басқару және жарнама орындарын қолдану жөніндегі есеп;
- жарнаманың жаңа мүмкіндіктері, негізгі беттегі қорлар мен мазмұнды рубрикаларда орналасқан иллюстративті жаңалықтар мен баннерлер санының көбеюі.
Қазақстанда ақпараттандыру процесі 1990 жылдардан басталған. Бұл уақыт аралығында республикамызда компьютерлік техника саны артып, біршама мемлекеттік органдарда, ұйымдарда, кәсіпорындар мен ғылым, білім мекемелерінде жұмыс процесі автоматтандырыла бастады. Негізі қазақ интернетінің «туған күні» қашан деген сұрақтың екі жауабы бар. Біріншісі – 1991 жылдың көкек айында. Сол жылы «Парасат» фирмасы базасында RELCOM жүйесінің Қазақстандағы алғашқы аймақтық торабы ашылған болатын. Бұл торап UUCP пртоколы бойынша элетрондық пошта қызметін көрсететін. Ал екінші туған күні – 1994 жыл, қыркүйек айының 19- жұлдызы. Осы күні алғаш рет KZ домені тіркелген. 1996 жылдан бастап елімізде интернет жүйесі жұмыс жасап, оны тұтынушылар саны да арта түсті. Мыңжылдықтағы ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы нәтижесінде ғаламтор әлемдік сипатқа ие болып, таралымы мен тағылымы зор құбылысқа айналды. Заманымыздың бүкіл болмысын айқындайтын ортақ құндылық болып қалыптасты. Сөйтіп, ғаламтор қоғамдық өмірдің барлық саласына дендеп енді: саясат пен экономика, әлеумет, мәдениет пен өнер, тіпті, жұмырбасты пенденің күнделікті тұрмыс-тіршілігінде желімен тығыз байланысып, біте қайнасып кеткендей. Әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына мықтап әсер етті. Ғаламтор ақпарат ағынының тиегін ағыты, әлемдік ақпараттық кеңістікті қалыптастырып, шеңберін кеңейтті, журналистиканың тың саласы – жаңа медианы жасады. Бұл үдіріс Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде айналып өтпеді. Әлі өзіндік бет-бейнесі дұрыс қалыптаспай тұрып, отандық БАҚ интернет-журналистика, яғни жаңа медианың оң және тіріс әсерінен соңғы жылдарда орасан зор өзгеріске ұшырауда. Алайда, әлемдік жаңалықтың жақсы-жаманын сұрыптамастан сіңіріп алғанымыз жарамас-ты. Сондақтан жаңа медианың отандық БАҚ, ақпараттық кеңістікке ықпалын сараптап алу керек.