9 Қыркүйек 2013, 10:56
Астанада «Дәулет» спорт комбинатында 9 отбасы күш сынасты. «Көңілді старт» екі кезеңмен өткізілді. Қатысушылар түрлі кедергілерден өтіп, «экстремалды» жағдайларда жұппен әрекет етуді үйреніп, доппен секірді, көздерін жұмып жүгірді, арқан тартты. Ақтық сынға өткен отбасылар нағыз шеберлік танытқандықтан, жүзден жүйрікті таңдау қиын болды.
Нәтижесінде, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының «Барыс» командасы бірінші орын алды. Смағұловтар отбасы Махамбет пен Әлия және олардың балалары Өмірбек пен Асыл «Көңілді старт» жарысында үздік атанды. Екінші орында «Алтын - Бақ» атты Мәдениет басқармасының командасы. Тергенбаевтар отбасы - әкесі Самат, анасы Сания, балалары Шерхан мен Шоқан командада бір-бірімен жақсы әрекет етті. Білім басқармасының «Жеңімпаз» командасы Қосжановтар әулеті - Қайрат пен Жанар, Әнел мен Алтынбек үшінші орын алды. Жңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар берілді. Бұдан басқа, қатысушыларға «Алау» мұз сарайына баруға сертификаттар табысталды.
Еске салайық, іс-шара Отбасы күнін атап өтуге орай және отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасының оң имиджін және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.