Қара шаңырақтың қасиеті

9 Қыркүйек 2013, 09:51

Ата-бабамызда «қасиетті қара шаңырақ» деген сөз бар. Мұндағы «шаңырақтың» киіз үйдің қақ төбесіндегі ең қасиетті, киелі бөлігі екені белгілі. Шаңырақ «үй, отбасы» деген мағынаны да білдіреді. Жаңадан отбасын құрып, өмірге қол ұстасып бірге аттанған жастарға «Шаңырағың биік болсын!» деп бата береді. Бұл — құрған отбасыңның тұғыры берік, мәртебесі жоғары болсын деген сөз. Киіз үй мен көк әлемнің арасын қосып тұратын осынау қасиетті ұғым туралы қазақтың салт-дәстүрін терең зерттеген жазушы-қаламгер Сейіт Кенжеахметұлы біршама терең тоқталған. Шаңырақ тоғын, күлдіреуіш және кепілдік деген бөліктерден тұрады. Тоғын дегеніміз — кәдімгі шаңыраққа дөңгелек түр беретін шеңбер. Тоғынның сүйегі қайыңнан жасалады. Оны оюлап өрнектейді және айналдыра жиілетіп уық кіргізетін ойықтар жасайды, уық қалам тәрізді үшкірленетін болғандықтан, оны «қаламдық» дейді. Ал күлдіреуіш шаңырақтың күмбезін жасайды, кепілдік күлдіреуіш орнынан қозғалып кетпес үшін қойылады. Үйдің сүйегі (қаңқасы) дайын болған соң, оны (шаңырақты да) қызыл жосамен немесе қызыл, көк бояулармен бояйды да, оны өсімдік майымен майлайды. Бұл ағашқа су сіңбес үшін жасалады. Бай адамдардың шаңырағы, тіпті, күміспен, сүйекпен, мүйізбен әшекейленеді. Шаңыраққа да киізден түндік жасалады. Ол да қойдың ақ күзем (күзде қырқылған) жүнінен басылады. Шаңыраққа желбау деп аталатын ою-өрнекті 4 шашақты бау жасалады. Ол шаңырақты бастыру үшін және көшкенде байлау үшін қажет. Қалыпты жағдайда желбау үйге әсемдік түр беріп тұрады. Түңдікті де үйдің басқа киіздері сияқты дайын болған соң, ақ бормен немесе күйген сүйекпен борлайды, бұл оған әдемі ақ түс береді, әрі киіздің берік болуына, суға, ыстық-суыққа шыдамды болуына ықпал етеді. Қазақта «шаңырақ» сөзінің «отбасы» деген мағынаны білдіретіні жайлы жоғарыда айтқанбыз. Адамзат өмірінің бастауы — осы отбасыға тоқтала кетейік. Отбасы — адам өмірінің негізгі кезеңдерін бастан кешіретін ең кіші әлеуметтік топ. Ондағы адамдардың әрқайсысы әр отбасы мүшесінің дамуына ықпал етеді. Қара шаңырақ, отбасы — адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам шыр етіп дүниеге келісімен, осы отбасының есігін айқара ашып енеді және осында ер жетіп, тәрбие алады. Сондықтан отбасының адамзат баласының дамуына ықпалы зор. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындап тұр емес пе? Қазақ шаңырағында әуелі әке, сосын ана осы отбасының ұстазы болмақ. Ата-анасы отбасында имандылыққа тәрбиелесе, ол бала тіл алғыш, адал, үлкен-кішіге қамқор болып өседі. Адамгершілік қасиет отбасы мүшелерінің бірін-бірі сыйлауынан, қадірлеуінен, әсіресе, баланың қартайған әке-шешелеріне қамқор болуынан көрінеді. Қазақ халқы шаңырақты қасиетті санап, аса қатты қадірлеген. Ел басына күн туып, қара қазан сары баланың қамы үшін керегесін кессе де, шаңырағын шаппаған. Әдетте үйдің дәл ортасында күннің жердегі бейнесі іспетті ошақ орналастырылады. Ошақ — әлемнің орталық кіндігі есепті. Ошақтың дәл үстінде күн символы шаңырақ, оның үстінде аспандағы күн тұрады. Жас отаудың алғаш рет шаңырағын көтерудің өзі қазақ үшін тағы бір қызықты, ерекше сәт. Мұны қазақ салт дәстүрін жетік білетін белгілі этнограф жазушы Ахмет Жүнісұлы былай деп жазған: «….қазақта отаудың шаңырағын албаты адам көтермейді. Бұған баласы көп, кәрі күйеу керек. Оны қос атпен болса да алғызады. Ыңғайлы жер болып, отау өте үлкен болса, кәрі күйеу шаңырақты аттың үстінде тұрып көтереді. Бұл еңбегіне ол не ат мінеді, не түйе жетектейді. Бұған малды отауды көтерткен жақ береді. (А.Жүнісов «Фәниден бақиға дейін»). Әдетте киіз үйдің шаңырағын ер адамдар көтереді. Ал жас отаудың шаңырағын кәрі күйеуге көтертуде үлкен мән, ырым бар. Өйткені «жасы үлкен күйеу» қашанда елге сыйлы және тілектес адам. Және күйеу қартайған сайын жұртына қадірі, сыйы арта түседі. Қазақ елі осы жолдан әлі айырылған жоқ. Кәрі күйеу келсе, ауылдың үлкен-кішісі, еркек-әйелі онымен бір қағыспай, қажаспай қалмайды. Оның шаңырақ көтеруінде де осындай терең сыйластық бар. ОТАУ КӨТЕРУ «Көтерілген отауың құтты болып, ұзақ жасап, ішінде сүйсін жарың» (Қыз Жібек). Ұлтымыздың мәдениетінде «отау көтердің» деген сөз бар. Ол «үйлендің, жұпты болдың» деген мағынаны білдіреді. Демек, үйленумен бірге отау көтеруге тиіс. Әдетте ұлы үйленетін, қызы тұрмысқа шығатын ата-ана алдымен отау дайындайды. Қыз жасауына отау қосыла берілетін. Отау жас отбасының бақыт шаңырағы болып саналатындықтан, оны барынша әсемдеп, әдемілеп, толық жабдықтап әзірлеу аз шаруа емес. Оған көрші-көлем, жақын-туыс, нағашы-жиендер тегіс араласады. Кесе-аяқтан бастап, үй киізіне дейін әкеледі. Сөйтіп бүкіл ауыл болып отау көтеру — әрі қызық, әрі міндетті іс. Отау алғаш тігілгенде, оны құрметті әрі елге сыйлы аналар бастайды. Шаңырақты да бақанға ақ мата байлап, ел ағалары көтереді. Отқа май құйылады, «босаға майлау» жасалады. Алғашқы дастархан жайылып, оған мол тағам жасалады. Кіргендер шашу шашып, «құтты болсын», «іші жанға, сырты малға толсын» деген тілекпен қуанышын білдіреді. Жақын туыстар отауға көрімдік әкеліп, мал атайды, бағалы мүліктер сыйлайды. Жас отау әке үйінің оң жағына тігіледі. Бұл үйге жасы үлкендер шақырусыз кірмейді. Ал жастар мен балалар қызықтап, осы отауды төңіректейді. Ауылдастар мен жанашырлар жас отау түтінінің түзу шығуын, жаңа үйленгендердің тұрмыс тіршілігін сырттай бақылап, келінге баға беріп отырады. Жас келін ерте тұрып өз үйінің ғана емес, жанындағы іргелес үйлердің де түндігін ашуы оның әдептілігі мен мәдениеттілігін білдіреді. Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң, ағайын-туыстары оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтады. Байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты — «атбайлар». «Атбайлардың» екінші түрі — кәде. Құда-құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде, олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл — «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі. Ақтан ҚОҢЫР, «Айқын».

Ата-бабамызда «қасиетті қара шаңырақ» деген сөз бар. Мұндағы «шаңырақтың» киіз үйдің қақ төбесіндегі ең қасиетті, киелі бөлігі екені белгілі. Шаңырақ «үй, отбасы» деген мағынаны да білдіреді. Жаңадан отбасын құрып, өмірге қол ұстасып бірге аттанған жастарға «Шаңырағың биік болсын!» деп бата береді. Бұл — құрған отбасыңның тұғыры берік, мәртебесі жоғары болсын деген сөз.

Киіз үй мен көк әлемнің арасын қосып тұратын осынау қасиетті ұғым туралы қазақтың салт-дәстүрін терең зерттеген жазушы-қаламгер Сейіт Кенжеахметұлы біршама терең тоқталған. Шаңырақ тоғын, күлдіреуіш және кепілдік деген бөліктерден тұрады. Тоғын дегеніміз — кәдімгі шаңыраққа дөңгелек түр беретін шеңбер. Тоғынның сүйегі қайыңнан жасалады. Оны оюлап өрнектейді және айналдыра жиілетіп уық кіргізетін ойықтар жасайды, уық қалам тәрізді үшкірленетін болғандықтан, оны «қаламдық» дейді. Ал күлдіреуіш шаңырақтың күмбезін жасайды, кепілдік күлдіреуіш орнынан қозғалып кетпес үшін қойылады.
Үйдің сүйегі (қаңқасы) дайын болған соң, оны (шаңырақты да) қызыл жосамен немесе қызыл, көк бояулармен бояйды да, оны өсімдік майымен майлайды. Бұл ағашқа су сіңбес үшін жасалады. Бай адамдардың шаңырағы, тіпті, күміспен, сүйекпен, мүйізбен әшекейленеді.
Шаңыраққа да киізден түндік жасалады. Ол да қойдың ақ күзем (күзде қырқылған) жүнінен басылады. Шаңыраққа желбау деп аталатын ою-өрнекті 4 шашақты бау жасалады. Ол шаңырақты бастыру үшін және көшкенде байлау үшін қажет. Қалыпты жағдайда желбау үйге әсемдік түр беріп тұрады. Түңдікті де үйдің басқа киіздері сияқты дайын болған соң, ақ бормен немесе күйген сүйекпен борлайды, бұл оған әдемі ақ түс береді, әрі киіздің берік болуына, суға, ыстық-суыққа шыдамды болуына ықпал етеді.
Қазақта «шаңырақ» сөзінің «отбасы» деген мағынаны білдіретіні жайлы жоғарыда айтқанбыз. Адамзат өмірінің бастауы — осы отбасыға тоқтала кетейік. Отбасы — адам өмірінің негізгі кезеңдерін бастан кешіретін ең кіші әлеуметтік топ. Ондағы адамдардың әрқайсысы әр отбасы мүшесінің дамуына ықпал етеді.
Қара шаңырақ, отбасы — адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам шыр етіп дүниеге келісімен, осы отбасының есігін айқара ашып енеді және осында ер жетіп, тәрбие алады. Сондықтан отбасының адамзат баласының дамуына ықпалы зор. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындап тұр емес пе? Қазақ шаңырағында әуелі әке, сосын ана осы отбасының ұстазы болмақ. Ата-анасы отбасында имандылыққа тәрбиелесе, ол бала тіл алғыш, адал, үлкен-кішіге қамқор болып өседі. Адамгершілік қасиет отбасы мүшелерінің бірін-бірі сыйлауынан, қадірлеуінен, әсіресе, баланың қартайған әке-шешелеріне қамқор болуынан көрінеді.
Қазақ халқы шаңырақты қасиетті санап, аса қатты қадірлеген. Ел басына күн туып, қара қазан сары баланың қамы үшін керегесін кессе де, шаңырағын шаппаған.
Әдетте үйдің дәл ортасында күннің жердегі бейнесі іспетті ошақ орналастырылады. Ошақ — әлемнің орталық кіндігі есепті. Ошақтың дәл үстінде күн символы шаңырақ, оның үстінде аспандағы күн тұрады.
Жас отаудың алғаш рет шаңырағын көтерудің өзі қазақ үшін тағы бір қызықты, ерекше сәт. Мұны қазақ салт дәстүрін жетік білетін белгілі этнограф жазушы Ахмет Жүнісұлы былай деп жазған: «….қазақта отаудың шаңырағын албаты адам көтермейді. Бұған баласы көп, кәрі күйеу керек. Оны қос атпен болса да алғызады. Ыңғайлы жер болып, отау өте үлкен болса, кәрі күйеу шаңырақты аттың үстінде тұрып көтереді. Бұл еңбегіне ол не ат мінеді, не түйе жетектейді. Бұған малды отауды көтерткен жақ береді. (А.Жүнісов «Фәниден бақиға дейін»). Әдетте киіз үйдің шаңырағын ер адамдар көтереді. Ал жас отаудың шаңырағын кәрі күйеуге көтертуде үлкен мән, ырым бар. Өйткені «жасы үлкен күйеу» қашанда елге сыйлы және тілектес адам. Және күйеу қартайған сайын жұртына қадірі, сыйы арта түседі. Қазақ елі осы жолдан әлі айырылған жоқ. Кәрі күйеу келсе, ауылдың үлкен-кішісі, еркек-әйелі онымен бір қағыспай, қажаспай қалмайды. Оның шаңырақ көтеруінде де осындай терең сыйластық бар.

ОТАУ КӨТЕРУ
«Көтерілген отауың құтты болып, ұзақ жасап, ішінде сүйсін жарың» (Қыз Жібек). Ұлтымыздың мәдениетінде «отау көтердің» деген сөз бар. Ол «үйлендің, жұпты болдың» деген мағынаны білдіреді. Демек, үйленумен бірге отау көтеруге тиіс. Әдетте ұлы үйленетін, қызы тұрмысқа шығатын ата-ана алдымен отау дайындайды. Қыз жасауына отау қосыла берілетін. Отау жас отбасының бақыт шаңырағы болып саналатындықтан, оны барынша әсемдеп, әдемілеп, толық жабдықтап әзірлеу аз шаруа емес. Оған көрші-көлем, жақын-туыс, нағашы-жиендер тегіс араласады. Кесе-аяқтан бастап, үй киізіне дейін әкеледі. Сөйтіп бүкіл ауыл болып отау көтеру — әрі қызық, әрі міндетті іс. Отау алғаш тігілгенде, оны құрметті әрі елге сыйлы аналар бастайды. Шаңырақты да бақанға ақ мата байлап, ел ағалары көтереді. Отқа май құйылады, «босаға майлау» жасалады. Алғашқы дастархан жайылып, оған мол тағам жасалады. Кіргендер шашу шашып, «құтты болсын», «іші жанға, сырты малға толсын» деген тілекпен қуанышын білдіреді. Жақын туыстар отауға көрімдік әкеліп, мал атайды, бағалы мүліктер сыйлайды.
Жас отау әке үйінің оң жағына тігіледі. Бұл үйге жасы үлкендер шақырусыз кірмейді. Ал жастар мен балалар қызықтап, осы отауды төңіректейді. Ауылдастар мен жанашырлар жас отау түтінінің түзу шығуын, жаңа үйленгендердің тұрмыс тіршілігін сырттай бақылап, келінге баға беріп отырады. Жас келін ерте тұрып өз үйінің ғана емес, жанындағы іргелес үйлердің де түндігін ашуы оның әдептілігі мен мәдениеттілігін білдіреді.
Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң, ағайын-туыстары оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтады. Байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты — «атбайлар».
«Атбайлардың» екінші түрі — кәде. Құда-құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде, олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл — «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі.
Ақтан ҚОҢЫР,

«Айқын».

Бөлісу: