9 Қыркүйек 2013, 09:43
Әке - өзінен туған немесе асырап алған баласы бар ер адам, туыстық қатынасты білдіретін ұғымның атауы. Әке туыстық терминдер жүйесіндегі түпқазық ұғым, өйткені қазақ шежіресінде жеті атаға дейін санау дәстүрінде санат әкеден басталады.
Қазақ қоғамында әкенің алатын әлеуметтік орнына ерекше басымдылық беріледі. Олай болатыны отбасын материалдық игілікпен қамтамасыз ету, баланы сүндетке отырғызу, ұлды үйлендіріп отауын тігіп, еншісін беру, қызды орнықты жерге ұзату, жиендеріне жиенққұрық беру, сондай-ақ, балаларын сауаттандыру, оқытып, білім беруге мүмкіндік жасау т.б. мәдени-әлеуметтік маңызды жайттар әкенің мойнындағы үлкен міндет. Осымен байланысты әкені сыйлау, құрметтеу; оған қарсы келмеу отбасылық этиканың, қарым-қатынастың императивті әлеуметтік нормалары қатарына жатады.
Отбасы тәрбиесінде әке ұл балаға, ана қыз балаға жауапты болады. Сондықтан қазақтар «Ұлдың ұяты әкеде, қыздың ұяты шешеде» дейді. Алайда тұрмыстық жағдайдағы кейбір ішінара кездесетін ситуацияда әке мен баланың арасында қырын қабақ, келіспеушілік болғанда, тіпті әке жағынан әділетсіздік байқалса да, ол айыпты саналмайды. Ауылдың, әулеттің ақсақалдарының шешімімен баласы ондай әкені жеке үй етіп шығарады.
Баланың туған әкесі емес, асырап алған немесе ерлі-зайыптылардың ажырасып, екінші мәрте үйленуімен немесе тұрмыс құруымен отбасыға ие болған адамды өгей әке деп атаған. Дүниеге келген баланың кіндік шешесі болган әйелдің күйеуі кіндік әке немесе өкіл әке деп аталады. Сондай-ақ, окіл әкені баланың өз әке-шешесі тағайындайтын жағдай да кездеседі, алайда өкіл әке болған адам балаға өз әкесіндей ақылшы, қамқоршы болады
Өкіл әке – бала отбасының перзентсіздігіне, жас адамның әкесіздігіне еш байланысы жоқ ара қатысты байлам. Үйлі-баранды елге танымал азаматқа қаны бөлек, ата-аналы ержеткен ұлдың, бойжеткен қыздың ықыласы ауып, балалық жылы сезімі оянып, ниеттескен екі тараптың бірдей әкелік пен перзенттікті қалауы. Ұлы-қызы сөзінің алдына өкіл қосылғаны болмаса, ағайындар куәландырған өкіл әкелік пен балалықтың ақиқаты күмәнсіз.
Өкіл әке – келісім бойынша жасалған туыстық атау. Қазақ өмірінде бала асырап алу дәстүрі ежелден қалыптасқан ғұрып. Негізінен, өз кіндігінен ер баласы жоқ адамдар бала асырап алады. Халық дәстүрі бойынша той жасап, ер балаға асық жілік, қыз балаға тоқпақ жілік ұстатқан. Өкіл әке – туыстас, дос-жаран адамдардың жетім қалған балаларына өкілдік жасап, қамқорлығына алған адам. Оның өз бала-шағасы болғанымен, қимас дос, жақын құрбы-құрдастардың балаларына да көмектесу үшін өкіл әке болады. Ол баланы өз балаларынан кем көрмей, қуанышы мен қайғысын бірдей бөліскен. Оған бүкіл қоғам алдында үлкен жауапкершілік жүктелген. Бала да өкіл әкені сыйлауға, өз әкесіндей құрметтеуге міндетті болды. Кейінірек дәстүрлі қазақ қоғамында әкелер өзара келісіп, бірінің баласына бірін өкіл әке етіп сайлаған. Бұл дос адамдар мен олардың ұрпақтары арасындағы ауызбіршілікі, сыйластықты дамыту мен жалғастыру мақсатында жасалған.