5 Қыркүйек 2013, 11:33
Республикалық «Ана тілі» газеті тәуелсіздіктің жылымығы есе бастаған 1990 жылы, Ұлыстың ұлы күні наурыздың 22-сінде жарық көрді.
Бағыты: «Ана тілі» – Мемлекеттік тілдің бірден-бір жоқшысы, үні айбары. Республикадағы тіл тақырыбында шығатын ресми жалғыз басылым.
«Ана тілі» тек Мемлекеттік тіл ғана емес, ұлтқа қатысты кез келген күрмеулі мәселелерді көтеріп келеді. Қазақтың тілі, қазақтың ауылы, қазақ мектебі, балабақшасы, қазақ жастары, қазақ ғылымы, т.б. көптеген тақырыптар басылым беттерінен түсіп көрген емес.
Таралымы: Ұлт мүддесін бірінші орынға қоятын газеттің 90-жылдардағы таралымы 100 мыңнан асып жығылады. Бүгінгі таңда газеттің 26 000-дай оқырманы бар, төрт түрлі түспен, 12 бет А2 форматпен басылуда.
Алған марапаттары: 2005 жылы Қазақстан Журналистика Академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығымен, бірнеше мәрте Ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен, арнаулы дипломдарымен, әртүрлі бәйгелердің бас жүлделерімен марапатталуы – осының айғағы. 2006 жылдың 11 мамырдағы нөміріне басылымның Бас редакторына ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп арнайы сұхбат беруі республика жұртшылығы тарапынан тағдыры күрмеулі мемлекеттік тілдің, сондай-ақ, «Ана тілінің» жеңісі ретінде бағаланды. Газеттің Бас редакторы
Самат Бектенұлы Ибрайым. Ол 1955 жылы 18 маусым, Атырау облысы, Исатай ауданы, Айбас ауылында туған. Журналист, заңгер. ҚазМУ-дің журналистика факультетін (1982 ж), Д.А.Қонаев атындағы Гуманитарлық университетінің заң факультетін (1999) бітірген. Еңбек жолын 1972 жылы «Жайықмұнайгаз» басқармасында оператор болудан бастаған. 1974-1976 жылдары әскерде қызмет еткен. Атырау облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде тілші (1982-86), республикалық «Лениншіл жас» газетінің Каспий аймағындағы меншікті тілшісі (1986-90), Қазақстан Республикасы Парламентінің органы болған «Халық кеңесі» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып істеді (1990-1996). Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бөлім бастығы, «Заң және заман» – «Закон и время» журналының бас редакторы болды (1996-2003). «Заңнама» ЖШС-нің директоры, республикалық «Ақиқат» журналының бас редакторы (2003-2009) болды. 2009 жылдың наурыз айынан «Ана тілі» газетінің бас редакторы.
«Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясы бойынша «Ғұмырлық сағыныш» әңгімелер жинағы (2003), «Мұнайшы» қоғамдық қоры шығаратын «Қазақ мұнайының ардақтылары» сериясымен «Саламат Мұқашев» (2006), «Асқар Құлыбаев» (2007), «Жетпісбай Есенжанов» (2008) атты деректі ғұмырнамалық эссе кітаптары баспадан жарық көрді. Қазақстан прокуратурасы тарихы туралы «Дәуір дауысы» кітабының (1997) құрастырушысы әрі редакторы. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бағдарламасы бойынша «Н.Назарбаев – этносаралық және дінаралық қазақстандық келісімнің негізін қалаушы» атты кітапты (2005 ж.), «Каспий қайраңы» танымдық басылымын (2000 ж.), «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары бойынша «Қазақстанның қазіргі заманғы мәдениеттану парадигмалары» деп аталатын 10-шы томды (2006), «Әлемдік философиялық мұра. ХХ ғасырдағы мәдениет философиясы» 17-ші томды (2008) және т.б еңбектерді, тарих, заң, экономика саласындағы әдебиеттер мен оқу құралдарын мемлекеттік тілге аударды.
Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистикасы Академиясының академигі.
Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Қазақстанның Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
Аталған басылым «Тіл», «Руханият», «Мәдениет», «Әдебиет», «Білім және ғылым», «Тәрбие», «Саясат», «Тәрбие» сынды айдарлары бойынша мақала жариялап тұрады. Сонымен қатар, оқырмандарға түрлі ақпарат жариялап отырады.