5 Қыркүйек 2013, 09:43
«Жас Алаш» — жастарға арналған ең байырғы және беделді республикалық басылым. Алғашқы саны 1921 жылы 22 наурызда Ташкент қаласында жарық көрді. Ұйымдастырушысы әрі тұңғыш редакторы Ұ.Мұратбаев, жауапты хатшысы І.Жансүгіров болды. Сол кездегі қаржы тапшылығына, т.б. себептерге байланысты басылым “Жас қайрат” (1925), “Өртең”, “Жас қазақ” (1923) газеттері және осы аттас журнал түрінде шығып тұрды. Газеттің жабылып қалмауын ойлаған С.Садуақасов. А.Байтұрсынов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ж.Аймауытовтар “Еңбекші қазақтың” бір бетін “Лениншіл жас” деген атпен де шығарған. Газет 1927 жылы 22 қыркүйектен “Лениншіл жас” деген атпен шыға бастады. Бұл басылым қай кезде де қазақ жастарының азамат болып қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді. Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін газетке “Жас алаш” атауы қайтарылды. 2000 жылы ұлттық баспасөз клубы, Қазақстан баспасөз клубы, “Алтын жұлдыз” орталығымен бірігіп өткізген дәстүрлі “Алтын жұлдыз” бәйгесінде “Жас Алаш” жылдың ең үздік газеті атанып, “Алтын жұлдыз” белгісімен, газеттің бас редакторы Нұртөре Жүсіп мемлекеттік тіл мен ұлттық дәстүрді дамытуға сіңірген еңбегі үшін жылдың таңдаулы “Алтын адам” сыйлығымен марапатталды. Көлемі 3 баспа табақ. Таралымы 53800 дана. “Студент”, “Руханият”, “Алдаспан”, “Мыңнан бір мезет”, “Ақ отау”, т.б. қосымшалары бар. Жалпыұлттық қазақ басылымы. О баста негізінен жастарға бағдарланғанымен, «Жас Алаш» — үлкен-кіші үзбей оқитын дәстүрлі әрі жаңаша басылым. Сонымен бірге ол — Қазақстандағы белгілі де беделді журналистика кадрларын тәрбиелеп шығарған ұстахана іспетті. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, журналистикасы мен публицистикасының небір майталмандары жұмыстарын алғаш рет осы қарашаңырақтан бастаған.
Бүгін де бұл басылымнан тұрмыс-тіршілігіміздің сан-саласын қамтыған өткір де өзекті дүниелерді оқуға болыды. «Жас Алашта» күнделікті жаңалықтармен қатар, саясат пен экономика, әдебиет пен мәдениет, өндіріс пен экология, қылмыс және заң, қаржы және басқару жүйесі, маркетинг пен менеджмент, білім беру мен денсаулық сақтау, өнер мен өзге де тақырыптарды қамтыған мақалалар тұрақты жарияланады. «Студент», «Ырғақ», «Мыңнан бір мезет», «Отбасы» атты қосымшалары бар. Еліміздің түкпір-түкпірінен келетін оқырман хаттары «Мақатаев-22» бетінде жарияланатын болса, әр саланың қайраткер тұлғалары мен сарапшы мамандардың сұхбаты «Ашық әңгіме», «Екеуара әңгіме» айдарларымен беріліп тұрады.
«Жас Алаштың» өзіне тән ең бірінші сипаты — оның өткірлігі мен турашылдығы, жаңашылдығы мен тапқырлығы. Ақпаратты мейлінше объективті беруі және мәселелерге жаңаша көзқараспен келіп, терең сараптауы «Жас Алашты» ақпараттық кеңістіктегі беделді басылымға айналдырып, кәсіби газет деңгейіне көтерді. Ақпарат айдынындағы ілкімділігі өз алдына.
«Әлеуметтік технологиялар орталығы» жүргізген маркетингтік зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, «Жас Алаш» — 15 жастағы жасөспірімдерден бастап, алпыстан асқан ақсақалдарға дейінгі аралықтағылардың сұранысына ие, беделді әрі жаңашыл басылым. Басылымның негізгі оқырмандары — жоғары білімді азаматтар, жоғары оқу орындарының студенттері, әр деңгейдегі мемлекеттік басқару органдарының басшылары мен қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері мен қарапайым ауыл тұрғындары.
«Жас Алаш» әртүрлі қоғамдық және халықаралық ұйымдар тарапынан берілетін сый-сияпат, мақтау-марапаттан да кенде емес. 2000 жылғы «Алтын жұлдыз» байқауында «Қазақстандағы ең үздік газет» атанды. 2004 жылы «Жыл таңдауын» жеңіп алды. Үш жыл қатарынан «Жас Алаштың» тілшілері «Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты» атанды. Қызметкерлеріміз әртүрлі халықаралық байқауларда да топ жарып жүр. Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы журналистика және саяси публицистика саласы бойынша берілетін алғашқы сыйлық та «Жас Алашқа» бұйырды. Беделді рейтинг агенттіктері жүргізетін зерттеулер нәтижесінде «Жас Алаш» қазақ және орыс тілдеріндегі басылымдарды қоса есептегенде, объективті ақпарат тарататын беделді басылымдардың алғашқы үштігіне кірді.
Газеттің сайты — дербес интернет басылым. Басылым бетінде жарық көрген мақалалар интернетте де жарияланады. Сонымен қатар жедел жаңалықтар мен онлайн қызметі енгізілген. Материалдардың рейтингін анықтауға да мүмкіндік туып отыр.
Ауылдық жерлер мен шағын қалаларда «Жас Алашты» қолдан-қолға алып оқу дағдыға айналған. Газеттің бір нөмірін кемінде 150 мың адам оқиды. Ал жарты жылдағы оқырман саны 8 миллионнан асты.
Жазылым бойынша — 87 %
Бөлшек саудада— 13 %
Ұжымдық жазылуда — 9 %
Жеке жазылуда — 78 %
VІP-таратылуы — 3,4 % (Президент әкімшілігі, Үкімет және Парламент, амақтардағы ірі өнеркәсіп орындары, отандық және шетелдік ірі компаниялар, елшіліктер, телерадио және баспа ұйымдары).
Газет жазылу және бөлшек сауда жолымен тарайды.
Газетті тарататындар:
«Қазпошта», «Евразия-пресс», «Эврика-пресс», «Kazpress», «Жастар-2005», «Ернур-пресс», «Туран-пресс», «Төле би-пресс» және тағы басқалар.
«Жас Алашты» Қазақстандағы барлық газет-журнал дүңгіршектерінен сатып алуға болыды.
Басылымның құрылтайшысы — «Жас Алаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Есепке қойылғандығы жөніндегі куәлікті Қазақстанның ақпарат министрлігі берген, № 4361-г. 31.10.2003 жыл.
Газет Алматы қаласында басылады, республиканың түкпір-түкпіріне тарайды. Аптасына екі рет — сейсенбі және бейсенбі күндері шығады. Форматы — А2, көлемі — 6 бет. Апталық таралымы — 140 000.
«Жас Алаштың» күні бүгінге дейін 15 мыңнан астам нөмірі жарыққа шықты, яғни басылым осыншама рет оқырманымен жүздесті