Бернияз Күлеев

5 Қыркүйек 2013, 09:32

Бернияз Күлеев (1899-1923) - ақын. Ақынның өз шығармашылығының кей мезеттерін атамастан бұрын мынадай бір жайды айта кету шарт. Қазақстан Оқу халық комиссариаты Абайдың өлеңдер жинағын даярлауды Берниязға тапсырады. Осыған даярлық ретінде ол «Ақ жол» газетіне арнайы мақала бастырады. Күлеевтің өз айтуынша ол Абайдың тұңғыш жинағына енбеген өлеңдерін толық қамтуды, оның қарасөздерін енгізуді, ақын өміріне байланысты иллюстрациялар беруді, өмірбаянын толықтырып, кеңінен қамтып жазуды мақсат етеді. «Абай кітабын бастыру маған тапсырылғандықтан, мен жәрдемді шеттегі азаматтардан сұраймын. Тізбегін әдемілеп, емлесін түзету сияқты ұсақ-түйегіне мұқтаж болмасақ та, түсіп қалған жерлерін қосып, қарасөзін Һәм басылмай қалған өлеңдерін тіркеп, тәржіме халін толықтыруға қиналып тұрмыз». Бұдан біз Күлеев Абай мұрасын жинап бастыруға айрықша еңбек сіңірген деп қорытынды жасаудан аулақпыз. Бірақ оның Абай шығармаларымен мол таныс болғаны дау туғызбаса керек. Бұған тіпті Күлеевтің өз өлеңдері де куә бола алады. Ол бірталай өлеңін Абай өлеңдерінің ұйқас, өлшемдерімен жазған. Мысалы, оның «Жазғы дала»атты өлеңі «Сегіз аяқтың» өлшем, ұйқасымен жазылған.  «Қол бұлғап күліп, Керілген тұнық, Даланы жарып бұландар. Толықсып тасқан, Тасқанын басқан, Дариядай зырғар, сылаңдар. Шын сұлудай албырап, Көрінер сағым бұлдырап...» Сол сияқты, «Гүләндамға», «Қайда екен»тәрізді өлеңдері Абайдың «Алты аяғының» ұйқас, өлшемдерін үлгі етудің нәтижесінде туған. Бірақ олардан Абай поэзиясының терең халықтық рухы сезіле бермейді, әлеуметтік астар аз. Ақын табиғат көріністерін де әр алуан, адам сезімдерін де жадағай, жалаң қалыпта алып жырлайды. Ал «Жас жүрегіме», «Жырлада зарла, көңілім» тәрізді өлеңдері Абай үнін анық әкеледі құлаққа. Алғашқы өлең «Жүрегім, ойбай, сокпа енді...» және Абайдың жүрек тақырыбына арналған басқа да шығармаларымен сарындас. Абайда:  «Жүрегім, ойбай, соқпа енді, Бола берме тым күлкі. Көрмейсің бе, тоқта енді, Кімге сенсең, сол шикі...» Б. Күлеевте:  «Жас жүрегім, жанба текке, Бола берме арманда, Өрлесең де жерден көкке, Жай табу жоқ жалғанда...» Ал «Жырла да зарла, көңілім» Абайдың «Өзгеге, көңлім, тоярсың...» атты атақты өлеңіне айрықша жақын, ұқсас. Бұған көз жеткізу үшін екі өлеңді салыстырудың да қажеті жоқ. Өйткені, Абай өлеңі әркімге-ақ жақсы таныс. Сондықтан Күлеев өлеңінің кей шумағын келтіріп қаралық:  «Жырла да зарла, көңілім, Сел болып жасың төгілсін. Есіткен ойдан баз кешіп, Қамығып шында егілсін... Жырла да зарла, көңілім, Қалың қайғың қайнасын. Қиялдың құсы егіліп. Іштегі дертті айдасын...» Абай өлеңіндегі сияқты мұнда да ақынның өз жерінен ем іздеуі, сол арқылы іштей жаңарып түлеуі, рухани медет табуы жайындағы тақырып жырланған. Әрине, осындай жекелеген өлеңдерінің Абай поэзиясымен тақырыптастығына, сарындастығына қарап Күлеевтің бүкіл шығармашылығын Абайдың реалистік дәстүрлерінің арнасында алып қарауға еш болмайды... Нармамбет пен Ғұмар Қарашев сияқты Бернияз Күлеев те Абай өлеңдерінің көркемдік формасын, әр алуан өрнегі мен өлшеуін қолданды.

Бернияз Күлеев (1899-1923) - ақын. Ақынның өз шығармашылығының кей мезеттерін атамастан бұрын мынадай бір жайды айта кету шарт. Қазақстан Оқу халық комиссариаты Абайдың өлеңдер жинағын даярлауды Берниязға тапсырады. Осыған даярлық ретінде ол «Ақ жол» газетіне арнайы мақала бастырады. Күлеевтің өз айтуынша ол Абайдың тұңғыш жинағына енбеген өлеңдерін толық қамтуды, оның қарасөздерін енгізуді, ақын өміріне байланысты иллюстрациялар беруді, өмірбаянын толықтырып, кеңінен қамтып жазуды мақсат етеді. «Абай кітабын бастыру маған тапсырылғандықтан, мен жәрдемді шеттегі азаматтардан сұраймын. Тізбегін әдемілеп, емлесін түзету сияқты ұсақ-түйегіне мұқтаж болмасақ та, түсіп қалған жерлерін қосып, қарасөзін Һәм басылмай қалған өлеңдерін тіркеп, тәржіме халін толықтыруға қиналып тұрмыз». Бұдан біз Күлеев Абай мұрасын жинап бастыруға айрықша еңбек сіңірген деп қорытынды жасаудан аулақпыз. Бірақ оның Абай шығармаларымен мол таныс болғаны дау туғызбаса керек. Бұған тіпті Күлеевтің өз өлеңдері де куә бола алады. Ол бірталай өлеңін Абай өлеңдерінің ұйқас, өлшемдерімен жазған. Мысалы, оның «Жазғы дала»атты өлеңі «Сегіз аяқтың» өлшем, ұйқасымен жазылған.

 «Қол бұлғап күліп,
Керілген тұнық,
Даланы жарып бұландар.
Толықсып тасқан,
Тасқанын басқан,
Дариядай зырғар, сылаңдар.
Шын сұлудай албырап,
Көрінер сағым бұлдырап...»

Сол сияқты, «Гүләндамға», «Қайда екен»тәрізді өлеңдері Абайдың «Алты аяғының» ұйқас, өлшемдерін үлгі етудің нәтижесінде туған. Бірақ олардан Абай поэзиясының терең халықтық рухы сезіле бермейді, әлеуметтік астар аз. Ақын табиғат көріністерін де әр алуан, адам сезімдерін де жадағай, жалаң қалыпта алып жырлайды. Ал «Жас жүрегіме», «Жырлада зарла, көңілім» тәрізді өлеңдері Абай үнін анық әкеледі құлаққа. Алғашқы өлең «Жүрегім, ойбай, сокпа енді...» және Абайдың жүрек тақырыбына арналған басқа да шығармаларымен сарындас. Абайда:

 «Жүрегім, ойбай, соқпа енді,
Бола берме тым күлкі.
Көрмейсің бе, тоқта енді,
Кімге сенсең, сол шикі...»

Б. Күлеевте:

 «Жас жүрегім, жанба текке,
Бола берме арманда,
Өрлесең де жерден көкке,
Жай табу жоқ жалғанда...»

Ал «Жырла да зарла, көңілім» Абайдың «Өзгеге, көңлім, тоярсың...» атты атақты өлеңіне айрықша жақын, ұқсас. Бұған көз жеткізу үшін екі өлеңді салыстырудың да қажеті жоқ. Өйткені, Абай өлеңі әркімге-ақ жақсы таныс. Сондықтан Күлеев өлеңінің кей шумағын келтіріп қаралық:

 «Жырла да зарла, көңілім,
Сел болып жасың төгілсін.
Есіткен ойдан баз кешіп,
Қамығып шында егілсін...
Жырла да зарла, көңілім,
Қалың қайғың қайнасын.
Қиялдың құсы егіліп.
Іштегі дертті айдасын...»

Абай өлеңіндегі сияқты мұнда да ақынның өз жерінен ем іздеуі, сол арқылы іштей жаңарып түлеуі, рухани медет табуы жайындағы тақырып жырланған. Әрине, осындай жекелеген өлеңдерінің Абай поэзиясымен тақырыптастығына, сарындастығына қарап Күлеевтің бүкіл шығармашылығын Абайдың реалистік дәстүрлерінің арнасында алып қарауға еш болмайды... Нармамбет пен Ғұмар Қарашев сияқты Бернияз Күлеев те Абай өлеңдерінің көркемдік формасын, әр алуан өрнегі мен өлшеуін қолданды.

Бөлісу: