3 Қыркүйек 2013, 08:49
6 қыркүйекте Отбасы күнін атап өту қарсаңында Конгресс-холлда «Қос жүректің лүпілі» атты концерт өтеді. Сахналық және отбасылық өмірде бірге жүретін жұптар - мерекелік бағдарламаның басты ерекшелігі болып табылады.
7 қыркүйекте Астана тұрғындары үшін қаладағы тіршіліктің өзекті мәселелері бойынша Ашық есік күні өтеді (Конгресс-холлда).
«Бұл күні елорда тұрғындары мен қонақтары қалалық мемлекеттік мекемелердің қызметтерімен, жоспарларымен танысып, өздерінің сұрақтарын қояды. Шара эскпозициялық-ақпараттық форматта өтеді, анықтамалық мәліметтер ғимарат ішінде стендтерде орналастырылады»,- делінген ақпаратта.
Осы күні «Дәулет» спорт кешенінде мемлекеттік қызметкерлердің отбасыларының арасында «Өнегелі отбасы байқауы» ұранымен спорттық эстафета өтеді. Іс-шара отбасылық құндылықтарды насихаттауға, отбасының оң имиджін және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, мәдени концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
Бұдан басқа, 2-8 қыркүйекте жетім, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін түрлі қайырымдылық акциялар өтеді.
Қалалық емханалар «Отбасы және денсаулық» акциясы аясында жас отбасыларды тегін қабылдайды, ірі сауда орындарында Отбасы Күніне орай халық тұтынатын тауарларға жеңілдіктер жасалып, «Арзан баға» акциясы ұйымдастырылады, ЖОО мен кәсіптік орта білім беру мекемелері студенттер арасында отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған дәрістер оқып, акциялар өткізеді. Сондай-ақ, Отбасы күніне орай елордада жартыжылдық мерейтойын атап өткен отбасыларды құттықтау, көп балалы отбасыларды марапаттау, әлеуметтік аз қамсыздандырылған және толық емес отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету ұйымдастырылады.