29 Тамыз 2013, 05:51
Жұмбақ айтысы. Айтыстардың ішінде ерекше орын алатын түрі – жұмбақ айтысы. Жұмбақ айтысы халықтың өмір, табиғат құбылысын білсем деген арман-тілегінің елесі. Алуан өмір құбылыстарын түсіну, білу, білмегендерді соған жетектеу, әсіресе жастардың ойсанасын кеңейту тілегінен туады. Сондықтан ұсақ нәрселерден бастап жұмбақ етіп, қиынға көшу, өзінше сол ойсананы өрістету, ойлауға дағдыландыруды мақсат етеді. Жұмбақтардың өзі сияқты, жұмбақ айтысы да ұйқасқа құрылады. "Жұмбағым жұтылды, ыққа қарап құтылды". Бұл – бастапқы қысқа түрі. Ал кілең өлеңмен келетін ұзақ түрлері – соңырақ туған әрі адам санасының марқайған кездегі түрі.
Жұмбақ айтыста кез келген ақын бел байлап айтысуға шыға алмайды. Бұл айтысқа түсу үшін, өз жанынан өлең шығара білу жеткіліксіз. Сонымен қатар ақын өмірдің барлық саласынан хабары бар, білімді адам болуы керек. Жұмбақ айтыста жұмбақ берушінің не нәрсені жұмбақ етемін десе де еркі бар. Өмірдің әр құбылысын алып, бейнелеу түрінде жұмбақ ете береді. Оны шешу үшін айтушының не нәрсені жұмбақ етіп отырғанын болжай білуі керек. Сондықтан жұмбақпен айтысушылар өте сирек кездеседі.
Жұмбақталатын нәрсенің көпшілігі шындық өмірден алынады. Ақындардың таланты, дүниетану шеңберінің көлеміне қарай, айтқан жұмбағының мағынасы кейде тайыз, кейде терең боп отырады. Кейбір жұмбақтардың шешуіне қарағанда, жасырушының да, шешушінің де әр алуан құбылыстарды көп білетіндігі таңғалдырады.
Жұмбақ айтысының ең жақсы үлгісінің бірі – Сапарғали мен Нұржан айтысы. Бұл айтыста екі ақын да білімділік, тапқырлық, өнерлілік танытқан. Сапарғали ауыл тіршілігінің қалыпты шындық болмысымен қатар, қазақ жерінің Ресейге қосылуына байланысты ел өміріне енген жаңалықтарды жұмбағына арқау етеді. Мысалы:
Сапарғали:
Бір құс бар қанат жайса дөп-дөңгелек,
Адамнан еш уақытта жүрмес бөлек,
Ұшырса, қондырса да еркі адамда
Шықпайды панаңыздан көлеңкелеп.
Н ұ р ж а н:
Мысалы жайса зонтик құс секілді,
Тетігі қолда болған іс секілді,
Жауса пана, күн шықса көлеңкесі,
Достығы бейне сіз бен біз секілді.
Сапарғали жұмбақтап отырған затының жеке детальдарын жақсы білген де, сол деректер арқылы затты жұмбақтаған. Жұмбақты айтушы Сапарғали да, оның шешушісі Нұржан да білгірлік танытқан, өнерлілік көрсеткен.
Жұмбақтау Әсет пен Рысжан, Қожахмет пен Әубәкір айтысында да кездеседі.
Адамды дүниетануға, өмірді көбірек білуге дағдыландырып, оның ойсанасын өрістетіп, қиялын шарықтатуда басқа айтыстан гөрі жұмбақ айтысының орны ерекше.