26 Тамыз 2013, 05:02
Бүкіләлемдік остеопорозды алдын ала емдеу күні. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен, Ұлыбританияның Ұлттық остеопороз қоғамының ұйымдастыруымен 1999 жылдан бастап аталып өтіледі.
Халықаралық авиадиспетчер күні. Амстердамда 1961 жылғы 20 қазанда авиация диспетчерлері ассоциацияларының Халықаралық федерациясы құрылды. Бұл оқиға әуе көлігін дамыту тарихындағы елеулі кезеңге айналып, енді ол нақ осы мерзімге - Халықаралық авиадиспетчер күніне орайластырылды, сөйтіп жаңа кәсіби мейрамның өмірге келуіне негіз болды.
1933 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің негізі қаланды. Білім ордасының ашылу салтанаты 1934 жылы қаңтардың 15-інде өтті. Алғашқы кезде университет құрамында физика-математика және биология факультеттері болды. Бүгінгі таңда республиканың беделді оқу орындарының бірі.
1956 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Қазақ КСР-ін тың және тыңайған жерді игерудегі жетістіктері үшін Ленин орденімен марапаттау туралы Жарлығы шықты.
1972 жылы О.Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернаты құрылды.
1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы деп жарияланды.
2000 жылы «Астанабасжоспар» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны өз жұмысын бастады.
2005 жылы Қарағандыда «Қарағанды облыстық экологиялық мұражайы» қоғамдық бірлестігінің жобасы бойынша голландық Hivos қайырымдылық қорының қаржылай қолдауымен жасалған Экологиялық мұражайдың ашылу рәсімі болды.
1934 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтының іргесі қаланды. Алғаш Семей мұғалімдер институты болып ашылған. 1937 жылдан педагогикалық институт болып өзгерген. Институтқа 1939 жылы Н.Крупская есімі, 1993 жылы Шәкәрім есімі берілген. 1996 жылдан Семейдегі басқа да жоғары оқу орындарымен Семей мемлекеттік университетіне біріктіріліп, 2004 жылдан қайтадан дербес жоғары оқу орны мәртебесін алды. Бүгінде институт қазақ және орыс тілдерінде барлық білім салаларынан педагогтар даярлайды. Институт құрамында Халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдары академиясының экологиялық орталығы, М.Қозыбаев атындағы Тарихи зерттеулер ғылыми орталығы, Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді.
2005 жылы Таразда Жастар гүлзары ашылды. Гүлзардың қақ ортасында қол бастаған Қойгелді батырдың ескерткіші тұр. Батыр бабаның ескерткішін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашқан болатын. Қолбасшы мүсінінің айналасында Қазақстан мен Қырғызстан мемлекетінің басшылары еккен қарағайлар өсіп тұр. «ӘулиеАта» университетінің студенттері гүлзарды өз қамқорлықтарына алып отыр. Аталмыш жоғары оқу орнының студенттері қалалық онамастика комиссиясына осы жерді Жастар гүлзары деп атау туралы ұсыныс жасаған болатын. Қаланың басшылары жастардың ұсынысына қолдау көрсетті.
2007 жылы Мәскеуде ШЫҰ Жастар қауымдастығын құру жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Ұйымдастырушысы - бүкілресейлік қоғамдық ұйым «Ресейдің жастар одағы» және РФ Сыртқы істер министрлігімен бірге Қоғамдық жастар палатасы, РФ Президентінің Әкімшілігі және РФ Федеральды жиналыстың Федерация Кеңесі және Мемлекеттік дума.
Ресей тарабы 2007 жылдың мамырында Бейжіңде өткен ШЫҰ мемлекет басшыларының кездесуінде Қауымдастықты құру тұжырымдамасын ұсынған болатын.
2009 жылы Жаңғыртылған «Қазақ елі» монументі салтанаты түрде ашылды.
Негізгі өзгерістер тұғыр граниттің төрт қабырғасына жасалған. Олардың әрқайсысына көлемі 3,7х6,9 метрлік қоладан құйылған бедербейнелер (барельеф) жасалған. Алғашқысы «Халық және Президент» деп аталады. Қазақстан тәуелсіздік алып, егемен ел болғанына 20 жылға жуықтаған жас мемлекет, сондықтан барлық композиция адам бейнесін бедерлеу арқылы жасалған. Оның орталық бейнесі Қазақстан тәуелсіздігінің символы - Бірінші Президент. Осыған орай бедербейненің басты фронтонында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституцияның үстіне қолын қойып, ант беріп тұрған сәті бедерленді. Бұл - біздің тәуелсіз, демократиялық елімізде заңның үстемдік құратынын айғақтайтын нышан. Президенттің ту сыртында Қазақстан халқын бедерлейтін адамдардың сұлбасы бейнеленген. Ал монументтің оң жағындағы келесі бедербейне - «Қаһармандық» деп аталады. Онда Отан қорғау қазақ ұлтының ежелден басты және қасиетті құндылықтарының бірі болғанын көрсететін образдар шоғырланған. Ерлік пен елдікке үндеген жыраудың, ат үстіндегі ел қорғаған сарбаздың және қолында автоматы бар жауынгердің елдің шебін күзеткен бейнелері орналастырылған. Ал монументтің батыс жақ бетінде орналастырылған «Жасампаздық» бедербейнесінде халқымыздың көшпелі дәуірден ғарышқа ұшқанға дейінгі жолы көрсетілген. Осы бөлікте жоба авторлары металлург пен мұнайшы, инженер мен диқан, құрылысшы мен ғарышкер бет-бейнесі арқылы негізгі лейтмотив болып табылатын жасампаз адамдар арқылы мемлекет қуатын көрсетуге ұмтылған. Монументтің шығыс жағындағы соңғы бедербейне «Болашақ» деп аталады. Онда тәуелсіз елде өсіп, өз тағдырларын өздері жасап, ғылымда, мәдениетте, спортта үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқан қазақстандық жастардың көңілді шақтары нақышталған. Бұл бедербейненің бір ерекшелігі композицияның ортасында жас отбасы бітімі сомдалған. Ол отбасы құндылығын бейнелеп, қазақстандық қоғамның негізі болып табылатын отбасы мен неке институтын нығайтуға шақырады. Осы идеялардың бәрі «Бірлік» атты мүсіндік композициямен түйінделіп, Қазақстан халқының тәуелсіздік алғандағы шаттанған сезімдерін бейнелеген. Тәуелсіздік жолындағы қазақ халқының тарихындағы трагедиялық сәттердің аз болмағанын, дегенмен бостандыққа жету қуанышты, мерейлі кезең екендігін көрсетеді. Сондықтан барлық бедербейнелік желі Тәуелсіздік алған жалпыхалықтық шаттықты сипаттайды.