23 Тамыз 2013, 12:17
«KazSport» телеарнасы спорт комментаторларына байқау жариялап отыр. Кастингке спорттан жан-жақты хабары бар, сөзге ұста журналистер қатыса алады.
«KazSport» телеарнасының директоры Диас Ахметшәріптің айтуынша, кастингке жігіттер мен қатар қыздар да бақтарын сынай алады.
«Меніңше, бізге нәзікжанды комментаторлардың санын арттыру керек. Қазақстанда спорт комментаторлары тапшы. Біз осы зәруліктен құтыла алмай отырмыз. Десек те, мықты мамандардан кенде емеспіз. Тимур Сүлейменов «Тур де Франс» веложарысының жілігін жарып, майын ішіп жүр. Ғалым Сүлеймен өз ісінің хас шебері ретінде танылған. Каратэден еліміздің абсолютті чемпионы Индира Бектенова бүгінде комментаторлық қырымен ерекше көзге түсіп келеді.
Естеріңізде болса, «KazSport» телеарнасы осы жылдың шілде айында ашылған болатын. Телеарнада көрсетілетін хабарлардың 70%-ы тікелей трансляциялардан тұрады. Эфирдің 20%-ы жаңалықтармен толтырылса, 10%-ын деректі фильмдер жабады. Ақпарат мемлекеттік және ресми тілдерде тең дәрежеде таратылып келеді.
Индира БАЙҚОНЫСОВА