23 Тамыз 2013, 09:43
Африканың индустриализация күні. Африка өнеркәсібі дамуының екінші онжылдығы (1989 жылғы желтоқсанның 22-дегі қарар) шеңберінде БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған.
Дүниежүзілік балалар күні. 1954 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы бүкіл әлемде балалардың аман-саулығын қамтамасыз етуге бағытталған игі іс-қимылдарға арналған балалардың бүкіләлемдік бауырластығы пен өзара түсіністігі күні ретінде «Дүниежүзілік балалар күнін» мерекелеу үрдісін барлық елдерде енгізуді ұсынды. Қарашаның 20-сы - Бас ассамблеяның 1959 жылы Балалар құқы декларациясын, ал 1989 жылы - Балалар құқы Конвенциясын қабылдауымен ерекшеленеді.
Мексикада Революция күні. Революция күніне - 1910 жылғы 20 қарашада, Мексика тәуелсіздігінің 100 жылдығын мерекелеу бойынша салтанаттар өткен соң, Франциско Мадеро бастаған Диас режиміне қарсы қарулы қақтығыстар басталған күнге орайластырылған.
1923 жылы күн сайын шығып тұратын, Қырғыз РКП, Қырғыз бюросы және Орынбор губерниялық комитетінің органы ретінде «Советская степь» газеті жарыққа шықты. Бас редакторы Л.Хейфец болды.
1998 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан халықаралық ғарыш стансасының алғашқы модулі ұшырылды.
1963 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы нәсілдік кемсітулердің барлық түрін жою туралы декларация қабылдады.
2004 жылы Павлодарда қазақ тілін үйрететін тегін жексенбілік мектеп ашылды.
2006 жылы Оралда Альфред Шнитке атындағы Саратов облыстық филармониясының «Волга-Бэнд» үрлемелі аспаптар концерттік оркестрі өнерін көрсетті. Концерт М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өтті. Шығармашылық ұжымға Саратов консерваториясының профессоры, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері Анатолий Селянин жетекшілік етеді. Сахнада сондай-ақ танымал жеке орындаушы, «Славян базары» фестивалінің лауреаты Ирина Левина өз өнерін паш етті.
2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана-Бурабай» автомагистраль құрылысының аяқталуына байланысты салтанатты рәсімге қатысты.
Ұзындығы 224 шақырым болатын еліміздегі алғашқы үлкен жылдамдықты Астана-Бурабай автомагистралінің құрылысы 2006 жылы басталған болатын. Алты жолақты жаңа жол техникалық санаты 1-А параметрлеріне сәйкес келеді. Жолдың есепті жылдамдығы сағатына 150 шақырымды құрайды. Таратылған мәліметтерге қарағанда жобаның құны 115 млрд. теңгеге жуық қаржы көлемінде. Жобаны жүзеге асыруға 5 жол-құрылыс компаниялары қатысты. Нысандағы жұмыстарға 1,4 мың дана техника және 3,5 мың адам жұмылдырылды. Олардың 500-і шетел адамдары. Қазіргі уақытта Астана-Бурабай жолында жобаны жүзеге асыру бойынша барлық жұмыстар толық аяқталған. Жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету, пайдаланушы қызмет тарапынан жағдайды шапшаң бақылау және жүргізушілерге үнемі хабарлап тұру мақсатында аталған жолда ауа райы мен жол қозғалысы жағдайын бақылайтын жүйемен қамтылған соңғы буынды зияткерлік-электронды жабдықтар орнатылатын болады.
«ҚазАқпарат»