23 Тамыз 2013, 09:32
Соғыс және қарулы қақтығыстар кезінде қоршаған ортаны пайдаланудан сақтаудың халықаралық күні.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 2001 жылғы қарашаның 5-індегі 56/4 қарары бойынша атап өтіледі. Бұл шешімді қабылдауда БҰҰ қарулы қақтығыстардың қоршаған ортаға тигізетін кері әсері ұзақ уақытқа дейін экожүйе мен табиғи ресурстарға зиянын тигізетінін негізге алды.
Татарстан Республикасының мемлекеттік мейрамы - Конституция күні (1992).
РФ сот приставтарының күні. РФ-ның «Сот приставтары туралы» Заң күшіне енген 1997 жылдың 6 қарашасынан аталып өтеді.
Финляндиядағы швед мәдениеті күні. Ту күні (заңдылықтармен бекітілген орындарда мемлекеттік ту көтерілетін мейрамдар мен еске алу күндері) 1908 жылдан Швеция мен швед мәдениетіне арналып белгіленген және кеңінен аталып өтеді.
2007 жылы Каир қаласында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мысыр Араб Республикасының Үкіметі арасында Каир қаласында Бейбарыс сұлтанның мешітін қалпына келтіру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге» қол қойылды.
Бұл құжаттың негізінде Қазақстан, XIII ғасырда салынған нысандардың бастысы және ортағасырлық сәулет өнерінің жауһар ескерткіші саналатын бұл мешітті қалпына келтіруге 4,5 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөліп отыр.
2009 жылы Алматыда «Өрлеу» балет жас әртістерінің театры ашылды. Театр А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищенің 75 жылдығына орай ашылған.
2009 жылы Астанада саясаткер әйелдердің клубы ашылды.
Клубтың тұрақты мүшелері - Парламент депутаттары, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы әйелдер мен отбасы демографиялық саясаты жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері кірді.
2009 жылы Қостанайда Тобыл өзенінен өтетін жаңа көпір салтанатты түрде ашылды.
Қысқа мерзімде салынып біткен көпірдің құрылысына 331 млн. қаржы жұмсалған. Жүретін жолдың ені - 11,5 метр, және екі жаяу жүріп өтетін жолдың ені - 1,5 метр. Көпірдің жақындау жолының ұзындығы - 710 метр. Көпірдің құрылысы енді Ресей Федерациясымен байланысып жатқан жолда жыл бойы тоқтаусыз транзиттік қозғалыспен қамтамасыз етеді.
2007 жылы Мұражай ісінің ардагері және өлкетанушы Эрнест Соколкиннің «Павлодар көшелері» деп аталған кітабы жарық көрді.
Өзінің анықтамалық кітабы үшін материалдарды зерттеуші ондаған жылдар бойы жинаған екен. Кітап қала құрылысының осыдан бір жарым ғасыр бұрынғы, о бастағы Коряковка казактар станицасының құрылыс жобасынан бастап, бүгінгі кезеңге дейінгі уақытын қамтиды. Кезінде құрылысы небәрі 30 көшеден тұратын Павлодарда бүгінде үш жүзден астам көше бар. Әр көшенің өз тарихы бар, олардың кейбіреуілерінің атаулары ел тарихындағы дәуірлік кезеңдерге байланысты өзгеріп отырған. Павлодардың негізгі көшесі 1920 жылдары Троцкийдің атына ие болса, кейіннен Дзержинский атындағы көше болып атын өзгерткен. Ал ол көше бүгінде Қазақстанның тұңғыш академигі, осы өлкенің түлегі Қаныш Сәтбаевтың атында.