22 Тамыз 2013, 11:18
Сауд Арабстаны Корольдігінің Мемлекеттік мейрамы - Корольдіктің жарияланған күні (1932).
Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабстаны арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1994 жылғы сәуірдің 30-ында орнатылды. Қазақстан Республикасының Сауд Арабстаны Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елші - Лама Шариф Қайрат Қайырбекұлы.
1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Колумбия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
1994 жылы Ақмола университетіне Сәкен Сейфуллин есімі берілді.
2004 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Афиныда өткен XXVIII жазғы Олимпиада ойындары жүлдегерлерімен кездесіп, мемлекеттік наградалар табыс етті.
Бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев 1-інші дәрежелі «Барыс» орденімен, Олимпиаданың күміс жүлдегерлері - грек-рим күресінің палуаны Георгий Цурцумиа, боксшы Геннадий Головкин, еркін күрес палуаны Геннадий Лалиев, ауыр атлет Сергей Филимонов «Құрмет» орденімен, қола жүлдегерлер - жеңіл атлет-онсайысшы Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов, грек-рим күресінің палуаны Мкхитар Манукян «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Олимпиада жеңімпазы мен жүлдегерлерін дайындаған жаттықтырушылар - Н.Ақүрпеков, К.Ғалымтаев, Л.Дон, Ю.Мельниченко, Т.Сайханов және В.Карповқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Қазақстан спортшылары Олимпиада ойындарынан бір алтын, төрт күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Командалық есеп бойынша Қазақстан қырқыншы орынға табан тіреді.
1993 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары Орта Азияда Экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қойды.
2005 жылы Павлодарлық Тарас Шевченко атындағы Украина мәдениет серіктестігінде республикадағы бірінші украин-қазақ сөздігінің тұсаукесер рәсімі болды.
Сөздік украина диаспорасының оқушыларына өз тілін және мемлекеттік тілді үйренуге көмек көрсетеді. Басылымның тиражы үш мың дана.
2005 жылы Ақтөбеде Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешені ашылды.
Қоладан құйылған Әлияның бейнесі гранит тұғырға орнатылған. Ескерткіштің екі жағындағы гранит бедерлерге сақ дәуірінен бастап қазіргі кезеңге дейінгі қазақ тарихы бейнеленген. Мемориал авторлары - белгілі мүсіншілер Бақытжан Әбішев пен Ескен Серғабаев.
2009 жылы Қазақстанның шайбалы хоккей федерациясы өзінің ресми сайтын - www.icehockey.kz. іске қосты.
2009 жылы Талдықорғанда Қабанбай батыр ескерткіші салтанатты түрде ашылды.
Жетісу жерінде тұрып жатқан батырдың ұрпақтары «Дарабоз» қоғамдық-мәдениет қорын құрып, бірнеше қайырымдылық акцияларын жасау нәтижесінде ескерткіштің құрылысына қаражат жиналып отыр.
Ескерткіш қоладан құйылған, биіктігі 11 метр. Мүсінші-архитектор - Болат Құсайынов, жобалаушы - Бердібек Шігербаев.
Қаракерей Қабанбай (1691-1769) - қазақ батыры, жоңғарларға қарсы азаттық соғыстың даңқты қаһармандарының бірі. Аңырақай-Алакөл шайқасына, кейін Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының бірі болған.